Президент • 05 Қараша, 2024

Қазақстан мен Франция Президенттері БАҚ өкілдерімен тілдесті

215 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Екіжақты келіссөздерден кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Франция Президенті Эмманюэль Макрон бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін бірлескен мәлімдеме жасады, деп жазады Egemen.kz.

Қазақстан мен Франция Президенттері БАҚ өкілдерімен тілдесті

Фото: Ақорда

Президент, ең алдымен, Эмманюэль Макронға мемлекеттік сапармен келуге шақырғаны үшін ризашылығын білдіріп, ерекше қонақжайлық көрсетіп жатқан француз халқына алғысын айтты.

«Біз үшін осы сапардың маңызы зор. Франция – Қазақстанның Еуропа Одағындағы жақын әрі сенімді серіктесі. Қарым-қатынасымыз 34 жылдың ішінде стратегиялық сипатқа ие болды. Астана мен Париж барлық деңгейде өзара түсіністікке негізделген саяси диалог орнатты. Сауда-экономика, инвестиция және мәдени-гуманитарлық салалардағы байланыс нығая түсті. Нақты шарттық-құқықтық база қалыптасты. Халықаралық ұйымдар аясындағы ықпалдастық кеңейді. Мызғымас достық пен өзара қолдауға негізделген серіктестігіміз алдағы уақытта да табысты болады деп сенемін», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Франция Президентімен мазмұнды келіссөздер жүргізгенін атап өтіп, сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту қажеттігіне баса назар аударды.

«Былтыр екі елдің сауда айналымы 4,2 миллиард доллар болды. Ал биыл бұл көрсеткішке 9 айда қол жеткіздік. Франция – еліміздің алтыншы ірі инвесторы. Француз компаниялары Қазақстанға қомақты инвестиция салды. Оның көлемі 19,5 миллиард долларға жуықтады. Атап айтқанда, Alstom, Total Energies, Air Liquide, Orano, Vicat, Danone, Lactalis секілді алпауыт компаниялар бар. Мұнай-газ, тау-кен, өнеркәсіп, құрылыс, авиация, машина жасау, денсаулық сақтау салаларында  ықпалдастық артып келеді», деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, тараптар «жасыл» энергетика, сирек кездесетін шикізат, климат, су шаруашылығы, инновация және жасанды интеллект салаларына баса мән береді.

«Жақында Астанада Француз даму агенттігінің өкілдігі ашылды. Біз оның жұмысына барынша қолғабыс көрсетуге уағдаластық. Сондай-ақ халықаралық көлік дәліздерін дамыту маңызды екенін атап өттік. Логистика инфрақұрылымы және қайта өңдеу өнеркәсібі секторындағы байланысты кеңейту мәселелерін талқыладық. Агроөнеркәсіп кешені, денсаулық сақтау, қаржы және туризм бағытында тың жобаларды жүзеге асыруға уағдаластық. Біз Қазақстан нарығында жұмыс істеуге ниеті бар француз компаниялары үшін қолайлы жағдай жасауға дайынбыз. Бүгін бірқатар үкіметаралық және коммерциялық құжатқа қол қойылады. Оның барлығы мемлекеттеріміздің мүддесіне сай келеді. Бұл құжаттар екі ел үшін де пайдалы болмақ. Жалпы, сапар аясында бірнеше инвестициялық келісімдер жасау жоспарланған», деді Мемлекет басшысы.

Президент мәдени-гуманитарлық ықпалдастықты қазақ-француз қатынасының алтын арқауы деп бағалап, осы бағыттағы ынтымақтастықты нығайту өте маңызды екенін атап өтті.

«Мәдениет, білім-ғылым, археология, архив, спорт саласында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға айрықша назар аударамыз. Кеше ғана әлемге әйгілі Гиме мұражайында «Қазақстан: Ұлы дала жауһарлары» атты көрме ашылды. Бұл көрмеде еліміздің тарихи-мәдени және археологиялық құндылықтарын дәріптейтін жәдігерлер бар. Бүгін Президент Макронмен бірге сол жерге барып, көрмені тамашалаймыз. Осы бастамаға қолдау көрсеткені үшін құрметті Макрон мырзаға шынайы алғысымды білдіремін», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы жетекші жоғары оқу орындары арасында ғылым және технология бағыты бойынша байланысты дамыту мәселесіне тоқталды

«Биыл Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті жанынан Лотарингия университетінің филиалы ашылады. Қазіргі таңда екі тарап «Люмьер» қазақ-француз университет орталығын құру мәселесін қарастырып жатыр. Бұдан бөлек, Астана және Алматы қалаларында қазақ-француз мектептері салынады. Бүгін тиісті құжаттарға қол қойылды. Бұл мектептер жастардың ең жоғары стандартқа сай білім алуына мүмкіндік беретін орталыққа айналары сөзсіз. Қазақстан Францияның жоғары оқу орындарымен және зерттеу орталықтарымен қарым-қатынасты нығайта түсуге дайын», деді Президент. 

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмманюэль Макрон аймақтық және жаһандық маңызы бар өзекті мәселелерге қатысты пікір алмасты.

«Барлық түйткілді бейбіт және саяси-дипломатиялық жолмен шешу қажет деп санаймыз. Біз халықаралық деңгейде күш жұмылдырып, бірлесе жұмыс істеуге келістік. Жақында One Water Summit жиыны өтеді. Екі елдің бастамасымен ұйымдастырылып жатқан осы басқосуға дайындық барысын талқыладық. Бұл өте маңызды диалог алаңы болмақ. Сол арқылы біз климаттың өзгеруі мен «жасыл» экономика мәселесіне қатысты әріптестігімізді жандандыра түсеміз деп сенемін. Бүгінгі келіссөздер жемісті болды. Бұл сапар Қазақстан мен Франция арасындағы байланыстың стратегиялық сипатқа ие болғанын айғақтайды. Бірлескен күш-жігеріміздің арқасында өзара тиімді ынтымақтастық жаңа әрі сапалы деңгейге көтеріледі деп сенемін», деді Мемлекет басшысы.

Эмманюэль Макрон Франция мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас 2008 жылдан бері стратегиялық әріптестік деңгейіне көтерілгенін, осы уақыт аралығында оның маңызы мен өзектілігі арта түскенін атап өтті.

Оның айтуынша, екі елдің халықаралық және аймақтық проблемаларға қатысты ұстанымдары ұқсас. Яғни БҰҰ Жарғысын сақтау, соның ішінде территориялық тұтастықты құрметтеу және адам құқығын қорғау қағидаттарын берік ұстанады.

Эмманюэль Макрон климаттың өзгеруі және терроризммен күрес секілді жаһандық сын-қатерлерге қарсы күш біріктіру маңызды екеніне назар аударды. Сонымен қатар Франция Президенті екіжақты қатынастарды одан әрі нығайту ұзақмерзімді перспективадағы орнықты және табысты серіктестікке негіз қалап, екі елдің өсіп-өркендеуіне жол ашатынын жеткізді.