Өнер • 02 Қараша, 2024

Би өнері тәнті етті

168 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қоңыр күздің кезекті күндерінде Еркеғали Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармониясының «Шалқыма» халық би ансамблі «Алтын қор – би қазынасы» атты концертін ұсынды. Мәдени кеш Қарулы күштердің ұлттық әскери патриоттық орталығында өтті.

Би өнері тәнті етті

Аталған кеш ұлттық мәде­ние­ті­міздің ең бай әрі көрнекті қазы­наларын дәріптейтін маңызды мәдени іс-шара болды. Оған елі­міздің үздік әртістері мен өнер қайраткерлері қатысып, қа­зақ халқының би және музы­ка өнерінің озық үлгілерін ұсынды. Концерт көрермендерді халқымыздың мәдени мұрасының алтын қорына саяхат жасатып, қазақтың биі мен күйінің ерек­ше үндестігін таныс­тырды. Әр шығармада ұлттық би дәс­түрінің керемет шеберлігі мен композиторлардың төл туын­ды­ларының үйлесімділігі айқын көрінеді.

Кеш бағдарламасына халқы­мыздың атақты компози­тор­ла­рының шығармалары мен ұлттық билері енген. Құрманғазы, Сүгір, Тәттімбет, Нұрғиса Тілендиев, Кенжебек Күмісбеков сынды ұлы тұлғалардың күйлері «Шалқыма» халық би ансамблі мен «Сарыарқа» халық музыка ансамблінің шебер орындауында көрермен назарына ұсынылды. Концерттегі би нөмірлерін қоюшы шеберлер – Қазақ КСР Халық әртісі Шара Жиенқұлова, Қазақстанның Халық әртісі Зауырбек Райбаев, Қазақ­стан­ның еңбек сіңірген әртісі Жанат Байдаралин, басқа да танымал хореографтар. Олар әр шығарманың терең философиясын, ұлттық би өнерінің сұлулығы мен үйлесімін көрерменге жеткізе алғаны анық.

Аталған кеш қазақ мәде­ние­ті­нің байлығы мен сұлулығын дәріптеп, халқымыздың рухани мұрасының мән-маңызын ашуға бағытталған. «Алтын қор – би қазынасы» жобасы қазақтың би және күй өнерін бір сахнада үндестіру арқылы ұлттық мұраны заманауи көрермендерге жақын етіп жеткізеді. Осылайша, қазақ мәдениетінің көпқырлы және бай мұрасына деген қызығушылықты арт­тырып, өскелең ұрпақты ұлт­тық өнерге баулуға мүмкіндік бер­гені сөзсіз.