Қоғам • 25 Қазан, 2024

Рухани дәнекерлерге құрмет

242 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қостанайдағы «IQostanay» оқушылар сарайында Кітапханашы күніне арналған салтанатты жиын өтті. Іс-шара барысында көпшілік оқырманға қашанда қалтқысыз қызмет көрсетуден айнымаған қарапайым жандардың ерен еңбегі ұлықталып, отыздан астам кітапханашыға түрлі деңгейдегі марапаттар табыс етілді.

Рухани дәнекерлерге құрмет

Мерекелік жиында сала қызмет­керлерін облыс басшылары, өңір зиялылары, ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшылары құттықтады. Мысалы, ауыл кітапханасының өткені мен бүгіні туралы біраз мәселенің басын қайырған белгілі диқан Ибраш Естаев өз ойын «сіздер менің егін егіп, бидай орғанымнан жүз есе артық, мың есе сауапты іс атқарып жатырсыздар», деп түйіндеді.

Облыс әкімінің орынбасары Ринат Мұха­метқалиев Кітапханашы күні еліміздің ең ұлық ұлттық мерекесі Республика күні қарса­ңын­да келуін жақсылыққа жорып, кітап­хананың ел өміріндегі маңызы зор екеніне тоқталды.

«Заманымыздың заңғар қаламгері, мемлекет қайраткері, ойшыл жазушы Әбіш Кекілбайұлының «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» деген қанатты сөзі – кітапхананың қаншалықты маңызды екенін айшықтап тұр. Кітапхана қашанда мәдени-рухани іс-шаралар жиі ұйымдастырылатын руханият ордасы. Демек, кітапханашыларды қоғамның рухани дәнекері десек те болады. Бүгінде өңірдің мәдениет және білім саласында 1252 кітапханашы жұмыс істейді. Құрметті кітапхана қызметкерлері! Кәсіби білік-білімдеріңізді тынбай жетілдіріп, осы бағытта атқарып келе жатқан үздіксіз ізденістеріңізге табыс тілеймін», деді Ринат Зәкиұлы.

Мерекелік жиынға ардагер кітапханашылар да арнайы қатысып, кейінгі буынға деген ізгі тілектерін арнады.

«Күн сайын сегіз сағат бойы көз майы­н тауысып, кітаппен, оқырманмен жұмыс іс­теу оңай емес. Кітапханашының еңбегі – көзге көрінбейтін жұмыс. Келген кітапты түптеу, шифрлау, электронды каталогке салу, оқырманға жеткізу, күнделікті газет-журналдың бетіндегі осы оқырманға керек болып қалады-ау деген материалдарды жиып-теріп, оның электрондық және карточкалық нұсқасын жасап отыру адамнан, әрине, үлкен төзімді талап етеді. Сондықтан өз ісіне шындап беріле алмаған адам кітапханада көп тұрақтай алмайды. Ал бүгінгі іс-шараға жиналғандардың дені осы қаладағы, сонау шалғай түпкірдегі ауыл кітапханаларында талай жылдан бері адал еңбек етіп келе жатқан мамандар. Олардың ішінде менің шәкірттерім де жүр», дейді Гүлжамерия Ғалиасқарқызы.

Салтанатты іс-шара барысында 5 кітап­ханашы «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен, он шақты кітапханашы Мәде­ниет және ақпарат министрлігінің Құрмет грамотасымен және Алғысхатымен марапатталды.

Мерекелік кеште Л.Толстой атындағы облыстық кітапхана өткізген «Үздік жас кітапханашы» байқауының қорытындысы жарияланып, жеңімпаздарға арнайы дипломдар табыс етілді.

 

Қостанай облысы