Зерде • 02 Қараша, 2024

Қара сөзден олжа салған

300 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қазақ әйелдері арасында алғаш роман жазған Сара Мыңжасарованың туғанына 100 жыл толуына орай биыл «Оқитын өлке» акциясы аясында Ақтөбе облысында жазушы шығармалары таңдалып, қаңтар айынан бастап кітапхана, мектептерде небір маңызды іс-шаралар өтті. Шалқар аудандық орталық кітапханасының коворкинг залында «Өз дәуірінің тамыршысы» атты әдеби кеште ақтөбелік өлкетанушы Жұмабай Асарбаев осыдан қырық жыл бұрын Алматы қаласында Сара Мыңжасаровамен дәмдес болғанын, сол отырыста Әбіш Кекілбаев, Фариза Оңғарсынова сынды қазақ әдебиетінің белгілі өкілдері мен журналист Мәриям Қарақонақова жазушы апамызға керемет құрмет көрсеткенін жеткізіпті.

Қара сөзден олжа салған

Одан беріде аудандық, қалалық, облыстық кітапханаларда жа­зушының мерейтойына байланысты ұйымдастырылған іс-шараларды тізіп жатпаймыз. Қаңтар айынан басталған шаралар әлі де жалғасып жатыр. Оқыр­мандар Орта Азия елде­рінде тұңғыш роман жазған әйел туралы республикалық газет материалдарымен, қызықты деректермен танысты.

Тек Ақтөбе облысында емес, Сара Мыңжасарованың ме­рейтойы еліміздің рухани кеңістігіне де біршама жаңа­лығымен келді. Кезінде жақын араласып, ұлындай көрген қоғам қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкеновтің қолдауымен «Әйел ба­қыты», «Өмір кө­рі­ністері» атты кі­тап­тары жарық көріп, қа­лың оқырманға жол тарт­ты.

«Abai TV» телеар­на­сының бас продюсері, филология ғы­лым­да­­­ры­ның кандидаты, ақын, тележүргізуші Жа­ңыл Асыл­бе­кова Са­ра апамызға «Ұмыт­пай­мыз» бағдар­ла­ма­сының ке­зекті шыға­ры­лы­мын арнады. Қазақстанның ең­бек сіңірген қайраткері, І дәрежелі «Барыс» және «Парасат» ор­дендерінің ие­гері, ақын Шө­мішбай Са­риев­тің жары Жұ­магүл осы «Ұмыт­паймыз» тү­сірілімінің өзін қатты тол­ғандырғанын, жас­тық шағын еске түсіргенін айтып, Сара апайдың соңғы ж­ыл­­дардағы қызметі туралы тебі­рене сыр шертті:

«1971 жылы Сара апайдың «Қазақстан» баспасынан «За­мандастар» повесі басылып шық­қалы жатқан. Шөмішбаймен жаңа қосылған кезіміз, үлкен ұлымыз 8 айлық, мен декреттік демалыста отырғанмын. Шө­мішбай ҚазМУ-дың студенті. 5-курсты аяқтауға аз қалғанда «Қазақстан» баспасына жұмысқа тұрды. Баспаның директоры Абай Бейсенбаев деген кісі болатын. Бір күні Шөмішбай: «Бізде Сара Мыңжасарова деген жазушы апайдың кітабы баспадан шыққалы жатыр. Ол кісі жақында Қазақ КСР Байланыс министрлігінің «Союзпечать» деген басқармасының мерзімді баспаға жазылу бөліміне мең­геруші болып, қызметке «Ка­захстанская права» газетінен жұмысқа ауысып келген екен. Министрлікте 4-5 қана қазақ қызмет жасайды, қалған­дарының бәрі басқа ұлт өкіл­дері. Министр Әбдірзақ Елебаев деген қісі болатын, ол не қарап отырғанын біл­меймін деп, баспадағы жі­гіт­терге ренішін білдіріпті. «Мен өз бөліміме қазақтың қыз-келіншектерін жұмысқа аламын, жігіттер, келіншектеріңді маған жіберіңдер» депті. Біраз жігіттердің әйелдері барған екен, апай оларды ұнатпайтын көрінеді. Бірінің түрі, бірінің мінезі ұнамаған сияқты. Шөкең «сен де барып көрсең қайтеді» деді. Мен жас баламен отырмын, бірақ Шөкең өзі Сыр өңірінің азаматы, ата-анасы Қамбаш деген стансада тұратын. Біздерде үлкен баланы әке-шешеге береді, ұлымызды бір жасқа толғасын сол кісілерге береміз деп мені көндіріп қойған.

Сонымен мен ертеңіне төбесінде үлкен сағаты бар мекеме – Қазақ КСР Байланыс министрлігіне келдім. Сара апай мерзімдік газет-журнал жазылатын бөлімнің бастығы екен. Ер тұлғалы, сұсты кісі. Менімен біраз сөйлесті, апайға ұнадым, жасым 21-де. «Жақында Сұлуқыз Басымбекова, Райхан Жақыпова деген келіншектерді алып қойып едім. Енді сені бөлшек-сауда бөлімінің баст­ығына жіберем», деді.

