Мәдениет • 31 Қазан, 2024

Олжалы он күн

209 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Талантты тұлғалар елдің ақыл-ойы­на өз өрнегін салып, ха­лық рухына жаңа екпін берері сөзсіз. Ұлт рухания­тына үлес қо­су­ға талпынған сондай саң­лақ­тардың бірі – Қанат Жүнісов шы­ғар­­­ма­­шылығының онкүндігі Астана тө­рін­де Мәдениет және ақпа­рат министр­лігі және қала әкімдігінің қолдауымен өтті.

Олжалы он күн

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

«Қолтаңба» атты онкүндік «Сәкен» фильм-концертінің тұсау­кесерімен ашылғаны туралы жазған болатынбыз. Қазақ ұлттық өнер универ­ситетінің Орган залында «Сәкен» операсының концерттік нұсқасы ақынның туған күніне орайластырылып қойылды. Операның либ­реттосын жазған – Қанат Жүнісов, музыкасының авторы – композитор Әліби Әбдінұров. Тарихи оқиғаларға негізделген туынды елдікті, ерлікті, азаматтық пен ұлтжандылық­ты дәріптейді. Екі актілі шығармада ­ХХ ғасыр басындағы ауыр кезеңдер, тарихи сәттер көрініс тапқан.

Ал он күндіктің үшінші күні М.Горький атындағы мемлекеттік ака­демиялық орыс драма театры сахналаған «Алия» (орыс тілінде) драмасы көрсетілді. Қазақ­тың батыр қызының майданнан жазған хаттары, майдандастары­ның естеліктері негізінде қойылым мәнді, мағы­налы шыққан. Сахнадағы әр қимылы ширақ, әр қадамы нық сарбаз Әлия, жан тебірентер жанды дауыс­пен әсерлі ән шырқайтын Әлия, мың бұралып жас шыбықтай майысқан биші Әлия келген көрермендерді тәнті етті.

Төртінші күні Қанат Жүнісовтің «Алғашқы махаббат» комедиясы Астана қалалық Жастар театрында қойыл­ды. Коме­дияда тоқсаныншы жыл­дар­дағы 11-сынып оқушысы жаңадан келген жас мұғалім Гүлзатқа ғашық болып қалады. Спектакль барысында бозбала, бойжеткендердің әдемі әзілдері, түрлі мінездері, досқа адалдық, үлкенге құрмет сынды қасиеттер қызықты оқиғалар арқылы өрбиді. Ұстазына ғашық болып жүрген бас кейіпкердің нағашы ағасы кенет әскерден келеді. Басқа ауылда тұратын нағашысы мен жас мұғалім бір-бірін бұрыннан білетін ғашықтар екен. Ағасынан қаймыққан інісі ештеңе айта алмайды. Қойы­лымда әртүрлі қызықты оқиға арқылы тәуелсіздіктің алғаш­қы жылдарындағы қоғам­ның бей­не­сі ашылады.

Екінші дүниежүзілік майда­нның ­батыры, Рейхстагқа жеңіс туын алғаш тіккен Рақымжан Қошқарбаевтың ерлі­гіне негіз­делген «Жеңіс жалауы» драма­сы Халық қаһарманының туған күні сах­наланды. Спектакль батыр Баукең өзіне шақыртқан Кәкі­м­жан Қазы­баев­тың келуінен бас­тала­ды да, екеуінің әңгімесі арқы­лы Рақымжанның өмір тарихы­на ұласып кетеді. Баукең мен Кәкі­м­жанның ақиқатқа жету жолындағы күресі май­дандағы Рақымжанның ерліктерімен кезек алмасып, Жеңіс жалауын тіккен сәтпен аяқталады. Кезінде Р.Қошқарбаев ерлігі бағаланбағаны белгілі. Тарихи шындыққа негіз­делген көркем шығарма Рақымжан ерлігінің ақиқатын көрсетеді. Әрі осындай ұлдар ту­дыр­­­­ған ұлтымызға деген махаббат шоғын маздатады.

