Расында, Өзбекәлі Жәнібеков – қазақ үшін жүрек майын шам қылған (С.Торайғыров) арыс. Танымал журналист Талғат Батырхан «Egemen Qazaqstan» газетінің 2016 жылғы 2 қыркүйек күнгі санында жарияланған «Өзағаңның өнегесі» атты мақаласында: «Өресі биік Өзағаң кешегі қылышынан қан тамған кеңестік кезеңнің өзінде ұлтқа қызмет етудің үлкен үлгісін көрсетті. Шекпенді шенеуніктер шеруінің алдыңғы шебінде жүрсе де, арттағы топтан адаспады. Тоталитарлық жүйенің толып жатқан тосқауылдарына қарамай халқының бары мен жоғын хаттады. Тар заманның тасасында көмескі тартқан ескі құндылықтарымыздың елесін іздеді. Санғасырлық салт-санамыздың ұмыт қалған ұстындарын жұртының есіне салып, жеті ықылымнан жеткен алтын арқаудың үзілмеуіне аянбай атсалысты. Бабадан мирас бай мәдениетіміздің мәртебесін көтерді. Төл тарихымыздың төрт құбыласын түгендеуді асқақ мұратына айналдырды. Өшкеніміздің жанып, өлгеніміздің тірілуіне өлшеусіз үлес қосты. Соның арқасында сойы бөлек саңлақтар сапынан ойып отырып орын алды. Қазақ руханиятының қабырғалы өкілі ретінде соңында мол мұра қалдырды», деп жазған екен. Бұдан асырып айтар сөз жоқ.
Осы орайда, Өзағаңның Торғай өңірі мен оның орталығы Арқалық қаласының өсіп-өркендеуіне сіңірген еңбегін айтпай кетуге болмайды. Ағамыз 1970 жылы жаңадан Торғай облысы құрылған қараша айынан бастап, облыстық партия комитетінің идеологиялық хатшысы болып тағайындалады. Бұл қызметін 1975 жылы шілде айында Қазақстан Компартиясы ОК сыртқы елдермен байланыс бөлімінің меңгерушісі лауазымына ауысқанға дейін абыройлы атқарды.
«Өзбекәлі Жәнібековтің Торғай өңіріне, жалпы, исі қазаққа сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Торғайдың талантты жастарының басын қосып, тұңғыш рет 1972 жылы қазақ драма театрын, 1974 жылы «Шертер» ұлттық фольклорлық-этнографиялық ансамблін жасақтады, облыстық «Дала өлкесі тарихы» музейін ашты» («Egemen Qazaqstan», 28 қыркүйек, 2021 жыл) деп жазады «Егеменнің» осы өңірдегі тілшісі Нұрқанат Құлабай.
Осы орайда, Алматы қалалық мемлекеттік архив қорында сақтаулы тұрған мына бір суреттің тарихына тоқталсақ: фотода тұрған қазақтың арыс азаматтары – Екінші дүниежүзілік соғыстың ержүрек батырлары һәм Халық қаһармандары – Қасым Қайсенов пен Рахымжан Қошқарбаевтың «Арқалық қаласының құрметті азаматы» атанған сәті. Суреттің түсірілген уақыты «9 мамыр, 1975 жыл» деп жазылған.
Шындығында, осы жылы (1975) одақ көлемінде ұлан-асыр атап өтіліп жатқан ұлы Жеңістің 30 жылдық мерейтойы мен Арқалық шаһарының қала мәртебесін алғанының 10 жылдық датасына орай қазақтың маңдайына басқан қос батырын аттай қалап шақырып алып, «құрметті азамат» атағын бергізген адам – сол тұстағы облыстық партия комитетінің идеологиялық хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков.
Қазіргі таңда қазақ қоғамында ұлы тұлғаларды ұлықтау ісінде өңірлік шектеу бар. Батыс өңірі өз адамдарын, шығыс өз қайраткерлерін, оңтүстік өз тумаларын насихаттап әлек. Бұл жерде туған жер, өскен өңіріне қарамай күллі ұлтқа ортақ арыстарды әспеттеу ісін бүгінгі қоғамға ортақ дүние ретінде таныту қажет-ақ. Бұған мұндағы «Өзағаңның өнегесі» үлгі.