Фото: Музыкалық жас көрермен театрының баспасөз қызметі
Дәстүрлі өнер мерекесі биыл Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері, жазушы-драматург Роза Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне», «Фариза», «Бопай ханым», «Сарра» шығармаларын арқау етті. Бүгінде Роза Мұқановадай театр үшін өндіртіп жазған қаламгерлер некен-саяқ. Ол театр қоржынын небір тағылымды туындыларымен байытқан қуатты қалам иесі.
«Жазуда жалған болмайды. Жазуда ақиқат болады. Жанның тазалығы болады. Мен тым жас кезімде, отызға толмаған шағымда «Мәңгілік бала бейне» деген пьесамды қара шаңырақ Мұхтар Әуезов атындағы қазақ драма театры, реформатор, режиссер марқұм Болат Атабаев менің жастығыма қарамай сахнаға шығарды. Ол кезде Әуезов театрында тек қана классиктердің шығармалары қойылатын. Осынау халықаралық фестивальге кезінде Мұхтар Әуезовтің «Қаралы сұлуының» инсценировкасын жасаған болатынмын. Қырғыз театры сол шығарма желісіндегі қойылымын, Әзербайжан театры «Шатыр астындағы мен» трагикомедиясын алып келді. Бұл біздің көрермендердің қолы жете бермеген шығармалар. Сондықтан да театрларымыздың есігі айқара ашық, спектальді көруге келіңіздер!», дейді жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Роза Мұқанова.
Фестивальдің ашылу салтанаты кезінде әртістер мен қатысушылар қызыл кілеммен жүріп өтті. Айтулы фестиваль Мұхтар Әуезов атындағы қазақ ұлттық драма театры әзірлеген «Мәңгілік бала бейне» спектаклімен ашылды.
«Бүгін біз бір апта бойы Астана қаласының әкімдігі, Мәдениет басқармасы, Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен үлкен театр мерекесін салтанатты түрде ашып жатырмыз. Бұл фестивальдің мазмұны, көтерген жүгі, атқарар қызметі баршамызға белгілі. Елдің ықыласына бөленген жазушы-драматург Роза Мұқанованың шығармашылығына арналды.
Түркі дүниесі, түркі мәдени кеңістігінде де Роза Мұқанова туындыларының шоқтығы биік. «Мәңгілік бала бейне», «Сара», «Бопай ханым» осы қойылымдардың барлығы да рухани құндылығымызды дәріптейтін өміршең туындыларға айналды. Фестивальдің мақсаты да сол, Роза Мұқанованың драматургиясын дәріптеу. Осы жолы жаңа есімдерді ашқымыз келеді», деді Музыкалық жас көрермен театрының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров.
Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған белді ұжымдар мен Қырғызстан, Әзербайжаннан келген әртістер бір апта бойына бас қаладағы сахналарда өнер көрсетеді. Халықаралық театр фестивалі 3 қарашаға дейін жалғасады.
Ал олардың қарым-қабілетін көзіқарақты көрерменмен бірге, Әлия Бөпежанова, Амангелді Мұқан, Анар Еркебай сынды белгілі мәдениет майталмандары бағалайтын болады.
Гүлшат САПАРҚЫЗЫ.