Президент • 29 Қазан, 2024

Президент моңғол спортшыларына алғыс айтты

92 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәдени-гуманитарлық байланысты нығайтудың мән-маңызына тоқталып, Астанада өткен Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына қатысқаны үшін моңғол спортшыларына алғыс айтты, деп жазады Egemen.kz.

Президент моңғол спортшыларына алғыс айтты

Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан моңғол студенттері үшін квота санын ұлғайтуға дайын екенін мәлімдеді. Сондай-ақ екі ел ғалымдарын ортақ бай тарихи мұрамызды бірлесе зерттеуге шақырды.

Президент экологиялық, тарихи, этнографиялық және экономикалық туризм бағыттарында бірлесе жұмыс істеуге мол мүмкіндік бар екенін атап өтті.

«Қазақстандық туроператорлар моңғол туристеріне Қожа Ахмет Ясауи кесенесі орналасқан ежелгі Түркістан қаласын таныстыра алады. Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы ханның мазары тұрған Ұлытау облысын және басқа да туристік орындарды көрсетуге болады. Сондай-ақ біз Моңғолиямен Алтай туризм кластерін дамытуға және ортақ туристік бағыттарды қалыптастыруға мүдделіміз», деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Моңғолия Президентін келесі жылы Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырды.

Ухнаагийн Хурэлсух Моңғолияның Қазақстанмен екіжақты байланыстардың барлық бағытын нығайтуға бейіл екенін растады.

✔️Ол бүгін қол жеткізілген уағдаластықтар екі ел арасындағы қарым-қатынастың жаңа парағын ашатынына сенім білдірді.

Ухнаагийн Хурэлсух Қазақстанды Моңғолияның маңызды серіктесі, сондай-ақ Шығыс пен Батыстың арасындағы алтын көпір екенін атап өтті. Оның сөзінше, Ұлан-Батыр Қазақстанның экономикалық даму тәжірибесіне ден қойып отыр. Сонымен қатар сауда, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы, ғарышты зерттеу салаларындағы екіжақты жобаларды тиімді жүзеге асыруға айрықша мән береді. Атап айтқанда, Ухнаагийн Хурэлсух Қасым-Жомарт Тоқаевтың екі ел арасындағы тауар айналымын 500 миллион долларға дейін жеткізу туралы ұсынысын қолдады.