Қоғам • 31 Қазан, 2024

Әкім және халық пікірі

110 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

«Әкім бол, халқыңа жақын бол» деген сөз бар. Осы орайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында: «Азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру – бәрімізге ортақ міндет» деп атап айтқан еді.

Әкім және халық пікірі

Мемлекет басшысының бұл талабы, ең алдымен, ел өңір­­лерінде халықпен тікелей жұмыс істейтін барлық дең­гей­­дегі әкімдерге қатысты. Сондық­­­тан 2019 жылғы күзде мегапо­лис­тер мен облыс­тар­дың әкім­дері жаппай жеке блог ашып, ғаламторды пайда­ланушы азаматтардың сұрақ­тары мен өтініштеріне же­де­л­дете жа­уап бере бас­таған. Мұның өзі қоғамда оң пікір туғызып, өңір басшы­ларына деген құрмет пен сенім­ді арттыра түскен еді. Алай­да арада біраз уақыт өткен соң әкім­дер мұндай диалог­тен «қал­жы­рап» кеткен болуы керек, бәрі де жеке блог­терін жауып тас­тапты. Оған өңір­лер әкімдік­тері­нің ресми сайтт­арын түгел қарап шыққаны­мыз­да көз жеткіздік. «Көн құрысса, қалпына барады» деген – осы.

«Халық үніне құлақ асатын» мемлекет тұжырымдамасын жүзеге асыруда басқа өңірлерге өнеге көрсету­ге тиіс Астана қаласының әкімі өз блогін жауып қана қоймай, қызмет бабында пайдаланатын қалалық теле­фондарының нөмірін ғана жария­лапты. Ал жеке электрондық пошта мекенжайын көрсетуді артықсынған сияқты. «Алдыңғы арба қайда жүрсе, соңғы арба да сонда жүреді» дегендей, орынбасарлары да солай істепті.

Алматы қаласының әкімі қыз­меттік телефонының нөмірін ғана көрсетіп, жергілікті тұрғындармен жақынырақ қарым-қатынас жасауды орынбасарларына тапсырған сияқты. Өйткені олар қызметтік телефондарына қоса, жеке электрондық пошта мекенжайларын көпшілік назарына ұсыныпты.

Шымкент қаласының әкімі елорда мен «оңтүстік астанадағы» әріп­тестеріне қарағанда, жұртқа сәл жақын­дау ма деп қалдық. Ол қыз­меттік телефонының нөмірін көр­сетумен қатар, оның қасына әкімдік­тің электрондық поштасының мекенжайын жазыпты. Ал орынбасарлары қызметтік телефон нөміріне қоса жеке электрондық поштасының мекенжайын жариялапты.

Осы орайда Ұлттық экономика министрлігіне қарасты Эконо­ми­калық зерттеулер институты (ERI) әзірлеген Өңірлік әл-ауқат ин­дексі бойынша үш мегаполис тұр­ғын­дарының жергілікті әкімдік­терге сенім деңгейі облыстармен салыстырғанда әлдеқайда төмен екені бекерден-бекер емес. Мәсе­лен, былтыр Астана тұрғындарының жергілікті әкімдіктерге сенімі бұр­нағы жылғы 35,2 пайыздан 29,2 пайызға дейін азайған. Алматы­лық­тардың қаладағы әкімдіктерге сенімі 40,3 пайыздан 26,5 пайызға дейін құлдыраған. Ал шымкенттіктердің әкімдіктерге сенімі 33,3 пайыздан 33 пайызға дейін кеміген.

Өңірлердің ішінде Ақмола, Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай, Маң­ғыстау облыстарының әкімдері ғана қызметтік телефон нөмірлеріне қоса, жеке электрондық пошта мекенжайларын көрсетіпті. Бұл олардың өздеріне сеніп тапсырылған өңір тұрғындарының ой-пікірі мен талап-тілегін уақтылы біліп отыруды жөн көретінін білдіреді. Аталған өңірлер басшыларының орынбасарлары да қызметтік телефон нөмірлері мен жеке электрондық пошта мекенжайларын жария етіпті. Ұлытау облы­сының жаңа әкімі қызметтік теле­фонының нөмірі мен жеке элект­рондық поштасын жұртшылық назары­на ұсынғанымен, оның төрт орын­басарының біреуі ғана тікелей басшы­сына ұқсап бағыпты. Өзгелері жеке элек­трондық пошта мекенжайларын құпия ұстауды қалаған болып шықты.

