Сараптама • 30 Қазан, 2024

Спорттағы гендерлік ерекшелік

190 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазіргі кезде спорттағы әйелдің орны мен рөлі туралы таным мен түсінік, әйел бейнесі жөнінде қалыптасқан әлеуметтік үрдістер ерекше өзекті мәселеге айналып отыр. Бүгінде ерлердiң әйелдерден басымдығы өзгерiстерге ұшырай бастады.

Спорттағы гендерлік ерекшелік

Сурет: jambylinfo.kz

Эмансипация мен феминизм идеологиясының қалып­та­суынан батысеуропалық фило­софиядағы патриар­хат­тық дәстүрдің екпіні басыл­ғандай болды. Патриар­хаттық құры­лы­мы басым келетін фи­ло­софиялық ойлаудың дәс­түрлі бинарлық (еркек/әйел) практикасынан бас тартып, қа­зіргі мультикультурализм жағдайында жыныстың әлеу­мет­тік теориясы – гендерлік ілім дүниеге келді.

Әйел мен ердің спорт әлемінде алатын орнын ай­қын­дайтын, олардың әлеу­­меттік және мәдени құ­рылым ретіндегі ұғымы XIX ғасырдан бастап Батыс елде­рінің жаңа капиталистік на­рықтық қатынастарға тар­тылуымен қалыптасты. Спорт­­­тағы гендерлік стерео­тип түсінігі – іс-әрекет пен мі­нез-құлық ерекшеліктерінің «спортшы ер» мен «спортшы әйел» модельдерінің айыр­машылығын анықтауға негіз­дел­ген түсінік. Гендерлік сте­рео­типтерді үшке бөліп қа­рас­тыруға болады.

Бірінші топ «маскулиндік-феминдік» қасиеті, яғни тұл­ға­ның жеке қасиеттеріне бай­­ла­нысты. Бұл ерлер мен әйел­дердің нақты психоло­гия­лық қабілеті мен мүмкіндігіне қарай әртүрлі темпераменттер мен әдеттері арқылы бө­лінуі. Көп жағдайда әйел адам­ға пас­сивтілік, тәуелділік, шешім­ге деген сенімсіздік, логикалық ойлау қабілетінің ерекшелігі, жеңіске деген көзқарас деңгейі ер адамға қарағанда төмен, эмоционалды деген пікір қалыптасқан. Ал ер адамдарға іс-әрекет активтілігі, агрессия, шешімді тез қабылдағыш, жеңіске деген ұмтылысы, эмо­цио­налдылықтың төменгі дең­гейде болуы тән. Спорттың көп түрінде әлеуметтендіру негізінде жеке тұлғаның екінші түрі көбірек мақұлданады және сол типке қарай тәрбие бері­леді.

Гендерлік бөліністің екін­шісі жынысқа, отбасын­дағы рөлдер мен мамандандыруға байланысты рөлдердің стерео­типтеріне қатысты екенін атап өткен жөн. Қоғамда көбіне ер адамдарды кәсіби жетістігіне, әйел адамды отбасылық жағ­дайға қарап бағалайды. Ер­лер­дің бағыты белгілі бір кәсіби мақсаттарға жету болса, әйелдердің бағыты – адамдар арасындағы жақын байланысты орнату. Спорттағы қыздар қатарының ерлерге қарағанда аз болуын осы себеппен түсіндіре аламыз.

Ал үшінші түрі – еңбектің мазмұны, оны орындау ке­зіндегі мінездемеге байла­нысты бөлінісі. Яғни ер адамдардың еңбекке инструменталды түрде бағытталуы, әйел адам­ның экспрессивті түрде бағыт­талуын негіз етуге болады. Осыдан спорт түрлерінің ерлерге немесе әйелдерге арналған түрлерге бөліну себептері шығады. Көбіне әйел адамдарға лайық­ты спорт түрлері деп әртіс­тік қабілетті қажет ететін, нәзік­тікке бағытталған спорт бағыт­тары аталады.

