Оқиға • 04 Қараша, 2024

Қазақстан сот жүйесін цифрландыру бойынша 4-ші орында - CEPEJ президенті

112 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сот төрелігінің тиімділігі жөніндегі Еуропалық комиссияның (CEPEJ) президенті Франческо Депаскуале ұйымның ресми сайтында 2024 жылдың қазан айында Астанада өткен ҚР Судьяларының IX съезінде және Қазақстан Республикасындағы Сот әкімшілігін дамыту стратегиясын талқылауға арналған дөңгелек үстелде жасаған баяндамаларын жариялады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстан сот жүйесін цифрландыру бойынша 4-ші орында - CEPEJ президенті

Фото: Ақорда

Еліміздің сот жүйесін цифрландыру, істерді қарау мерзімдерін қысқарту, инновациялық технологияларды енгізу және сот төрелігінің тәуелсіздігін нығайтудағы жетістіктеріне басты назар аударылады:

1. Электронды соттарды, қашықтықтан тыңдауды және құжаттарға онлайн қолжетімділікті енгізудің арқасында Қазақстан CEPEJ елдері арасында сот жүйесін цифрландыру бойынша 4-ші орында;

2. Азаматтық және коммерциялық істерді қараудың орташа уақыты 48 күнді құрайды, бұл еуропалық стандарттардан айтарлықтай жылдамырақ;

3. Қазақстанда деректерді талдау және процестерді автоматтандыру үшін жасанды интеллект белсенді түрде енгізілуде, бұл сот шешімдерінің дәлдігі мен жылдамдығын арттырады;

4. Тәуелсіз сот әкімшілігі моделін енгізу саяси ықпалсыз соттарды қаржыландыру мен тәуелсіздігін қамтамасыз етуге көмектеседі;

5. Электронды сот төрелігі сот жүйесіне, оның ішінде халықтың осал топтары мен шалғай аймақтардың тұрғындарына қолжетімділікті кеңейтіп, оны анағұрлым қолжетімді және әділ етеді.

Астанаға сапары аясында Ф.Депаскуалені Қазақстан Республикасының Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев қабылдады.
 
Баяндамалардың түпнұсқа мәтіні мына жерде орналастырылған: https://www.coe.int/en/web/cepej/-/cepej-president-visited-kazakhstan

Түрлі кездесулер барысында CEPEJ президенті цифрлық трансформация және жасанды интеллект (AI) сот процестеріне интеграциясы адамның қатысуы, сондай-ақ белгілі бір сапа деңгейі сақталған жағдайда сот төрелігінің тиімділігін арттыруға ықпал ете алатынын айтты. Ол CEPEJ цифрландыруға жауапты және теңгерімді көзқарасты қолдайтынын еске салды.

Еске сала кетейік, Сот төрелігінің тиімділігі жөніндегі Еуропалық комиссия (CEPEJ) Еуропа Кеңесіне мүше 47 мемлекеттің сарапшыларынан құралған сот органы. CEPEJ оған мүше мемлекеттердегі сот жүйелерінің тиімділігі мен сапасын арттыру арқылы Еуропалық сотқа түсетін жүктемені азайту үшін құрылған. Еуропадағы сот төрелігінің тиімділігі мен жұмыс істеуін жақсарту құралдарын әзірлейді, ғылыми-зерттеу институттарымен байланыстарды дамытады, білікті тұлғаларды, үкіметтік емес ұйымдарды шақырады, тыңдаулар жүргізеді, сот мамандарының желілерін дамытады.