Аймақтар • Бүгін, 09:05

Кәріз су кешені салынатын күн жақын

22 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

«Елу жылда ел жаңа» дегенді жиі айтып жатамыз. Әйткенмен, тәуелсіздік алғалы бері отыз жылдан астам уақыт өтсе де, Тараз қаласы мен онымен жапсарлас Жамбыл ауданы жұртшылығының жүйкесін жұқартқан кәріз суы кешенін салу мәселесі кейде тіпті шешімін таппайтындай көрінетін. Олай емес екен. Тұрғындар тілегі орындалатын болды. Жергілікті атқарушы билік жұрт жанына батқан түйінді шешуге ниетті.

Кәріз су кешені салынатын күн жақын

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Расында, облыс орталығы Тараз қала­сынан Жамбыл ауда­ны­ның орталығы Аса ауылына қатынаған жұрт қолқаны қапқан жа­ғым­сыз иістен ұзақ жыл бойы зардап шегіп келеді. Халық көкейіндегі мәселені жергілікті тұрғындар ғана емес, депутаттар да талай рет мінбеден көтергені жадымызда. Әрине, Тараздың басты мәселесі бәрінің жанына бататын. Қала билігі енді осы проблеманы жүйелі түрде шешуге білек сыбанып кірісе бас­тады.

Дерекке сенсек, Тараз қаласы кәріз су кешені жүйесі салынбаған еліміздегі жалғыз қала деседі. Жұрттың жүйкесіне ши жүгірткен проблеманы жедел ше­шетін кез келген сыңайлы. Жергілікті атқарушы билік те халық өтінішін қана­ғат­тандыру бойынша қолдан келгенше жұмыс атқарып жатқаны даусыз. Әрине, жылдар бойы жырға айналған мәселені бір күнде шешу әсте мүмкін емес. Уақыт керек.

Қала әкімі лауазымына тағайын­дал­ған­нан кейін аз уақыт өткен соң, Бақытжан Орынбеков облыс орталы­ғын­дағы бірнеше өткір мәселені жү­йе­лі түрде шешу үшін қолдан келгенше қамданатынын жеткізген еді. Журналистермен жүздескен Тараз қаласының әкімі бірінші кезекте кәріз суы кешенін салуға назар аударатынын да айтқан. Содан бері бұл жұмысты жүйелеу бағытында ауыз толтырып айтарлықтай шаруа атқарылып жатыр.

Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков сегіз айдың қорытындысы шығарылған басқосуда да кәріз суы кешенін салу мәселесіне қатысты жеке пікірін айтып, атқарылып жатқан жұмыс туралы хабардар еткен. Б.Орынбековтің айтуынша, өзекті мәселе алдағы бірнеше жылдың бедерінде шешімін таппақ. 

«Тараз қаласында кәріз сулары кеше­нін салу – уақыт күттірмейтін өзек­ті проблема. Оған ешкім дау айта алмаса керек. Көкейкесті мәселені жер­гі­лікті халық та, білікті мамандар да бес саусағындай жақсы біледі десем, қателесе қоймаспын. Әрине, жұртты толғандырған проблеманы шешу үшін уақыт қажет. Дәл қазір кәріз сулары көршілес Жамбыл ауданы аумағында орналасқан 217 гектар аумақтағы сүзгі алаңына құйылып жатқаны баршамызға мәлім. Сүзгі алаңдары шамадан тыс артық толғандықтан, Аса өзені мен жерас­ты суларының ластану қаупі бар екенін жоққа шығара алмаймыз. Бұл мәселе Тараз бен Жамбыл ауданы жұртын ғана емес, кез келгенімізді толғандырса керек. Сондықтан қала тұр­ғындарының бас ауруына айналған проблеманы шешу бағытында бірқатар жұмыс атқарып жатырмыз. Тараз қала­сының кәріз суларын тазарту кеше­нін салуға нақты қадам жасалып, біраз уақыт бұрын «Жол картасы» әзірленген болатын. Ресми құжатқа сәйкес Еуро­па­ қайта құру, «Даму» банкінен тиісті грант бөлініп, техникалық-эко­но­микалық негіздеме уақтылы да­йын­далып, мемлекеттік сараптамаға жібе­рілді. Бұдан кейін салалық және эко­но­микалық сараптама жүргізіліп, мер­ді­гер­ді анықтауға халықаралық конкурс өткізіледі. Құрылыс 2025–2027 жылдарға жоспарланған», деген еді шаһар басшысы біраз уақыт бұрын.

Дерекке сенсек, Тараз қаласында 1963 жылдан бері қарапайым сүзгі алаңдары жұмыс істеп келеді. Бір сөзбен айтқанда, шайынды сулар 60 жылдан астам уақыт бойы осы сүзгі алаңдарына құйылып жатқаны белгілі. Әрине, 60 жыл деген аз уақыт емес. Біріншіден, қондырғы тозады, екіншіден, технология дамыған бүгінгі күннің сұранысы мүлде басқа. Халық саны да едәуір артқан.