Ә.Мәмбетов атындағы мем­лекеттік драма және комедия театрында «Алаш жолы» драмасы да сәтті қойылды. «Алаш – қазақтың бойтұмары!» дегенді ұран еткен бір жарым сағаттық спектакльде тарихтан талай сыр шертіледі, елім деп еміренген ұлт жоқшыларының сан қилы тағдыры көрініс табады. Тарихи-танымдық қойылым Алаш жолын дәріптеп, жастардың Алаш идеясына, тарихымызға деген өршіл рухына өрт тигендей қозғау салады. Сахнадағы ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның: «Азаматтар, мемлекетті қайта құру бір күннің шаруасы емес. Жағдай күн са­йын өзгеріп жатыр. Біз мінген кеме кез келген сәтте басқа бағытқа бұрылуы мүмкін. Өйткені Ресейдегі өзгерістердің толқыны өте күшті! Оған төтеп бере қоярлық күш әзірге қазақтың қолында жоқ. Сондықтан ең алдымен кемемізді аударып алмаудың амалын іздейміз. Дегенмен осы бір толқымалы кезеңді пайдаланып, шекарамызды белгілеп алуымыз қажет» деген жалынды сөздері көрермен көңілін қоз­ғайды. Қойылымда ерекше әсер­лі сәт – Әлімхан Ермековтің Ленин бас­қарған кеңесте қазақ ше­ка­ра­сын қорғап шыққан тұсы. Шови­нис­­термен тайталасқан Алаш ары­­сы қазақ жерін түгендейді. Қо­йы­­лымда Әлихан, Міржақып, Ахмет бейнелері кеңінен ашылып, ұлт­шылдықтың ерен үлгісін дәріптейді.

Тағы бір күні «Қанаттылар» инклю­зивті театры Қ.Жүнісовтің «Күле аласыз ба?» атты музыкалық коме­­диясын қойды. Мүмкіндігі шектеулі жандар өнер көрсететін «Қанаттылар» инклюзивті театры­ның кезекті спектаклі көрерменге өзгеше әсер сыйлайды. Өмірге, өнерге құштарлық, тума та­лант, жанкешті еңбек ізі әйгіленген шығар­ма­­­дан толағай тәлім, өмірге ғашықтық қуатын алуға болады.

Сондай-ақ Астана қалалық Жастар театрында Қ.Жүнісовтің «Пранк махаббат» комедиясы қойылды. Режиссері – Д.Серғазин. Музыкалық комедия осы уақытқа дейін көрермендердің сүйікті спектакліне айналып үлгерген. Бұл жолы да театрға көрермендер лық толып, бас кейіпкерді бейнелеген – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дәурен Серғазиннің шеберлігі келген жұрт­ты тағы бір мәрте тәнті етті.

Соңғы, оныншы күні Қ.Қуа­ныш­баев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрында «Сәкен сұңқар» тарихи драма­сы қойылды. Спектакльдің бірін­ші бөлімі С.Сейфуллиннің қай­рат­керлігін қамтыған. Ақ сұңқар ақынның Ахмет Байтұрсынұлымен сыйластығы, Ақаңның елу жас мерейтойын өткізуі, тарихи атауымызды қайтарудағы еңбегі, үкімет төрағасы кезіндегі атқарған істері кеңінен көрініс тапқан. Сәкен рөлін сомдаған – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сырым Қаш­қабаев сахнада ақын болып тол­ға­нып, көпшіліктің қошеметіне ие болды.

– Қара түнек қазақтың басынан сейілмей-ақ қойды-ау. Қолымдағы қызыл тудың қызыл қан екенін кеш ұққаным қалай? Халқым деп жүріп «халықтың жауы» атанған қайран арыс­тарым, оба­лың кімге? Қайран Ақаң, жасырын құрылған қақпан бар деп еді. Сол қақпанға бәріміз бірдей түскеніміз бе? Қой терісін жамылған қасқырлар қанды азуын енді қанша адамға салмақ? Жаланы жа­қының жапса, жаттан не қайыр? Арыма жа­ғыл­­ған күйені ақтай алмай аттанып барамын. Қош бол, туған ел! – деген аймаңдай Сәкен кер за­­манға мұң шағады, ұлт үшін мехнат кешіп, зар шегеді.

Әнші, актер, драматург Қанат Жүнісовтің он күнге жоспарланып, он екі күнге созылған шығармашылық жұмысында ұлтжандылық, елді сүю, адамгер­шілік, ар мен ұят сынды асыл қа­сиет­тер насихатталып, көрер­мен көз­айымына айналды. Автор­­­дың өзі қойылымдары аншлагпен өткеніне таң-тамаша. «Бюд­жет­тен бір тиын жұмсамай, өнер он­күндігін ұйымдастыруға бола­тынын дәлелдедім» деді.

Айта кетейік, Қ.Жүнісовтің пьесалары елі­міз­дің түрлі деңгей­дегі алпыстан аса теат­рында сах­на­­ланған. Автордың онкүндік шығар­машылық кеші елімізде тұңғыш рет өтіп отыр.