Жылдың ең үздік футболшысы атағынан үміткерлер екеу еді. Олар – испаниялық Родри мен бразилиялық Винисиус Жуниор. Алғашқысы – «Манчестер Ситидің» шабуылшысы, екіншісі Мадридтің «Реалының» жартылай қорғаушысы. Екеуі де жасыл алаңда жасындай жарқылдап жүрген жұлдыздар. Бұл жолы «Алтын допты» Англияның Премьер-лигасында өнер көрсетіп жүрген 28 жастағы Родри олжалады. Сөйтіп, Пиреней түбегінің түлегі төрткүл дүниедегі теңдессіз теңбіл доп шебері деп танылды. Ал әйелдер арасында ең үздік ойыншыға тиесілі арнайы жүлде Испанияның ұлттық құрамасы мен «Барселонаның» беткеұстары Айтана Бонматиге табыс етілді.
Аталған шара барысында «Копа трофейін» (ең үздік жас ойыншы) Ламин Ямаль («Барселона», Испания құрамасы), «Мюллер трофейін» (ең нәтижелі ойыншы) Харри Кейн («Бавария», Англия құрамасы) мен Килиан Мбаппе («Реал Мадрид», Франция құрамасы), «Яшин трофейін» (ең үздік қақпашы) Эмилиано Мартинес («Астон Вилла», Аргентина құрамасы) иеленді. Карло Анчелотти («Реал», Мадрид) мен Эмма Хейз («Челси», АҚШ-тың әйелдер құрамасы) ең білікті бапкер ретінде танылса, «Реал Мадрид» (ерлер) пен «Барселона» (әйелдер) клубтары жылдың ең үздік командасы атанды.