Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Мал басы өсе келе, жемшөп тапшылығы сезіле бастады. Қуаңшылық жылдары тіпті қиын жағдайға тап болды. Қайтпек керек? Әрине, кім болса да мұндайда тығырықтан шығар жол іздейді ғой. Айдос та ізденді. Ол жастығына қарамастан, алыстағы АҚШ-тан бастап күншығыстағы Жапонияда да, Еуропаның бірқатар елінде де болған азамат. Бірақ ол бұл елдерге турист болып, қыдырыстап барған жоқ. Өзі тәрізді шаруалардың тыныс-тіршілігімен танысып, ой бөлісуді, тәжірибе жинақтауды ойлады. Барғанда көргендерін ой елегінен өткізгенде көп мүмкіндікті пайдалана алмай жүргенін де, орынсыз шығынға жол берілетінін де, мал өсірген соң оны жемшөбімен жеткілікті қамту керегін де ұғынды. Сөйтіп, жемшөп қорын жасаудың қамына кірісті.
Бұл ретте ол алдымен өзіне қарасты жерді зерттеп көруді ұйғарды. Неге? Өйткені жер егістікке жарамды ма, жоқ па? Құнарлығы қандай болады екен? Соны білу керек еді. Сөйтсе, кешегі кеңес уақытында бұл жерге арпа, бидай да, күнбағыс, жүгері де, бау-бақша өнімдері де егіліп, өсірілген екен. Жерді құжат түрінде суармалы жерге айналдырып, қайта рәсімдеу біршама уақыт алды. Құжат реттелген соң, 2023 жылы Түркиядан 160 млн теңгеге жаңбырлатып суаруға арналған екі құрылғы әкеліп орнатты. Ал биылғы тамыздан бастап «Солтүстік Қазақстан облысы тәжірибесін тираждау» деп аталатын агроөнеркәсіп кешені саласындағы жобаларға несие беру бағдарламасы басталғанын естіген Айдос «Ұлытау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына 400 гектар жерді тамшылатып суару арқылы жемшөп, көкөніс өсіруге бағытталған жобасын ұсынып, несиелендіруге өтініш берді. Ол жоба жүзеге асқанда 3 мың тонна жоңышқа, 4 мың тоннаға тарта картоп өсіруді жоспарлап отыр.
– Қазір мемлекетіміз ауылды дамыту, ауыл шаруашылығын өркендету бағытында көптеген бағдарлама жасап жатыр. Соның бірі – агроөнеркәсіп кешені саласындағы жобаларға несие беру. Несие өте тиімді. Неге дейсіз ғой, өйткені, жылдық мөлшерлемесі 2,5 пайыз ғана. Несиені 10 жылға алуға болады екен. Сонымен қатар 24 айлық жеңілдікті кезең де қарастырылған. Сондықтан қуана отырып, өтініш беріп едім, Ұлытау облысынан ең алғашқы болып мақұлдау алдым, – деген Айдос Исмаил мемлекет тарапынан шаруаларға көрсетіліп жатқан қамқорлыққа дән риза екенін айтты.
– Ұлытау облысына аталған бағдарлама аясында республикалық бюджеттен жалпы сомасы 3 млрд теңге қаражат бөлінді. Облыс әкімінің шешімімен жобаларды іріктеу жөніндегі комиссия құрылды. Іріктеу үдерісінің ашықтығын, барлық мүдделі тарапың тартылуын қамтамасыз ету мақсатында комиссия құрамына жергілікті атқарушы органдардың, «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының өкілдері, мәслихат депутаттары, бизнес, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері кірді. Өткізілген мемлекеттік сатып алу қорытындыларына «Ұлытау» ӘКК» АҚ бағдарламаның сенім білдірген өкілі (агент) болып белгіленді. Шаруалар тарапынан өтініштер түсе бастады. Комиссия түскен өтініштерді қарастыра келе, «Исмаил А.Б.» жеке шаруашылығының барлық талапқа сәйкес келетінін анықтады. Сөйтіп, облыста агроөнеркәсіп кешені бағыты бойынша алғашқы несие мақұлданды, – дейді «Ұлытау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы АҚ-ның басқарма төрағасы Алмат Жөкебаев.
«Егер жерді дұрыс өңдеп, технологиясын сақтап отырса, жаңбырлатып немесе тамшылатып суаратын болса, егіннің өнімділігі де артады. Осылай жасап, бір гектар жерден 150 тонна бидай жинаған жігітті білемін. Ал қазір егінді егіп тастаймыз да, жаңбырдың жаууына қарай әрі кеткенде 1 тонна жинап жүрміз ғой. Ендігі жерде біз де алдыңғы қатарлы озық әдістерді қолдана білуіміз керек. Соған қол жеткізу үшін жеңілдікті несие беріліп жатқаны өте дұрыс», деген А.Исмаилдың сөзінен өз ісіне тиянақты шаруа екені байқалады. Ол ұтымды несиеге қол жеткізді. Шаруаларымыз ширақ, ұсынар несиеміз ұтымды болса, ауыл шаруашылығының ел экономикасындағы үлесі артып, ауылдың жағдайы да түзеле түсері хақ.
Ұлытау облысы