Сөйтті де телефонмен бір орыс кісімен сөйлесіп, соған жіберді. Әлгі кісіге келіп, өзім туралы айтып жатырмын, тұр­мыстамын, кішкентай сәбиім бар дедім. Ол: «Біздер облысқа он күндеп іссапарға шығамыз, соған келісіміңді берсең, жұмысқа қабылдаймын», деді. Мен ондай жұмысқа бара алмайтынымды айтып, Сара апайға қайта келдім. «Келісемін» деп қол қоя бер арызыңа, сені жас балаңмен ешкім де іссапарға жібере алмайды, заң бар, сосын балаңды ата-енеңе апарып беретініңді айтпа деп, қайтадан жаңағы кісіге жіберді. Оған іссапарға шығуға келісетінімді айтып, қол қойып бердім. Сонымен, Сара апайдың арқасында мен инструктор болып жұмысқа қабылдандым.

Міне, сол Сара Мыңжасарова апайдың арқасында Байланыс мекемесіне қызметке тұрып, сонда 48 жыл қызмет жасадым. Алғашқыда 1972 жылдан Қазақ КСР Байланыс министір­лігінде, кейін 1994 жылы атал­ған министірлік үш салаға: «Қазақтелеком» АҚ , «Қазпошта» АҚ және «Көлік және коммуни­кация министрлігі» болып бө­лінді. Мен 1994 жылдан «Қазақ­телеком» АҚ мекемесінде қалып, сол жерден зейнетке шықтым. Зейнетке шыққаннан кейін он жыл келісімшартпен қызмет атқардым. Сара апамның жұ­мысқа қабылдағанының ар­қасында байланыс саласында бар ғұмырым өтті.

Ол кісіден ұжымда бәрі име­нетін, ешкім қарсы келе ал­майтын. Орысшасы мық­ты, сөй­легенде бәрі тынып қалатын. Апай туралы жазу менің ойым­да жоқ еді, бәрі жү­регімде, ішім­­де болатын. «Ұмытпаймыз» хабарын көріп, жасаған жақ­сы­лығын, Сара апайға шексіз ри­зашылығымды жеткізгім келді.

Сара апамыздың есімін тарихи тұлға ретінде ұлықтауға айтарлықтай атсалысып жүрген А.Құсайынов атындағы Еу­разия гуманитарлық инс­ти­тутының проректоры, тарих ғы­лымдарының докторы, профессор Қадыр Ахметов былай деп еске алады:

«1971 жылы ҚазМУ-ге оқуға түсу үшін Алматыға келдім. Менің апам Сара жазушы Сара Мыңжасарованың қызы Қар­лығашпен бірге университетте, бір топта оқыпты. Құрбы ретінде жақсы араласқан.

Құжаттарымды қабылдау комиссиясына тапсырып, жа­тақхана алғанша Сара апайдың үйінде тұрдым.

Студент кезімде Сара апай­­дың үйінде болып, ақыл-ке­ңесін алып жүрдім. Бай кітап­ханасынан қазақ және шетел жазушыларының кітаптарын алып оқуыма мүмкіндік жасады».

Өмірдің қилы өткелдерінен өткен Сара Рахманқызы Қара-шоқат жетіжылдық мек­те­­­бінен кейін Шалқар қазақ ор­та мектебінде білім алды. 1941 жылы Ақтөбе оқытушылар инс­­ти­ту­тының қазақ тілі, әде­биеті факультетіне оқу­ға түседі. 1942 жыл­дың қазанында Шалқар аудан­­дық қа­зақ орта мек­­тебіне оқы­тушы етіп жібереді. Осы жылдың соңында Шалқар аудан­дық комсомол ко­ми­тетінің бірінші хат­шылығына сайланады. 1944–1949 жылдары Талдықорған облыстық комсомол комитетінің мектеп жастары арасындағы жұмыс жөніндегі хашысы қызметін атқарады. Қазақ, орыс тілдерінде еркін жазған Сара Мыңжасарова қолтаңбасы Талдықорған облыстық «Ста­линшіл», «Семи­реченская правда», Алматы облыстық «Ком­мунизм таңы», рес­публикалық «Казахстанская правда» газеттерінің бетінде сайрап жатыр. Кейінгі жылдары Байланыс министрлігінің баспасөз тарату бөлімінің бастығы қызметін атқарған.

Осы жолдарды жазып отыр­­­ғанымда, Сақтаған Бәйі­шев атындағы Ақтөбе облыс­тық әмбебап ғылыми кітап­ханасындағы Әсел Жұбаевадан: «Сара Мыңжасарованың 100 жылдық мерейтойына конференция өткіземіз. Көзін көрген, ізін қуған жазушы сіңлісі ретінде бірауыз сөз сөйлесеңіз жақсы болар еді. Зум арқылы қатыса аласыз ба?», деген хабар келді телефоныма.

Иә, Сара Рахманқызы Мың­­жасарова есімі романдарымен, аударма, сұхбат, мақала­ларымен ел есінде мәңгі сақта­лары анық.

Елге еңбегі сіңгендерді құр­меттеу – тірілердің, кейінгі ұр­пақтың жалғаса беретін қа­сиетті парызы.

 

Мағира ҚОЖАХМЕТОВА,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері