АЛМАТЫ.16 маусым. Қазақ Хандығының 550 жылдық мерейтойы аясында жастар мен партия белсенділеріне тарихи-мәдени ескерткіштерімізді таныту және халық арасында ұлттық құндылықтарымызды насихаттау мақсатында «Нұр Отан» партиясы Әуезов аудандық филиалы тарихи орындарға саяхат ұйымдастырды. Іс-шараны аудан әкімінің орынбасары Архат Омаров ашып, тарихи-мәдени ескерткіштерді тамашалауға шыққан жұртшылыққа сәт-сапар тіледі. Бұл туралы egemen.kz хабарлады.
Қазақ Хандығының 550 жылдығына орай ұйымдастырылған бұл іс-шара халықтың ұлттық санасын қалыптастыруды, төл тарихымыз бен мәдени ескерткіштерімізге құрметпен қарауды, тарихи-мәдени мұраларымызды дәріптеуді мақсат тұтты. Оған «Нұр Отан» партиясының бастауыш партия ұйымдарының өкілдері, жергілікті атқарушы органдардың, «Жас Отан» жастар қанатының белсенділері, журналистер мен өлкетанушылар қатысты.
Тарихи ескерткіштерге тағзым етуді көздеген «нұротандықтар» Қарасай ауданында болып Наурызбай батыр ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.
Батыр баба ескерткішінің басында жорыққа қатысушы партия белсенділерін Қарасай аудандық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейбіт Төлеген, Қарасай аудандық мәслихат хатшысы Еділ Қалиев және Елбасының ұстазы Сейітхан Исаев ерекше ықыласпен қарсы алды. 96 жастағы қарт ұстаз Сейітхан Ахметұлының алматылық партия белсенділеріне ақжол тілеген батасы мен мағыналы, мәнді сөздері әсерлі шықты. Бұдан кейін Қарасай ауданындағы «нұротандықтар» әріптестерін Қаскелең қаласының орталығындағы Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне арналған ескерткіш пен мәңгілік алауға бастады. Ол жерде Отан үшін от кешкендер еске алынып, ардагерлер ескерткіштеріне гүл шоқтары қойылды. Қазақстанның Тұңғыш Президентінің мұражайында болды. Мұражай директоры Мәриям Мұсатайқызы өлке тарихынан сыр шертсе, Елбасының ұстазы Сейітхан Ахметұлы Нұрсұлтан Назарбаевтың жастық шағы туралы әңгімелеп берді.
Бұдан кейін тарихи-мәдени жорық Жамбыл ауданында жалғасты. Ұзынағаш ауылында жорыққа қатысушыларды Жамбыл аудандық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жұмабек Шажабаев қарсы алды. Аудан орталығындағы Сүйінбай Аронұлы мен Қарасай батырдың, Жамбыл ауылындағы Жамбыл Жабаев пен Халық Қаһарманы, әйгілі сазгер Нұрғиса Тілендиевтің ескерткіштеріне гүл шоқтары қойылды. Екі ортада Үш Қоңыр орта мектебінің ардагер ұстазы, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің бұрынғы мұғалімі, Білім беру ісінің үздігі Ақлима Көсемованың өз еңбегімен ашқан «Президент әлемі» мұражайы да тамашаланды. Елбасы туралы екі кітап жазған, жүзінде нұр ойнаған Ақлима апай Ұлт көшбасшысының ұстаздары мен өмірбаяны туралы елжірей әңгімеледі. Қонақтар Сүйінбай Аронұлының мұражайында ежелгі Сақ, Ғұн, одан бергі Түркі Қағанаты дәуірінен бермен келе жатқан бөрілі байрақтың қайта қалпына келтірілген нұсқасымен танысты. Тарихи танымды жаңғыртуға бағытталған жорық аталған батырлардың Сұраншы мен Саурық батырларға арнап қойылған ескерткіштері басында түйінделді.
Талғат Сүйінбай.
Дерек: egemen.kz.
Сурет:Әуезов аудандық «Нұр Отан» партиясының филиалы.