Сурет: krmm.kz
Жиын барысында Ұлттық тестілеу орталығының директоры Болатбек Әбдірәсілов ҰБТ-ның 20 жылдық тарихындағы атаулы жетістіктер мен маңызды жобаларды таныстырды.
«2004 жылы енгізілген осынау тестілеу жүйесі мектеп бітірушілерінің білімін бағалауға деген көзқарасты түбегейлі өзгертіп, жоғары оқу орындарына түсудің негізгі тетігіне айналды. Екі онжылдық ішінде ҰБТ заманауи технологиялар мен ғылыми тәсілдерге негізделген еліміздегі оқытудың ажырамас бөлігіне айналды. Дәл осы тестілеу жүйесі бұрынғы форматта жалғаса береді. Бірақ сұрақтардың мазмұнын өзгертіп, ашық тестілеуден өтуіміз керек. Өйткені ҰБТ оқушының білімін ғана бағалайды. Бірақ мұнымен шектелмей, балалардың басқа да қабілеттерін анықтауымыз қажет. Балаларымызға қажетті ақпаратты іздеуге, оны практикалық мақсатта пайдалануға үйретуіміз керек. ҰБТ оқуға түсу құралы ғана болмай жұмыста, ғылыми салада да қолданса дейміз. Жаһандық емтихан саласының мамандарымен ақылдасып, білім мен қабілетті анықтаудың озық тұстарын талқылау – бүгінгі жиынның басты мақсаты», деді Болатбек Серікбайұлы.
Іс-шара барысында АҚШ, Ресей, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан елдеріндегі емтихан орталықтарымен өзара ынтымақтастықты қолдау мен дамытуға бағытталған меморандумдарға қол қойылды. Сонымен қатар кездесуде халықаралық сарапшылар білім нәтижесін жасанды интеллект арқылы бағалау, оқытудың сапасын арттыру секілді тақырыптарда пікір алмасты.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек конференцияның маңызын ескере отырып, бұл шығармашылық идеяларды талқылауға, болашақты болжауға, сондай-ақ озық білім мен тәжірибе алмасуға бағытталған бірегей жоба екенін атап өтті.
«ҰБТ – оқыту үдерісінің маңызды бөлігі. Жиырма жыл ішінде Ұлттық бірыңғай тестілеу жоғары оқу орындарына түсуге қолжетімділік пен ашықтықты қамтамасыз ететін маңызды құралға айналды. Халықаралық стандартқа сай дәл осы жүйе әр түлектің әлеуметтік немесе географиялық жағдайына қарамастан, сапалы білім алуға тең мүмкіндік береді. ҰБТ дегеніміз жай емтихан емес, бұл – бізге таланттарды анықтауға, оқушыларды ынталандыруға, олардың білімге деген құштарлығын арттыруға көмектесетін құрал. Жиырма жылдағы маңызды үдеріс – емтиханның цифрландырылуы. Ендігі міндетіміз – қол жеткізген нәтижелерді сақтап қана қоймай, алға қарай ұмтылу. Өйткені уақыт талабына сай сын-тегеурінге дайын болу өте маңызды», деді министр.