Мамандардың айтуынша, Тараздан аққан кәріз суының барлығы Жамбыл ауданындағы «Жамбыл су» мекемесіне қарасты сүзу алаңдарына барып құйы­лады. Мұнда тәулігіне 70–75 мың текше метр, дәлірек айтсақ, 1000 литрге жуық су жиналады екен. Әрине, аз емес. Енді бұл мәселенің түйінін тарқату үшін біраз тер төгуге тура келеді.

Қалай десек те, Тараз қаласына кәріз сулары кешенін салу қажеттігі анық. Аталған нысанды салу арқылы жергі­лікті халықты толғандырған бірқатар мәселені шешуге болады. Бұған дейін Жамбыл ауданына қарасты бірқатар елді мекен тұрғындары шайынды судан айтарлықтай зардап шегіп отырғанын жиі айтатын. Ластанған жерге малын жаюға мәжбүр болған шаруалардың да шырылдаған үні жергілікті атқарушы билікті толғандырғаны көңіл қуантпай қоймайды. Бір сөзбен айтқанда, Қостөбе, Тастөбе, Ерназар, Бірлесу-Еңбек, Өрнек секілді елді мекен тұрғындары жылдар бойы көтеріп келген өзекті мәселе алдағы 2–3 жылдың бедерінде толығымен шешімін табады. Өйткені жергілікті атқарушы билік осындай уәде беріп отыр.

Бірнеше күн бұрын Тараз қаласында кәріз суын тазарту кешенінің құрылысын жүргізу мәселесіне қатысты арнайы кеңес өткізілді. Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің қатысуымен өткен басқосуда өткір мәселені шешуде нақты қадамдар жасалып жатқаны тура­­лы жан-жақты айтылды. Мамандар кешенді қалай салу керектігі туралы ұсы­ныс­тарын ортаға салды.

Жергілікті атқарушы билікпен қатар салаға жауапты мамандар да кәріз суларын тазарту кешенін салу кезек күттірмейтін мәселе екенін алға тартып отыр. Тараз қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі келтірген дерекке сенсек, көкейкесті мәселені шешуге бағытталған жоспарлы жұмыс өткен жылдың қараша айынан басталған.

Қолға алынған жұмыстың нақты нәтижесі де жоқ емес. Конкурстық негізде Аустрияның «Hydrophil GmbH» компаниясы отандық «IRD және BDC» компаниясымен бірлесіп, жеңімпаз деп танылды. Бүгінде аталған серіктестіктермен «Жамбыл су» мекемесі арасында келісім­шартқа қол қойылған. Кеңесші жобаны 50 ай бойы сүйемелдеп, мердігер үшін жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлейді.

Облыс орталығында шоғырланған халықтың саны жыл сайын артып келеді. Мәсе­лен, шамамен 15 жыл бұрын Тараз қа­ласы тұрғындарының саны 350 мың ша­ма­сында болса, қазір 400 мыңнан астам адам қоныстанған. Бұл көрсеткіш жыл өткен сайын артпаса, кемімейтіні анық. 

Жалпы алғанда, сарқынды сулардан келетін зардап аз емес. Қоршаған орта да ластанады. Мамандар келтірген дерекке жүгінсек, талдау жұмыстарының нәтижесінде сарқынды сулардағы қатты заттардың үлесі рұқсат етілген нормативтен  70  есеге жуық артық болады екен. Бұдан бөлек, аммоний азотының, нитраттардың да үлесі едәуір асып кеткен көрінеді. Бір сөзбен айтқанда, қолға алынған жұмыс уақтылы аяқталмаса, шайынды судан қоршаған орта да, тұрғындар да зардап шегетіні ақиқат. Шайынды суды тазарту кешені сол үшін де аса қажет.

Мамандар келтірген дерекке сенсек, кәріз жүйесінің бір ғана бағытпен жұмыс істеуі де кедергі келтіретін көрінеді. Өйткені жиналған қалдық су екі коллектормен ағады. Ал тұндырғыш құрылғы едәуір тозған. Алпысыншы жылдардағы технология қазіргі заман талабына жауап бере алмайды-мыс. Өйткені қала тұрғындарының саны артқан. Ал байырғы технология сол кездегі халық санына, сол уақыттағы өндіріс ошақтарының қуатына сәйкес есептеліп салынған. Сондықтан қазіргі кезде ескі технология уақыт сұра­ны­сын қанағаттандыра алмайды.

Қалай алып қарасақ та, Тараз тұрғын­­да­рын толғандырған мәселе 2028 жылы ше­шімін тауып, үш сатылы жұмыс 4 жыл­дан соң аяқталатыны анық. Жоба жүзе­­ге асқан жағдайда тәулігіне 100 мың текше метр сарқынды су механикалық және био­логиялық тазартудан өтеді. Қауіпті саналған химиялық қалдықтар жойы­­лады. Тіпті шайынды сумен егіс алқап­­­та­рын суаруға да мүмкіндік тууы мүмкін. Жергілікті атқарушы билік бұл жұ­­мысты жоспарға сәйкес жүргізуге мүд­делі.

 

Тараз