Мәдениет • 30 Қазан, 2024

Астанада 3 мың домбырашы күй шертіп, рекорд орнатты

160 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елордада бір мезетте үш мыңнан аса домбырашы «Балбырауын» күйін орындады. Өнер әлеміндегі бұл ерекше жарқын оқиға Қазақстанның Гиннес рекордтарын тіркеу кітабына енді, деп хабарлайды Egemen.kz Астана әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Астанада 3 мың домбырашы күй шертіп, рекорд орнатты

Фото: Астана қаласының әкімдігі баспасөз қызметі

«Qazaqstan» жеңіл атлетикалық спорт кешенінде «Қазақ - нағыз қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» атты ауқымды іс-шарада үш мыңнан астам астаналық домбыра үйірмелеріне қатысушылар Құрманғазы Сағырбайұлының шоқтығы биік «Балбырауын» күйін бір мезгілде күмбірлетті.

«Қазақстанда мемлекеттік шығармашылық тапсырыс жобасы 2021 жылдан бастап іске асырылып жатыр. Оның мақсаты – 4 пен 17 жас аралығындағы балалар мен жасөпірімдерді тегін үйірмелермен қамту, олардың бос уақытын тиімді өткізіп, өнерге деген қызығушылығын арттыру. Міне, бүгін Астана қаласында осындай домбыра үйірмесіне қатысатын үш мыңнан аса оқушыны жинап, бір мезетте күй орындатып, еліміздің рекордтар кітабына енуді мақсат тұттық. Әдетте күй үйірмесіне қатысушылар әуелі «Балбырауын» күйінен бастап үйренеді ғой, сондықтан күй атасының осы дауылпаз күйі таңдалды. Сонымен қатар үйірмеге қатысушылардың өнерін бағаламақпыз. Мұндай ауқымдағы іс-шара елімізде алғаш рет ұйымдастырылып отыр», деді Астана қаласы бойынша мемлекеттік шығармашылық тапсырысты іске асыру мекемесінің басшысы Ерлан Жалғас.

Астанада 3 мың домбырашы бір мезетте күй шертіп, рекорд орнатты

«Бұған дейін ешқашан бір залда 3200-ден астам музыкант күй немесе басқа музыкалық шығарма орындап көрген жоқ. Бұл жөнінде осы іс-шара осыған дейінгі елімізде орнатылған рекордтарды басып озып отыр. Әлем бойынша да ең үлкен музыкалық рекордтардың бірі болғалы отыр деуімізге болады. Десе де біздің негізгі мақсатымыз – ел аймағы бойынша Қазақстан рекордтар кітабына тіркеу. Ал бұл мақсатымызға бүгін толық жеттік деп айта аламыз. Осы процесті арнайы сарапшыларымыз бақылап отырды. Балалардың санын 8 сарапшы, ал күйдің орындалу сапасын 4 сарапшы саралады», деді Қазақстан Гиннес рекордтар кітабының ресми өкілі Қуандық Құдайбергенов.

Күй мерекесіне мәдениет қайраткері Шолпан Қорғанбек дирижерлік етті.