Мереке аясында ашылған нысандар өңір тұрғындарының өмір сапасын арттыруға бағытталған. Атап айтар болсақ, ұлттық мерекеге орай Еңбекшіқазақ ауданы Ащысай ауылында 150 адамға арналған жаңа спорт кешені іске қосылды.
Сондай-ақ Райымбек ауданы Жамбыл ауылында 180 орындық жаңартылған мәдениет үйі жұмысын бастады, бұл тұрғындарға мәдени іс-шаралар ұйымдастырып, таланттарын дамытуға мүмкіндік бермек.
Өңірдің Ақдала мен Көмірші елді мекендерінде фельдшерлік-акушерлік және медициналық пункттер ашылып, медициналық қызметтердің қолжетімділігін жақсартуға қадам жасалды.
Халық тығыз шоғырланған Қарасай ауданында 60 отбасы «Қарлығаш» тұрғын үй кешенінен жаңа пәтерлердің кілтін алып, ұлан-асыр қуанышқа кенелді. Пәтер иелері мерекеде қоныстой жасап, шат-шадыман болды.
Ал мегаполиспен іргелес Іле, Талғар аудандарында және Алатау қаласында блокті-модульдік қазандықтар іске қосылып, көпқабатты тұрғын үй иелерінің көптен күткен қуанышын еселеді.
Мерейлі мереке қарсаңында Қонаев қаласында салтанатты жиын өтіп, оған елдің дамуына елеулі үлес қосқан ардагерлер мен құрметті азаматтар қатысты.
«Бұл жыл біз үшін айрықша маңызды болды. 2024 жылдың алғашқы тоғыз айында облысқа 615 миллиард теңге инвестиция тартылып, бұл өткен жылмен салыстырғанда 32,8%-ға өсті. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 1,4 триллион теңгеге жетсе, ауыл шаруашылығы өнімдері 480,6 миллиард теңгеге жетіп, 1,9%-ға өсті. Сонымен қатар 777,1 мың шаршы метр жаңа тұрғын үй пайдалануға берілді, құрылыс жұмыстарының жалпы көлемі 243,8 миллиард теңгеге тең болды. Жыл басынан бері 45 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды, бұл тұрғындардың әл-ауқатын арттырудың маңызды көрсеткіші. Біз дұрыс бағытта келе жатырмыз, және бірлесе отырып, бұдан да үлкен жетістіктерге қол жеткіземіз», деді Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев.
Салтанатты шарада облыстың дамуына үлес қосқан 30-дан астам азамат мемлекеттік наградалармен марапатталды. Олардың қатарында түрлі сала өкілдері бар.