Қылмыс • 31 Қазан, 2024

Есірткі қылмысы елді алаңдатып тұр

81 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында есірткі қылмысы тақырыбына тағы да тоқталып, нашақорлыққа қарсы күрестің маңызды міндет екенін айтты. Оның айтуынша, бұл – ұлттың генетикалық қорын аман сақтап қалу мәселесі. «Біз осыған дейін қажетті заңнамалық шараларды қабылдадық. Бірақ нақты нәтижеге қол жеткіздік деуге әлі ерте. Әрбір мемлекеттік құрылым, әсіресе құқық қорғау органдары тиімді жұмыс істеп жатыр деп айта алмаймыз. Есірткі мәселесі ушығып барады», деді ол.

Есірткі қылмысы елді алаңдатып тұр

Расында, елімізде есірткі саудасы мен тасымалына қарсы тізе қосып күресу жағы кемшін соғып жатқанға ұқсайды. Бәлкім, оның таралуына мүдделі топтар да болуы ғажап емес. Өйткені тіркеліп жатқан есірткі қылмыстарына қарап отырсақ, қоғам жегіқұртын елге кіргізудің небір қитұрқы амалдары жасалатынын көруге болады. Өндіріс орындарын ашып, дайын өнімді өткізу мен экономикалық байланыстарды жолға қою – қиынның қиыны. Ал есірткі заттарының өндірісін тез арада ұйымдастырып, өткізу жағына келгенде әбжілдік танытатындар баршылық. Өкініштісі – бұған жұртшылық тарапынан сұраныстың болуы да себеп.

Осындай заңсыздықтардың жолын кесу мақсатында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес көлік прокуратурасы және басқа да құқық қорғау органдары есірткі бизнесіне қарсы күресті, шекарада жүктер мен пошта жөнелтілімде­рін бақылауды күшейтіп, елімізге есірткінің шетелден заңсыз әкелінуін болдырмау мақсатында шаралар қа­былдап жатыр. Бас прокуратураның мәліметінше, биылдың өзінде заңсыз айналымнан 1 тоннадан аса есірткі заты тәркіленген, оның ішінде 774 кг героин, 155 кг марихуана, 37 кг гашиш және гашиш майы, 34 кг көкнәр, сондай-ақ 1 кг синтетикалық есірткі бар. Бұл «тауарлардың» «қара нарықтағы» жалпы құны 7 млрд теңге­ден артық деп бағаланып отыр.

Бас прокуратура шетелден келетін есірткі заттарының көбі тұрмыстық тауар ретінде жасырылатынын айтады. Мәселен, қылмыстық топ Ираннан осындай жолмен героиннің ірі партиясын әкелуге тырысқан. Сонымен қатар Еуропа, АҚШ және Таиландтан келген есірткі заттары бар 50-ден аса пошта жолданымдары ұсталыпты. Ал Қаржылық мониторинг агенттігі АҚШ-тан есірткі заттарын пошта арқылы контрабандалық жолмен жеткізетін жүйелі арнаны жойды. Нәтижесінде, он күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалып, 15 кг каннабис сығындысы және 8 кг марихуана тәркіленді. 21 адам түрмеге қамалды, арасында шетел азаматтары да бар.

Батыс Қазақстан облысының прокуратура қызметкерлері әлеуметтік желілерді бақылау барысында белгісіз біреулердің облыс аумағында есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорларды жарнамалау және сату бойынша үгіт-насихат мақсатында жасаған телеграм арналарын анықтады. Осы қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасаған адамдарды табу үшін сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастап, одан әрі тергеу үшін полицияға жолдады. Нәтижесінде, есірткіні тікелей жарнамалайтын 3 чат бұғатталып, кінәлілер анықталып жатыр. Жуырда телеграмның негізін қалаушы Павел Дуров мемлекет тарапынан тиісті сұрату болған жағдайда қылмысқа себепші арналардың байланыс мәліметтерін ашатынын айтқаны белгілі. Бұл қадам телеграмды торлап алған есірткі тарату­шылардың әрекетіне тосқауыл қояды деп үміттенеміз.

Ауызды қу шөппен сүртуге де болмайды. Елімізде есірткі қылмысымен күресу үшін түрлі шара қабылданып жатыр. Соның бірі – Шымкент қаласының прокуратурасы нашақорлыққа шақы­ратын жарнамалармен күреске қаланың коммуналдық мекемелерінде істейтін мыңнан аса қызметкерді жұмыл­дырды. Енді коммуналдық меке­мелер қала­ның тазалығын қамта­масыз ету және сақтаумен қатар, қо­ғам­дық орындарда есірткіні сату, тарату сайттарының жарнамалары бар сурет­терді құқық қорғау органдарына хабар­лауға міндетті. Бұл бас­тама есірткі жар­намасымен тиімді, мақсатты әрі тұрақты түрде күресуге мүмкіндік бермек.

Мақаламыздың басында есірткі өндірісі жайында бекер сөз қозғаған жоқпыз. Өкінішке қарай, еліміздің әр аймағында есірткі зертханаларын ашып алып, импортқа тәуелділіктен арыламыз деген «ізгі ниетті» қылмыскерлер табылып жатыр. Мәселен, жуырда Жетісу облысында П. және Т. есімді екі азамат қылмыстық келісімге келе отырып, синтетикалық есірткі өндіріп, сату үшін Текелі қаласынан үй жалдаған. Есірткі зертханасын тінту кезінде 21 кг психотроптық заттар мен зертханалық құрал-жабдық, атап айтқанда, есірткі заттарды орау үшін электронды таразылар, пакеттер, фольга, изолента және т.б. заттар тәркіленді. Сот үкімімен екеуі де 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.