
Тараз қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі келтірген дерекке жүгінсек, экологиялық акцияны уақтылы әрі тұрақты түрде ұйымдастыру мақсатында арнайы желілік кесте әзірленген. Кестеге сәйкес, жұмыс көктем мезгілінен бастап қарқын алған. 10 сәуір – 12 мамыр аралығында тал әктеу, тарихи ескерткіштердің маңын қоқыстан тазарту, аулаларды ретке келтіру мақсатында 50-ге жуық іс-шара өткізілді. Бекітілген кестеге сәйкес тазалық жұмыстары әр апта сайын арнайы тақырып аясында атқарылды. Жалпыхалықтық сенбіліктерге жергілікті тұрғындар айрықша үлес қосты.
Мәселен, «Таза өлке» деп ат қойып, айдар тағылған алғашқы аптада қалада 29 сенбілік өткізілді. Нәтижесінде, қала көшелерінде санитарлық-тазалық жұмыстары жоспарға сай жүргізілді. Сондай-ақ 2 175 дана түрлі ағаш көшеттері отырғызылды.
«Киелі мекен» деген атаумен өткізілген апталықта да облыс орталығында бірқатар жұмыс атқарылды. Іс-шаралар аясында тарихи-мәдени ескерткіштердің маңын абаттандыру жұмысына баса мән берілді. Қолға алынған жұмыстың нәтижесінде 5 146 көшет отырғызылып, 500 дана раушан гүлі егілді. Ескерткіштердің маңын қоқыстан тазартудың маңызы айрықша зор. Өйткені, екі мың жылдан астам тарихы бар қалаға ат басын бұрғандар бірінші кезекте тарихи-мәдени ескерткіштерді аралайды.
Жалпы алғанда қоршаған ортаны таза ұстау мақсатында бастау алған экологиялық акцияға барлық санаттағы азаматтар қолдан келгенше үлес қосты. «Жасыл аймақ» апталығында да басталған жұмыс лайықты түрде жалғасты.
«Өнегелі ұрпақ» деп аталған апталықта облыс орталығында тұратын белсенді жастар ортақ іске жұмылдырылды. Сонымен қатар «Жасыл ел – Тараз» мекемесінің қызметкерлері соғыс ардагерлері, тыл еңбеккерлері, зиялы қауым өкілдері мен қарттар үйінің санитарлық-тазалық жұмыстарына атсалысты. Іс-шара барысында ағаш бұтау, сырлау жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілді.
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында облыс орталығындағы бірқатар каналдар қоқыстан тазартылды. Іс-шараға БАҚ өкілдері де бір кісідей қатысты.
Қала тұрғындары жиі айтатын «Төрегелді», «Қарасу 1, 2», «Қапал», «Үшбұлақ» секілді маңызды нысандардың арнасы жұдырықтай жұмылған тұрғындардың іскерлігінің арқасында дер кезінде қоқыстан тазартылды. Сондай-ақ су қоймаларының айналасы мен өзен-көлдерді күл-қоқыстан, түрлі арам шөптен тазалау жұмысы белгіленген кестеге сәйкес уақтылы атқарылды. Жергілікті атқарушы билік бұл жұмысқа қолда бар техниканың барлығын жұмылдырды.
Тараз қаласында жаңадан бой көтерген «Ұлы дала» шағын ауданы да назардан тыс қалған жоқ. Қала билігінің қолға алуымен шағын ауданда «Біздің аула» тақырыбында арнайы іс-шара өткізілді. Ұйымдастырушылардың іске білек сыбанып кірісуінің арқасында іс-шараға аудан тұрғындары белсенділікпен қатысты. Еліміздің барлық қиырында өткізіліп жатқан экологиялық акцияның мән-маңызын жете түсінген тұрғындар шағын ауданда түрлі ағаштар отырғызды. Тазалық жұмыстарына бір үйдің баласындай белсенділікпен атсалысты. Бұдан бөлек, «Әулие бұлақ» каналының бойында ұйымдастырылған іс-шарада еріктілер белсенділік танытты. Арнайы ұйымдастырылған байқау барысында «үздік волонтер» аталымының жеңімпазы анықталып, арнайы сыйлық табысталды.
