Қазылар алқасының ұйғарымымен, алматылық қаламгер Айзат Рақышеваның «Ауылға қайтар жол ашық» деп аталатын шығармасы байқаудың бас жүлдесіне лайық деп танылды. Шығармада өтпелі кезеңдегі урбанизация өкпегіне ұрынған ауыл жұртының қалаға қоныс аударғандағы бастапқы тұрмысы, әлеуметтік мәселелер, қиыншылықтар суреттелген. Ата-анасының шешімімен амалсыз ауылдан Алматыға көшіп келген оқушы бала Шапағаттың көзімен нанымды көрініс тапқан. Алматыда дайын үйі жоқ, пәтер жалдап тұратын отбасындағы күнделікті кикілжің, жоқшылық – осының бәрі балаға кері әсер етеді. Сондықтан да Шапағат алыста қалған алтын ұясы ауылын, аяулы достарын сағынады. Бұл – қалаға жаңа келген ауыл баласының кішкентай жүрегіндегі үлкен сағыныш.
Шығарма авторы Айзат Рақышева – он жеті жылдық өтілі бар мектеп мұғалімі. Таяуда мемлекеттік тапсырыспен «Әмірдің монологі» атты жетінші кітабы жарыққа шықпақ.
«Осы жылдар ішінде түсінгенім, балаларға тым оңай дүние керек емес. Ой түйетін, рухани азық алатын, ынталандыратын, баланың болашағына пайдасы тиетін туындыны талғап беру керек. Балалар ортасында жүргеннен кейін, кейбір оқиғалар жазуға сұранып тұрады. Көбінде езутартар сәттердің әр жағында адамды ойландыратын тағдыр жатады. Айналада болып жатқан құбылыстардың бәрі ең алдымен балаға әсер етеді. Партада бала емес, бір отбасының мүшесі отыр деп қарау керек. Ол отбасы қандай? Баланың достары қандай? Осының бәрін мұғалім білу керек. Көп жағдайда біз оны білмей қаламыз да, артынан опық жеп жатамыз. Шығармадағы Шапағат – өз оқушым. Жаңа жылдың алдында келді. Алғаш мектепке келгенде жалғызсырап жүрді. Сосын ашушаң болатын. Ол ашу қайдан шығады? Осы ашудың көзін іздеп табуға тырыстым. Бір күні ебін тауып: «Ой, бүгін жайнап тұрсың! Жігіттің көзінен осындай от шашып тұру керек. Қазақтың жігіттерінің қандай болғанын білесіңдер ме? Осы Шапағат сияқты жерден сәл ғана жоғары, бірақ алысқанын алып жығатын өте мықты болған», дедім. Одан кейін де оған жұмсақ сөйлеп, кейде арқасынан қағып қойып, ақырындап өзіме тарта бастадым. Кейін менің жанымнан шықпайтын дос оқушыма айналды. Өзге балалардың да оған деген көзқарасы өзгерді. Жалпы, күрделі бала деген ұғым болмайды. Күрделі баланың әр жағында жатқан мәселені біз көре біліп, көмек беру керек. «Қалың қалай? Бүгін өте сүйкімді болып тұрсың! Тү-ү-у! Шашың қандай жақсы!» деген бір ауыз сөздің өзі кейде балаға үлкен демеу беріп, көңілін жадыратып тастайды. Бұл қолымыздан келеді ғой, оған ұрса бергеннен түк шықпайды», дейді қаламгер-ұстаз.
«Байқау мақсаты – қазіргі қоғамның өзекті мәселелерін шынайы көрсете отырып, жастарды адамгершілікке, адалдыққа, еңбекқорлыққа, білім-ғылымға насихаттайтын авторларды іздеп табу. Олардың озық туындыларын насихаттау, жастардың оқуға деген қызығушылығын ояту, сондай-ақ отандық авторлардың шығармаларына баспагерлердің, кітап сатушы ұйымдардың, оқырмандардың, ата-аналардың назарын аудару», дейді байқаудың үйлестірушісі, Ы.Алтынсарин атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының қызметкері Зоя Әлмұқанқызы.
Байқау жеңімпаздарының бәрі Алматы қаласынан екенін айта кету керек. Мысалы, «Орыс тіліндегі ең үздік шығарма» аталымы бойынша алматылық Алексей Талаевтың «Ит адамға қалай сенді?» атты ертегілер топтамасы жеңімпаз атанса, алматылық қаламгер Самал Шаймерденованың «Ақсақ киік» әңгімесі осы байқауда белгіленген жалғыз арнайы сыйлықты жеңіп алды.
Қостанай облысы