Пікір • 02 Қараша, 2024

«Ғылым таппай­ мақтанба»

809 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жуырда бес тілді жетік меңгерген, бес дипломы бар қазақ ғалымының Жапония ғылымын дамытуға кеткенін отандық БАҚ жарыса жазды. Өз жерінде мардымды қызмет таппаған соң, шетел асуға мәжбүр болған. Ал шекара асқан «ақыл-ой ағынының» қайта оралатыны күмәнді. Сонда Мемлекет басшысының ғалымдарды қайтару керек деген Үкіметке тапсырмасы не болмақ? Осы орайда дамыған елдердің ғылымы тәжірибелі ғалымдармен емес, тәжірибе жинақтап жатқан қызметкерлермен де мықты дамып жатқанын ескеру керек.

Көзімізбен көріп, тәжі­рибе жинақтаған Ұлыбри­танияны алайық. Британия билігі су тасыса да, үй өртен­се де, ғимарат салса да, ғы­лымға сүйенеді. Ұлы­британия – өрттен көп жапа шеккен ел. Сонау 1666 жылы 2 қыр­күйекте басталған алапат өрт 4 күнге жалғасып, Ұлы өрт (Great Fire) деп аталды. Pudding Lane-дағы наубайханадан басталған тілсіз жаудан Лондонның көп бөлігі жоқ болды. Ірі мұражай, шіркеу, мәдени ошақтарды жермен-жексен еткен. 87 шіркеу, 13 200 үй күл болып, 37 млрд фунт шығын келген. 70 мың адам үй-күйсіз қалып, 6 адам құрбан болған. Сол күні болған жел өрт­ті одан сайын өршіткен. Ал бұл мемлекет ғылыми зерт­теу­лері арқылы осы өрттен нәти­же шығара білді. Бүгін болып, ертең ұмытылып кеткен жоқ. Өрт қайдан шықты, қай уақытта, неге бірнеше күнге созылды, бастау алған жері, оның бір шақырымда қанша уақыт жанғаны минут-секундына дейін зерттелді. Көп­теген ғылыми жұмыс жазылып, нақты дәлелденді. Дерек­ті фильмдер түсіріліп, өрт қызуының қанша гра­дус­қа дейін барғаны дәлдік­пен көрсетілді. Негізгі себеп – ағаш үйлер мен ғимарат­тардың бір-біріне тым жақын орналасқанын ғылыми тұр­ғыда зерттеу. Кейіннен үйле­рін тастан сала бастады. Кез келген жағдайға ғылым араласса, мәселенің шешімі болары белгілі. Бұлар солай істей алды.

Бұл салаға олар қаржыны аямай құяды. Есесіне ғалым­дар аянып қалмай, тапсырыс берген жобаларын бүге-шігесіне дейін да­йындап береді. Жергілікті билік еш күмән келтірместен, анда-мында сандалтпастан тәжірибе жасап, жүзеге асырады. Көбіне әр өңірдің билігі – біздіңше, жергілікті әкімдік аймақтағы мәселенің шешімін сол жердің ғалымдарына тапсы­рады. Ғылыми орта­лық ЖОО-да ашылған. Сон­дағы уни­верситеттердің қызметкерлері ғылымға енді араласа бастаған магистрант, докторанттарды тарта отырып, олардың идеясымен белгілі бір мәселені зерделеп, шешімін шығарып береді. Есесіне жас ғалымдар тәжірибе жинақтап, ай сайын айлық алып отырады. Жобаны әкімдік қаржыландырады. Жоба мерзімі үш айдан бір жылға дейін созылуы мүм­кін. Осы жылы Ланкастер универ­ситетінің Менеджмент мектебінің магистранттары жергілікті экологияға қатысты әкімдіктің тапсырыс берген жобасына зерттеу жүргізгенін білеміз. Зерттеушілер тобының арасында аталған университеттің магистратурасында білім алып жатқан қазақ қызы да бар.

Бізде де ЖОО жанынан ашылған ғылыми орталық, институттар бар. Бірақ онда­ғы зерт­теулерге магистрант, докторант тартылуы өте әлсіз. Әкімдіктің тіптен шаруасы жоқ, орталық, институттар құзырлы ми­нистр­ліктің гранттарын, тендер аңдып отыр­ғаны. Осыдан соң ғылымның бастау алатын жері – болашақ ғалымдарды даярлайтын университеттердің өзінде ғылым жоқ. Өйткені министрлік – бір жақта, әкім­дік – бір жақта, университеттер – өз алдына, магистрант, докторанттар тіпті бөлек. Осылар бір-бірімен қабыспаған соң бүтін ғылым дамымайды.

Қазір магистр, PhD дәрежесі екінің бірінде бар. Мемлекеттік басқару ака­де­миясында жыл сайын жүз­деген мемлекеттік қыз­метші магистр, доктор дәре­жесін алады. Оның үстіне «Бола­шақ» бағдарламасымен қанша мем­лекеттік сала қызметкері білімін көтерді. Бірақ Ұлыбри­танияда­ғы сияқты елімізде болған ірі өрттердің се­беп-сал­дары әлі зерттелген жоқ. Төтенше жағ­дайлар министр­лігінің құрамы өртті сөндіріп, министрдің орнынан кеткенін ғана білеміз. Осындай бірден-бір саланың мәселесі әлі де ғалымдармен кеңесе отырып, шешімін таппай келеді.

Мемлекеттік қызмет­ші­лер­ді магистратура, докторан­тураға оқытудың мақсаты қо­ғам­дағы мәселелерді ғылым­ға сүйене отырып шеше­тін қызметкерлерді даярлау емес пе еді? Осын­дай қадамдар жасалса, Үкімет­тің бас қатырар мәселелері шешімін тауып қалар. Ғалым­дарымыз да шетел аспай өз еліне қызмет етері сөзсіз. Сон­дықтан хакім Абай айтқандай, ғылым таппай көшіміз ілгері деп кеуде қағуымызға әлі ерте.