Осы күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Моңғолияда мемлекеттік сапармен жүр. Бұл – Мемлекет басшысының Моңғолияға ат басын бұрған алғашқы мемлекеттік сапары. Қасым-Жомарт Тоқаев 2006 жылы еліміздің Сыртқы істер министрі кезінде және 2013 жылы БҰҰ Бас хатшысының орынбасары ретінде Моңғолияға екі рет барған.
Мыңдаған жылды артқа тастаған екі елдің түрлі саладағы байланысы бүгін де тарихи жалғасын тапқан. КСРО ыдырай сала көп ұзамай 1992 жылдың қаңтарында Қазақстан –Моңғолия достастығының алғашқы дипломатиялық қазығы қағылды. Сөйтіп, араға бес жыл салып, 1997 жылдың мамыр айында Ұлан-Батырда Қазақстанның Дипломатиялық миссиясы ашылды. Ал 2007 жылы қаңтар айында Дипломатиялық миссия Қазақстанның елшілігі болып ауысып, деңгейі жоғарылады.
Негізінде екі елдің арасынан алғаш болып елшілік ашу ісін Моңғолия қолға алды. Яғни 1992 жылы қыркүйекте Алматы қаласында Моңғолияның елшілігі жұмысын бастады.
Қазақстан мен Моңғолияның саяси қатынастары 1993 жылғы қазанда Қазақстан делегациясының Президент деңгейіндегі Ұлан-Батырға барған ресми сапарынан бастау алды. Бұл сапар барысында екіжақты сауда-экономикалық қарым-қатынастағы шарт-құқықтық негіз қаланып, одан кейінгі үкіметаралық, ведомсвоаралық кездесулерде тараптар саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты өзара іс-қимылдың өзекті мәселелері бойынша пікір алмасып, сондай-ақ халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер төңірегіндегі ұстанымдарын салыстырып отырды.
Қос елдің дипломаттары да әр жылдары Астана және Ұлан-Батыр арасындағы әріптестікті нығайту мақсатында екі елдің сыртқы саяси ведомстволары байланыстарының жоғары деңгейін қолдау шараларын пысықтап келеді. Ресми деректерге сүйенсек, 1991 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін екі елдің арасында 40-тан аса халықаралық келісім мен шарттарға қол қойылған екен.
2007 жылдың 14-15 тамызында Моңғолия Президенті Н.Энхбаяр Қазақстанға мемлекеттік сапармен келіп, сапар барысында екі ел президенттері Бірлескен мәлімдемеге қол қойса, 2008 жылдың тамызында да Қазақстан Президентінің Моңғолиядағы екі күндік мемлекеттік сапары аясында дәл сондай құжат қабылданған.
2019 жылы 10-12 қазанда Моңғолияның сол кездегі Премьер-министрі, қазіргі Президенті У.Хурэлсух Қазақстанға жасаған ресми сапары аясында Қазақстан – Моңғолия бизнес форумының ашылуына қатысып, екі елдің болашақ байланыстарының берік нығаюына сеп болған жан-жақты келісімдерге қол жеткізілді. Сол сапарда У.Хурэлсух Қазақстанның тәуелсіздік жылдары және нарықтық экономикаға көшкеннен кейін экономиканың тұрақты дамуы мен қолайлы инвестициялық ахуалды қамтамасыз ете отырып, үлкен жетістіктерге қол жеткізгенін атап өткен-ді.
«Бізде сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту үшін елеулі мүмкіндіктер бар. Осы бизнес форум екі ел арасындағы іскерлік қатынастар мен экономикалардың дамуына серпін беретініне сенімдімін», деген Моңғолия Премьер-министрі мен Қазақстан Үкімет басшысының қатысуымен аталған форум аясында қос тараптың іскерлік байланыстарын арттыру мақсатындағы 8 құжатқа қол қойылды.
2023 жылдың 20 қыркүйегінде Нью-Йорктегі БҰҰ штаб-пәтерінде Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-сессиясының аясында Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хурэлсухпен кездескен еді. Онда Мемлекет басшысы Қазақстан мен Моңғолия арасындағы тығыз әрі дәстүрлі достық қарым-қатынасты атап өтті. Сондай-ақ екіжақты байланыстарды стратегиялық серіктестік деңгейіне дейін кеңейту мүмкіндігіне назар аударды.
Ал биыл 4 шілде күні Ақордада өткен кездесуде Қазақстан Президенті «ШЫҰ плюс» форматындағы отырыстың табысты өтуіне сындарлы үлес қосқаны үшін Ухнаагийн Хурэлсухқа ризашылығын білдірді. Мемлекет басшысының айтуынша, Моңғолия – еліміздің Азиядағы ең маңызды серіктестерінің бірі. Қ.Тоқаев екі елді ғасырлар қойнауынан тамыр тартатын ортақ мәдени-тарихи құндылықтар мен дәстүрлер байланыстыратынын атап өтті.
«Қазақстан мен Моңғолияның ынтымақтастығы өзара құрмет пен қолдау рухында ұдайы нығайып келеді. Елдеріміз арасында сенімді және сындарлы саяси диалог жолға қойылған. Ауқымды шарттық-құқықтық база қалыптасқан, мәдени-гуманитарлық байланыстар кеңейіп келеді. Орайлы сәтті пайдаланып, Қазақстандағы бұрын-соңды болмаған су тасқыны кезінде қолдау көрсеткендеріңіз үшін Сізге және барша моңғол халқына ризашылығымды білдіремін», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Өз кезегінде Моңғолия Президенті Қазақстандағы саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалардың нәтижесін жоғары бағалап, Қасым-Жомарт Тоқаевты Моңғолияға мемлекеттік сапармен келуге шақырған-ды. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл шақыруды зор ықыласпен қабыл алатынын жеткізген. Сарапшылар осы жолғы сапар екіжақты қатынастардың жылнамасындағы жаңа кезеңге жол ашатынын айтады.
Тізе берсек, мұндай кездесу, қол жеткізілген келіссөз өте көп, әрине. Бастысы, қай кездесуді алып қарасақ та, тараптар саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың түрлі аспектісін талқылады.
Бүгінде Қазақстан мен Моңғолия арасындағы тауар айналымы 2024 жылдың қаңтар-тамыз айлары арасында 83,9 млн долларды құрайды. Мұны екі елге ортақ сауда саласының көрсеткіші демесең, басым бөлігі Қазақстан экспортына тиесілі. Яғни біз осы есепті кезеңде Моңғолияға 83,3 млн доллардың тауарларын өткеріппіз. 586,1 мың доллардың тауарын моңғолдар жеткізген.
Қысқасы, бүгінде Қазақстанның Моңғолияға шикізаттық емес тауарлар бойынша экспорттық әлеуеті шамамен 100 млн долларды құрап отыр. Ендігі меже – тауар айналымын 500 млн долларға дейін ұлғайту. Бұл – Қазақстан Президентінің ұсынысы. Жалпы алғанда, Қазақстан тарапы қазақ-моңғол іскерлік кеңесін құруға және Сауда-экономикалық ынтымақтастықты жандандыру жөніндегі жол картасын қабылдауға мүдделілік танытып отыр.