Қоғам • 25 Қазан, 2024

«Алтын бесік» әдептілікке тәрбиелейді

318 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Әулиекөл ауылында 280 балаға арналған заманауи балабақша пайдалануға берілді. Кезінде ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы мұғалімдік қызмет атқарып, бала оқытқан шежірелі мекенде халық санының өсімі жоғары. Бұған дейін мұндағы екі балабақша ауыл балаларын сыйдыра алмай, тұрғындар ұзын-сонар кезек күтуге мәжбүр болып келген. Ел қуанышын еселеген үлкен балабақшаға аудандық білім бөлімінде кезекте тұрған балалар түгелдей қабылданды.

«Алтын бесік» әдептілікке тәрбиелейді

«Алтын бесік» аталған тәрбие ошағының ашылу рәсіміне облыс әкімі Құмар Ақсақалов пен «Халық» қорының басқарушы директоры Нариман Әбілшайықов қатысты. Салтанатты жиында жаңа үлгідегі мектепке дейінгі білім нысанының бой көтеруі – игі істі жұмыла көтеріскен мемлекет пен аталған қордың, жер­гілікті белсенді қауымдастық өкіл­дерінің бірлескен күш-жігерінің нәтижесі екені айтылды.

«Халық» қайырымдылық қоры іші-сырты келіскен үш қа­батты балабақшаның құ­ры­лысына 1,3 млрд теңге жұм­саған. Сондай-ақ 57 млн теңге қаржыға ғимаратты түгелдей жабдықтап шыққан. Ал әкімдік облыс қазынасынан 500 млн теңге қосымша қаржы шығарып, жаңа нысанның айналасын абаттандырып берген.

па

«Бүгін біз мынадай үлкен балабақшаны ашып жатырмыз. Осы орайда балабақшаға қа­был­данған кішкентай бөбек­теріміз бүтіндей бір жаңа әлемге еніп, жаңа өмір бастайты­нын да айта кету керек. Бұл – хал­ық игілігіне, ел болашағына салын­ған инвестиция. «Алтын бесік» ба­лабақшасы көптеген ақылды, та­­лантты, бақытты баланы тәр­­биелеп шығаратынына сенім­дімін», деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Ауданы 4202 шаршы метр, үш қабатты жаңа балабақшаға 1 жас­тан 5 жасқа дейінгі балалар барады. Мектепке дейінгі білім мен тәрбие мекемесінде балалардың үйлесімді дамуы үшін барлық жағ­дай жасалған: кең ойын залы, жатын бөлмелері, музыка, спорт залдары, медициналық кабинет, сондай-ақ қосымша са­бақтарға арналған сыныптар бар. Мұнда қазақ, орыс тілінде тәрбие беретін он екі топ жұмыс істейді.

Әулиекөл ауылының тұр­ғыны, көпбалалы ана Ырысты Жансүгірова балаларын қазақ тобына беріпті. «Ұлттық мерекеміз – Республика күні қарсаңында үлкен қуанышқа кенеліп жатырмыз. Қай ата-ана болсын, кішкентай құлыншағының жақсы балабақшада сапалы тәрбие алып, мектепке дейін қатардан қалмай ширап, жетілгенін қа­лайды. Бүгін сол арманымыз орындалып, қолымыз ұзарып жатыр. Жаңа ішіне кіріп, бәрін аралап, өз көзімізбен көріп шықтық, нақ ертегідегідей, балаға керектің бәрі бар. Ауылға осындай заманауи балабақша салып берген ел азаматтарына алғысым шексіз. Өте қуаныштымын», дейді көпбалалы ана.

Балабақша аумағы абаттан­дырылған, заманауи балалар алаңы, спорт алаңдары бар. Әсем ғимарат бейнебақылау жүйе­сімен, өртке қарсы дабыл көтергіш құрылғымен жабдықталған.

Дәл осы күні Қостанай қала­сының іргесіндегі Мичурин ауы­лында да мемлекет пен жеке меншік иесінің серіктестігі аясында жаңа балабақша есігін айқара ашты. «Еркетай» деп аталатын бұл мектепке дейінгі білім мекемесіне «Электрондық балабақша – Индиго» ақпараттық жүйесі арқылы кезекте тұрған 1 жастан 5 жасқа дейінгі 100 бала қабылданды.

 

Қостанай облысы