Денешынықтыру және спорт саласында қолданылатын теорияларда жыныстық диформизм тақырыбы өзекті мәселелердің бірі деп саналады. Диформизм – екітүрлі топтың бір салада болуы және даму ерекшеліктерін қарастыратын ұғым. Денешынықтыру және спорт саласында жүргізілетін зерттеулердің жіберетін кем­шілігі – спорттағы ген­дерлік диформизмді қарастыр­мауын­да.

Басқа салаларда ер немесе әйел адамның мамандандырылуы, біліктілігі, білімі сияқ­ты аспектілер бірінші орын­ға қойылып, гендерлік дифор­мизм есепке алынбайды. Әсі­ресе әйелдер спорты немесе оны тежеуші факторлар мен жетістікке жету жолдарын қа­­рас­тыру барысында табиғи мүм­кіндіктермен санасуға тиіс. Гендерлік диформизм спорт әлемінде де көрініс тапқан. Ер спортшылар мен әйел спортшылар арасындағы үлкен айыр­­машылық – олардың дене бітімі­нің өлшемінде. Ер адам­дар әйелдерге қарағанда ірі және ұзын. Ер адамның жүре­гінің көлемі әйел адамның жү­ре­гіне қарағанда үлкен және өкпе сыйымдылығы кең. Бірақ бұл ақпараттармен қатар жеке индивидуалды қабілеттерді де ескеру керек. Спортта коор­динациялық қабілет деген тү­сініктің аясына жылдамдық, тепе-теңдікті сақтау, ырғақ, келісімді іс-әрекет, кеңістікте тең­дікті сақтау ұғымдары кіре­ді.

Әйел адам кәсіби дайындық деңгейіне қарамастан, жекпе-жек күресінде дайындық дең­гейі жоғары ер адамды еш­қа­шан жеңе алмайды. Фемин­дік амбицияның өсуіне байланысты абсолютті жыныстық теңдікті қолдар болсақ, спорт­тық жарыстар жыныстық дифор­­мизмге қарамай, тек бойы, салмағы ескерілсе, әйел адам­­­ның ағзасына, өміріне үл­кен қауіп төнеді, толық теңдік болу мүмкін емес.

Варшавадағы Дене тәр­биесі академиясының ғалы­мы Даруиш Блахнионың айтуын­ша, спорт түрлерінің басым бөлігіндегі ерлердің көш­бас­шылық позициясына еш қауіп жоқ. Себебі ер азамат­тардың спортпен шұ­ғыл­дануына биологиялық тұрғыда мүмкіндігі көбірек. Ғалым әйел адам күшейтілген жаттығуларды жасағанмен, ер адам бойында бұлшықеттердің өсуіне жауапты тестостерон атты гормонның өзгешелігін де атап өткен. Жыныстық диформизм негізінде көптеген әйел спортшылардың жеңістерін де сипаттасақ, америкалық Линн Косстың жүзудегі ре­корд­тық көрсеткіші, оның ең бірінші болып Аляскадан Чукоткаға дейін Беринг бұғазы арқылы жүзіп өтуі, Пенни Диннің жалғыз өзі Ла Маншты бағындыруы – әйел адамның ағзасы термокиім тәріздес болуының мысалы.

Қорытындылай келе, ер адам мен әйел адамның таби­ғаты ерекше болатынына көз жеткізуге болады. Денешынықтыру және спорт сияқты айрықша күш-жігерді талап ететін бағытта әйел адам мен ер адамның мүмкіндіктерін салыстыра отырып, оқу-жаттығулық әдіснама негізінде жұмыс істеу спорттағы жеңіске апарар тиімді жол болуы мүмкін. Сонымен қатар әйел адам мен ер адамның психологиялық, физиологиялық, табиғи мүм­кіндіктерімен қатар жеке қабі­леттің болуы немесе керісінше ыңғайының болмауы да ерекше фактор екенін атап өткен жөн.

 

Жұлдыз Күмісбек,

Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшысы