29 Қаңтар, 2015

Көкшетауда Қазақ хандығының 550 жылдығына орай көрме өтті

323 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
29 01 - korme КӨКШЕТАУ. 29 қаңтар. Көкшетау қаласындағы Әдебиет және өнер музейінде Қазақ хандығының 550 жылдығына орай көрме ұйымдастырылды. Бұл туралы egemen.kz хабарлады. Көрме жұмысын музей директоры Нұрбек Нұралин ашып, тағлымдық іс-шараның басты мақсатына тоқталып, оның мәні мен маңызы жайлы кеңінен әңгімелеп берді. Көркемсурет академиясының корреспондент мүшесі, танымал суретші Дулат Қоспанов, Суретшілер одағының мүшелері Юрий Попов, Магомед Кокурхоевтың картиналары көрермен назарын баурап алды. Әсіресе, Дулат Қоспановтың «Оқжетпес», «Қарасай батыр мен Ағынтай батыр», «Қыз қуу» атты картиналары қазақ халқының өткен тарихын бейнелейтін тамаша туындылар ретінде бағаланды. Тарихи образдарға толы туындыларда қазақтың қайсарлығы, қарапайымдылығы, өжеттілігі, өрлігі, кеңдігі айшықты суреттелген. Ал қолданбалы өнер саласында белгілі мүсінші Юрий Поповтың «Под голубым небом», «Старцы», «Дервиш. Благая весть» атты шығармаларын ерекше атап өтуге болады. Автордың құм мен саздың күйдірілген қосындысынан жасаған мүсіндері де бірінен-бірі ажарлы, мазмұнды екендігін айту керек. Сондай-ақ, өнер сүйер қауым Магомед Кокурхоевтың «Тұлпар қанаты», «Үш апалы-сіңлілі» картиналары да шынайы образдарға толы тамаша туындылар. Суреттер майлы бояумен салынып, бір-бірімен үйлесім тапқандай. Қылқалам шеберлерінің картиналарын оқушылар қызыға тамашалады. Көрме барысында Суретшілер одағының мүшесі Дужан Мағзұмовтың да «Таң сәрі», «Үндестік», «Түркі» шағармалары жұртшылық талғамынан шықты. Мәселен, «Таң сәрі» полотнасында қызыл және көк бояуларды қолданған шебер композициялық тұтастықты ұтымды көрсете білген. Тағы бір айта кетерлігі, көрме барысында қонақтарды аталмыш музейдің ғылыми қызметкері Гүлзайра Сәбитова жәдігерлер залымен таныстырды. Мұнда қару-жарақтар мен ер-тұрман, әшекей бұйымдар, қолжазбалар, қазба жұмыстары барысында табылған құты мен 500 жылдық тарихы бар саптаяқ қойылыпты. Әсіресе, сал-серілер бұрышында Ақан сері ардақтаған Ақтоқтының Жалмұқаннан туған баласы Сұлтанның домбырасы, сондай-ақ Ақтоқтының «Зингер» тігін машинасына оқушылар қызығушылық танытты. Киіз үй бұрышындағы әсем тұрмыстық бұйымдар да көз жауын алады. Мұнда да Қазақстан Республикасы Суретшілер одағы мен академиясының мүшесі Ибрагим Исеновтың картиналары қатысушылардың қызығушылығын тудырды. Қазақ хандығының 550 жылдығына орай ұйымдастырылған суретшілердің көрмесі бір ай бойы жұртшылықтың назарына ұсынылатын болады. Бақберген Амалбек. Дерек: egemen.kz. Сурет: Төлеген Қосшығұлов.