Егемен Қазақстан • 28 Қазан, 2024

«Хат қоржын»

43 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Адамдықтан үйрен, жамандықтан жирен

Мемлекеттің өркендеуі мен алға басуы – ең алдымен білікті басшының іргелі іс-әрекетіне байланысты. Осы орайда әлемдік түрлі қиындықтар кезеңінде Қазақ елін алға сүйреп келе жатқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың еңбегін ерекше айтқым келеді.

«Хат қоржын»

 

Ол кісі оңтүстік өңірге барған сайын Қожа-Ахмет Ясауи кесенесіне аялдап, ұлтымыздың біртуар тұлғаларына, хандар мен сұлтандарға, билер мен батырларға құран бағыштайды. Биыл да Түркістан сапарын кесенеге зиярат етуден бастады. Бұл – үлкен көрегендіктің белгісі.

Қасым-Жомарт Кемелұлы ақын, ғұлама, бүкіл түркі дүниесіне ортақ рухани ұстаз Қожа Ахмет Ясауидің және кесене аумағында жерленген басқа да тарихи тұлғаларды зерттеп, ұрпаққа таныту туралы нақты тапсырма берді. Сонымен бірге ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енген кесенеде жүргізіліп жатқан кешенді ғылыми зерттеу жұмыстарымен танысты.

Биылдан бастап тарихи ғимараттың мемлекет қорғауына алынуы – үлкен жемісті еңбек. Осының бәрін көріп-біліп отырғаннан кейін ардагерлер атынан Мемлекет басшысына рахметімді айтайын деп, қолыма қалам алдым. 

Менің жасым 84-те. Президентке, сондай-ақ ел басындағы басқа да азаматтарымызға аналық ақ алғысымды білдіріп, оларға «Адамдықтан үйрен, жамандықтан жирен» деген ұлтымыздың даналық сөзін жеткізгім келеді.

Үміт ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ,

еңбек ардагері, зейнеткер

АСТАНА

 

 

Жастардың қызығушылығы басым

Қазіргі қоғамда жастар араласпайтын сала кемде-кем. Референдум қарсаңындағы жұмыс барысында өз қатарларымның осы мәселеге қызығушылық танытқанына куә болдым. Мәселен, халықтық штаб өкілдерінің жұртшылықпен жүздесуінде көп атынан сауалдар қойып, айтылған ұсыныс-пікірлерді мұқият тыңдаған жастардың атом электр стансалары туралы өз бетінше ізденгені де көрініп тұрды. Осыдан шамалы уақыт бұрын өткен референдумда да осы жастар белсенділік танытты.

Ертең ел тізгінін ұстайтын қатарластарым бүгін қабылдаған шешім ұзақ жылғы тұрақтылық пен өркендеудің негізі екенін ұғынып, ел энергетикасының болашағын айқындайтын таңдау үстінде айналасына үлгі көрсетті. Жалпы, Сыр жұрты саяси науқаннан шет қалмай, таңдау жасауға азаматтық үн қосқанына ризашылық білдіремін. Осы ретте еліміздің ертеңгі әл-ауқаты мен келешек ұрпақ тағдырына тікелей әсер ететін таңдаудан сырт қалғандар сирек болғанын да атап көрсетсем деймін.

Жалпы алғанда, бүгінде атом электр стансаларының тиімді екенін – көзіқарақты жандардың бәрі дерлік білетіні күмәнсіз. Мәселен, жер көлемі Түркістан облысымен пара-пар ғана Корея Республикасында кемінде төрт және одан да көп энергоблоктары бар 4 атом электр стансасы жұмыс істеп тұр екен. Үшеуінде энергоблоктар санын көбейту жоспарланып отырған көрінеді. Демек, бұл мәселеде кері тартуға еш себеп жоқ болса керек.