Абай, Алматы, Жетісу, Жамбыл, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Шығыс Қазақстан облыс­тары­ның әкімдері қызметтік телефон нөмірі мен әкімдіктің электрондық поштасының мекенжайын көрсе­тіп­ті. Ал олардың орынбасарлары жеке элект­рондық пошта мекенжайын да жария­­лапты. Тек Алматы облысы әкімі­нің төрт орынбасарының біреуі жеке элек­трондық пошта мекен­жайын көр­сетуді «ұмытып» жүрген сияқты.

Павлодар облысының әкімі мен оның орынбасарлары қызметтік телефон нөмірі мен әкімдіктің элект­рондық пошта мекенжайын ғана жариялауды жеткілікті санапты.

Батыс Қазақстан облысының әкімі мен оның орынбасарлары өз­дерін жұрттың электрондық пошта арқылы мазалағанын жақтырмайтын тәрізді. Өйткені олар тек қызметтік телефон нөмірлерін ғана жариялауды құп көріпті.

Атырау облысы әкімдігінің сайты­нан мұнайлы өңір әкімінің қызметтік телефон нөмірін ғана таба алдық. Орынбасарлары қызметтік телефон нөмірінің астына әкімдіктің электрондық пошта мекенжайын ғана қоса жазыпты. Олар да «Жұрт жекеме жазып, жүйкеме тимесін» деген сыңайлы.

Шынтуайтында, әкімдер мен олар­дың орынбасарларының көп­шілігіне қызметтік телефон нөмірі арқылы қоңырау шалып, тілдесу оңай емес. Телефон тұтқасын көтеретін хатшы қыздар: «Бәленшекең қазір жиналыс өткізіп жатыр» немесе «Ол кісі қазір нысандарды аралап жүр, кейіндеу хабарласыңыз» деп діңкеңізді құртады. Ал Ақмола облысы әкімінің қызметтік телефоны нөмірінің жанына «Алдын ала кеңес алу үшін» деп жазылыпты. Бұл осы өңір басшысы аппаратының шенеуніктері ойлап шығарған «ноу-хау» болса керек.

Рас, әкімдер қалалар мен аудандарды аралап, еңбек ұжымдарымен кездесіп, жергілікті жерлердегі жағ­дайды сұрап-біліп жүреді. Бекі­тілген кестеге сәйкес азаматтарды жеке қабыл­дап, олардың ұсыныстары мен өтініштерін тыңдап отырады. Осындай іс-шаралар ескі Қазақстанда да өткізілетін. Бірақ көбіне формальды сипатта болушы еді. Өкінішке қарай, қазір де кейбір облыс әкімдері өзіне сеніп тапсырылған өңірлерді аралағанда аудандардың басшыларымен алдын ала келісілген, еш проблемасы жоқ ауылдық елді мекендерге ғана барып, жол мен ауыз­судан мұқтаждық көріп отырған ауыл­дарға ат басын бұрмайтыны бұ­қаралық ақпарат құралдарында сыналып жүр. Әрине, қиян түкпірдегі ауыл­дардың бәрін аралап шығуға көп уақыт керектігі де анық. Сондықтан да әкімдердің жеке блог жүргізгені, тым құрығанда жеке электрондық пошта мекенжайы жұртшылыққа қолжетімді болғаны жөн.

Осы орайда жақында epetition.kz сай­тында азаматтардың кез келген мемлекеттік органның үсті­нен жоғары тұрған мемлекеттік органға жолдаған арыздарын сол төмен тұр­ған мемлекеттік мекемелердің өздері­не тексерту үшін қайтадан жіберу­дің бюрократиялық тәжірибесін заңнамалық тұрғыда тоқтату туралы петиция жарияланғанын айт­қан жөн. Себебі жергілікті жерлер­де алдына мұқтаждығын айта келген адамның меселін қайтарып қана қой­май, «Қайда арыз жазсаң да, мей­лің. Бәрібір, сол арызың маған қай­тып келеді...» деп менменситін шенеу­ніктер бар. Әсіресе жергілікті атқару­шы органдарда. Демек, аталған пети­ция да әкімдердің бәрі бірдей «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжы­рымда­масын іске асыруға жете мән беріп, өзіне көрсетілген сенім үдесінен шығып отырмағанын аңғартады.