Театр • 25 Қазан, 2024

Сәкен театрының Сербиядағы олжасы

326 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазан айында Сербияның Крагуевац қаласында «Joakimfest» XIX халықаралық театр фестивалі өткен еді. Фестивальға елімізден шақырылған С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық Қазақ драма театры «Үздік актерлік ансамбль» арнайы сыйлығын олжалап келді.

Сәкен театрының Сербиядағы олжасы

Сәкен театры сербтерге әйгілі жазушы-драматург Оралхан Бөкейдің «Атаукере» драмасын алып барды. Мұны сахналаған режиссер – Айдын Салбан.

Joakimfest XIX халық­аралық фестивальдың қа­зылар алқасы театр әртіс­те­рінің шеберлігіне тамсанып, оны жоғары бағалап, «Үздік ак­терлік ансамбль» деген сый­лықпен марапаттады.

Жан-жақтан келген театр­лардың өнеріне театр сыншысы, театртанушы, драматург Александр Ми­ло­савлевич (Сербия), театр режиссері және Белградтағы Өнер институтының драма өнері факультетінің оқы­тушысы Ивана Вуич (Сербия), актер және театртанушы Миролюб Миятович (Босния, Герцоговина) секілді өнер майталмандары баға берді.

– Басында жазушы-драматург Оралхан Бөкейдің терең философиялық ой­ға құ­рылған «Атаукере» шығармасы бойынша инс­ценировкасын режиссер Айдын Салбанның өзі жа­саған қойылымымызды сербтер қалай түсінер екен деген қобалжудың болғаны рас. Дегенмен, сахнаның жоғарғы жақ маңдайында серб тіліне аударылған титр қатар бері­ліп отырғанда, залда шы­бынның ызыңы естілердей тыныштық орнады. Екі сағат 10 минутқа жалғасқан спектакль аяқталғанша, ешкім орнынан қозғалған жоқ. Қойылым біткенде көрермендердің көңіл күйі олардың дүркіретіп қол соқ­қандарынан айқын аңға­рылды. Ұлттық музыкамыз, әсіресе домбыраның қоңыр үні мен әртістеріміздің ойы­ны қатты ұнағанын айтты сербиялық көрермендер, – дейді театрдың баспасөз қыз­меткері Сағат Батырханқызы.

Білуімізше, бұл театр фес­тивалінің Сербияда беделі зор. Оның негізі сонау XIX ғасырдың екінші ширегінде қаланған. Сербияға театр әкелген Йоаким Вуйч­тың атымен аталған. Фести­валь бастау алғалы бері Кра­гуевац қаласына әлемнің 25 мем­лекетінен театр ұжымдары келіп, 150-ге жуық қойылым қойыпты.

 

Қарағанды облысы