Ардақ ӘУКЕНОВ,

«Ақ қанат» жастар қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры

ҚЫЗЫЛОРДА

 

 

Қарапайым, арзан әрі тиімді

Бұл хатымда мен өзімнің қуат өндіруге қатысты ашқан жаңалықтарыммен бөліскенді жөн көрдім. Әңгімемді сәл әріден бас­тасам, алғашында роторлық гидроэлектрстансаның бір түрін ойлап таптым. Оның қуатын теориялық механиканың әдісімен есептеп шығардым. Сөйтіп, қалақшаларды судың немесе желдің өтіне 450-мен орналастырса, судың немесе желдің күшін 50 пайызға дейін, яғни барынша тиімді пайдалануға болады екен.

Осыған қатысты басқа да бірқатар жаңалық аштым. Мәселен, турбиналардың қалақшалары, жұмысшы дөңгелегі енсіз болса, соған сәйкес судың кедергісі де аз болады. Қазіргі кезде жел турбинасының тек үш қалақшасы бар екені белгілі. Ал сол үш қалақшаның арасынан өтетін желдің жұмыс істемейтінін, яғни пайдасы жоқ екенін ешкім ескермейтін секілді. Мен жел турбинасының қалақшаларын айналатын аумағын түгел алып жататын етіп орналастырдым. Тез әрі үп еткен желге айналады, оған қазір қолданылып жүргендей аса күрделі емес, қарапайым да арзан вариатордың өзі жеткілікті.

Авиацияның атасы саналатын ғалым-механик, гидро және аэродинамиканың негізін қалаушы Н.Е.Жуковский: «Қанаты көптің ұтары көп» деп бекер айтпаса керек. Бұл жерде «қанат» сөзі «қалақша» дегенді білдіріп тұр. Оның бұл идеясын «Жуковскийдің ғажайып дөңгелегі» деп атаған. Мен оны жетілдіріп, 2003 жылы патент те алғанмын. Жаңалығымның артықшылығы мынада: қалақшалар тым жалпақ болып кетпес үшін (тым жалпақ қалақша баяу қозғалады) жұмысшы дөңгелектің сыртқы шет жағынан сақина орналастырдым. Сөйтіп, көпдеңгейлі (многоярусный) жұмысшы дөңгелек пайда болды. Мұндай турбинамен өте ұзын қалақшаларсыз-ақ көп қуат алуға болады. Ал қазір қолданылып жүрген қалақшалар судың ағысына өте сүйір бұрышпен орналасқан, жоғарғы жағы қайқы болып келеді. Сондықтан судың екпін күшін пайдалану коэффициенті аз.

Тағы бір айта кететін жайт, қазіргі гидротурбиналар өзен бойында өте баяу айналады. Менің роторлық турбинамның қысымы жоғары, потенциалдық энергияны да, кинетикалық энергияны да пайдалануға мүмкіндігі жеткілікті. Демек, оны суы аз, ағысы баяу өзендердің бойы­на да орнатуға әбден болады. Елімізде шағын өзендердің жеткілікті екенін ескерсек, пайдасы мен тиімділігі айтарлықтай зор болатынына еш күмән жоқ. Мәселен, осьтік турбинам мен гидротурбинамды Мойнақ ГЭС-іне әр 20 метр сайын орналастырса, әр турбина 300 мегаваттан қуат бере алады. Ал роторлы турбинамды әр 10 метр сайын каскадты етіп орналастырса, әрқайсысы 3000 мегаваттан қуат өндіреді.

Менің турбиналарымды жасау оңай, керегі тек генератор ғана. Қызылордадағы генератор зауыты шығарса болар еді. Роторлы гидротурбиналарымды пайдаланса да, жел турбиналарымды пайдаланса да қазір қолданылып жүрген электрстансалардан ондаған, тіпті 100 есе арзанға түседі. Хатымды аяқтай келе айтпағым, жасалуы оңай, қарапайым әрі арзан, тиімділігі жоғары және экологиялық жағынан өте таза өз электрстансаларымызды пайдаланайық.

Рақымжан БӨБЕЕВ,

өнертапқыш

ШЫМКЕНТ