Кітапхана • 06 Қараша, 2024

3 мыңнан астам кітап сыйлады

176 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

1864 жылы Торғайда ашылған тұңғыш мектепте Ыбырай Алтынсариннен алғаш білім алған 13 шәкірттің бірі – Нұрмағанбет Төкеұлы еді. Нұрмағанбеттің әкесі Төке би – осы мектептің құрылысына демеушілік жасаған адам.

3 мыңнан астам кітап сыйлады

Таяуда Төке бидің туысы, алаш­тың ардақты ақыны Ғафу Қайыр­­бековтің ұлы, белгілі қаламгер әрі кино режиссері Бақыт Ғафу мен ақынның інісі Ермек Сәрсенбаев атадан балаға мирас игі дәстүрді жал­ғастырып, Жанкелдин аудандық кітапханасына өз қаржыларына ­сатып алған 3 мыңнан астам кітапты сыйға тартты.

«Халқымызда ежелден «Кітап – білім бұлағы, білім – өмір шырағы» деген мақал бар. Демек, кітап бұлақ болса, кітапхана – сол бұлақтың елге ырыс пен құт береке әкелетін дариясы болмақ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл Ұлттық құрылтайда: «Кітапхана – мемлекеттің, ұлттың негізгі жады. Еліміз үшін құнды тарихи деректер мен материалдардың дені кітапханада сақталады. Сондықтан кітапхана ісін дамытуға бейжай қарауға болмайды. Кітап оқырманға қолжетімді болуы керек» деп айрықша атап көрсетті. Ендеше, Мемлекет басшысы белгілеген осы міндетті жүзеге асыруға атсалысу – баршаға ортақ міндет. Ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлы да «Білімнің басты құралы – кітап. Қазақ арасына білім жайылуына, әуелі, оқу үйренетін орындар сайлы болуы керек. Екіншіден, білім тарататын кітаптар жақсы болар­ға керек» деген еді. Бұл – біздің осы қағидаттарды жүзеге асыруға қосқан үлесіміз. Осымен тоқтап қалмай, алдағы уақытта да шалғай ауылдардағы кітапханаларға кітап сыйлауды көздеп отырмыз», дейді Бақыт Ғафу.

Демеушілер сыйға тартқан кітап­тардың басым бөлігі «100 кітап» бағдарламасымен жарық көрген. Кітаптардың ішінде қазақ әдебиетінің озық туындылары да баршылық.

 

Қостанай облысы