
Көзіқарақты оқырман хабардар шығар, Әлкей Хақанұлының түп-тұқияны атақты Олжабай батырға барып тіреледі. Шежіре тізбегіне үңілсек: Олжабай – Дулат – Марғұлан – Хақан – Әлкей деп келеді. Әлкей жас кезінен жақсыға жақын жүріпті. Айталық, 1919 жылы 15 жасында жалынды ақын Сұлтанмахмұт Торайғыровқа жолығып, ол кісінің тәлімін тыңдайды. «Сұлтанмахмұт ақын маған қайткен күнде гуманитарлық оқу оқып, ғылым биігіне құлаш серме» деп өсиет айтты дейді өзі. Оның сыртында Әлекең 1926 жылы атақты Мәшһүр Жүсіпке де жолығып, ғұлама қарияның батасын алған санаулы жанның бірі. Бертінде осы кездесу жайлы Әлкей Хақанұлы: «Мәшекеңнің туған халқының әдебиеті мен фольклорын, тарихын шексіз білетініне, Шығыс елдерінің тарихына да жетік екеніне куә болдым. Ол кісіден Абылай хан, Бұқар жырау жөнінде қызықты хикаялар тыңдап, оның түпсіз терең біліміне қайран қалдым» деген екен («Әлкей Марғұлан туралы естеліктер» //Құраст. Д.Ә.Марғұлан., Д.А.Марғұлан. – Алматы: «Білім», 2004. 57-б).
Есейе келе бұл кісі 1914 жылы 10 жасында Шідертіде Хәкім Иманбеков ашқан орыс мектебінде оқып қара таниды. 1916 жылы орыс инженерге ілесіп кетіп Ірбіт қаласы маңында теміржол құрылысында жұмыс істейді. 1920 жылы Мәшһүр Жүсіптің Әмен деген баласына еріп Керекудегі бір жылдық мұғалімдік курсқа барып, атақты әнші Майра Уәлиқызының үйінде тұрып оқиды. Келесі жылы Әбікей Сәтбаевтың нұсқауымен Семей педтехникумына оқуға түседі.
Семейде педагогикалық техникумның үшінші курсында жүріп қазақ әдебиетінен садақ беретін жас ұстаз Мұхтар Әуезовтің ақылымен Ленинградқа оқуға барады. Бұл туралы өзінің естелігінде: «Әдебиетке, фольклорды зерттеуге деген құмарлық жетелеп, сол жылы Күншығыс институтының түркология факультетіне түстім. Онымен қоса Ленинград университетінің қоғамдық ғылымдар факультетінің Шығыс бөлімінде тыңдаушы болып тіркелдім» деп жазады Әлекең.
Әлкей Хақанұлының көзі тірісінде көкейінен кетпейтін терең мұңы бар екен. Бұл туралы жарықтық алғаш рет 80 жылдық мерейтойы қарсаңында «Лениншіл жас» газетінің 1984 жылғы 11 мамыр күнгі №9 санында «Кең ойдың кемел биігі» атты тақырыппен жарияланған журналшы Жарылқап Бейсенбайұлына берген сұхбатында алғаш айтыпты.
Мұңлы оқиға 1931 жылы болыпты. Бұл қазақ даласын аштық жайлап, қара халық қара шыбындай қырылып жатқан кез. Әлкейдің туған елі Баянауылдың халқы жан-жаққа босып кеткен. Ғалымның елде қалған анасы Нұриланы Қарағандыда шахтада істейтін жалғыз інісі іздеп келеді. Мақсаты – апайын аштықтың аранынан аман алып қалу. Інісінің етегінен ұстап, қаланы бетке алған кейуана дүние-мүкамәлдің бәрін тастап, ұлы бабасы Олжабайдан қалған құнды мұраларды шүберекке орап арқалап алады.
Әлекең газет тілшісі Ж.Бейсенбайұлына берген сұхбатында: «Біздің үйде Олжабай батыр бабадан қалған мұралар: шарайна, алтын балдақ, бүкір қылыш, дулыға, т.б. дүниені әбдіреде сақтап ұстайтын. Кейін бұлар Омбы музейіне тапсырылды. Үйде қалғандары: жібектен жасалған ұзындығы 1,5 метр, көлденеңі 70 см сарыала ту, ойрат ханы Ғалдан-Шерінің Олжекеңе тартқан үш жарлығы, жай шақыратын жұмыр қара тас болды. Тағы бір ғажайып құнды дүние Олжекең өзі қатысқан шайқастары жайлы жазылған «Қара кітабы». Оның ішінде Абылайдың, Бөгенбайдың, Қазыбектің, Амурсананың аттары кездесетін. Өкініштісі осы мұралардан кейін айырылып қалдық» деп жан тебірентерлік терең мұңын айтыпты.
«Әлекеңнің терең мұңайғаны соншалық, сексеннің сеңгіріне шығып, өлімнен басқаның бәрін басынан кешірген қарияның жүзі ондаған ғасыр сайын далада күннің көзіне күйіп, оңып кеткен көне түркінің балбал тасындай сұрланып көрінді» дейді Жарылқап аға.
Жоғарыдағы құнды мұрадан қалай айырылғаны хақында айтар болсақ, Нұрила апамыз Қарағандыға жетпей қу далада жан тапсырған. Інісі оны қолындағы құнды бұйым түйілген түйіншегімен бірге жерлеп, жөніне кеткен. 1935 жылы Ленинградтан оқу бітіріп келген Әлекең қу даланы кезіп анасы жерленген жерді өле-өлгенше іздеген. Өкініштісі таппаған. Марғұланның мұңы осы екен.