Акция аясындағы жұмыс шіліңгір шілде айында да толастаған жоқ. Жауапты мамандар жаз мезгілінің аптап ыстығына қарамастан, экологиялық акция аясындағы жұмысты жүйелі түрде жалғастырды. Іс-шаралардан аңғарғанымыз, түрлі этнос өкілдерінің жастары да қала тазалығына бей-жай қарамайды екен. Ассамблея жастары мен мәдениет саласының мамандары, спорт саласының өкілдері, «Жасыл ел – Тараз» мекемесі қызметкерлерінің бірлесе қолға алуымен «Көктем» тұрғын алабында өрттің алдын алу мақсатында қураған шөптерді ору жұмысы уақтылы жүргізілді.
Тараз қаласының батыс бөлігінде орналасқан «Бәйтерек» шағын ауданын қоқыстан тазарту мақсатында да бірқатар жұмыс атқарылды. Республикалық деңгейде қолға алынған экологиялық акцияға қала тұрғындарынан бөлек, облыс орталығында тұратын жастар да қолдан келгенше көмектесті. Жергілікті атқарушы билік өкілдері келтірген дерекке сүйенсек, жалпы алғанда, іс-шараға 250 азамат белсенділікпен қатысқан екен. Олардың қатарында ардагерлер, еріктілер, кәсіпкерлер, түрлі саланың мамандары бар.
«Көктем» тұрғын алабында өткізілген сенбіліктерге белсенділікпен қатысқандар іс-шара аясында «ЭКО Life» бастамасын одан әрі жалғастыруға ден қойды. Қала ішіндегі жұмыстарға жұдырықтай жұмылған жастар баянды бастаманы барлық аймақтарда жалғастыру мақсатында «ЭКО Life» эстафетасын аудандар мен ауылдық округ тұрғындарына жолдаған еді. Жергілікті азаматтар жастардың бұл бастамасын мүмкіндігінше қолдады. Бастама аясындағы жұмыс жыл соңына дейін жалғасады.
Облыс орталығындағы маңызды нысандардың бірі – «Мамыр» бағы. Бірер жыл бұрын қоқыстан көз ашпай кеткен «Мамырдың» тазалығына жергілікті атқарушы билік соңғы уақытта айрықша назар аударып отыр. Экологиялық акция аясында мұнда да ауыз толтырып айтарлықтай жұмыс атқарылды. Арнайы ұйымдастырылған сенбіліктерде еріктілер бастап, қала тұрғындары мен өзге де бірқатар мекеме қызметкерлері қоштап, ортақ іске бір кісідей кірісіп, санитарлық-тазалық жұмысын уақтылы қолға алды. Жергілікті атқарушы биліктің пәрменімен тазалық акцияларына бірнеше «Камаз» жүк көлігі, трактор секілді аса қажетті техникалар жұмылдырылды.
Әлденеше жыл бұрын Тараз қаласының тұрғындары «Сеңкібай» каналының айналасы тазартуды қажет ететінін жиі айтып, билікке өтініштерін жеткізіп жататын. Соңғы уақытта аталған нысанның маңайын қоқыстан тазарту мақсатында аз жұмыс атқарылған жоқ. Мәселен, қазан айында өткізілген сенбілік кезінде каналдың айналасындағы 2,5 тонна қоқыс шығарылды. Сенбілікке 200-ге жуық қала тұрғыны белсенді түрде қатысты. Бірер күн бұрын өткен сенбілікте «Ана мен бала» балалар алаңының айналасын тазартуға басымдық берілді.
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы жыл басталғалы Тараз қаласында жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр. Қалалық әкімдік келтірген дерекке сенсек, іс-шаралар мен сенбіліктерге жалпы саны 156 мың тұрғын қатысты. Олардың арасында 3 722 ардагер, 4 122 үкіметтік емес ұйым өкілі, 3 122 жеке кәсіпкер, 25 172 мәдениет саласының қызметкері, 39 402 білім саласының өкілі, 40 мыңға жуық ерікті бар.
Расында жергілікті тұрғындар «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының тиімділігін сезініп отыр. Бұған жергілікті халық науқандық жұмыс деп қарап қалған жоқ. Олар ортақ іске жыл сайын жұдырықтай жұмылуға дайын. Бір сөзбен айтқанда, жасыл қаланың тазалығы баршаға ортақ жұмыс, эко мәдениетті сақтаудың маңызы зор екенін тұрғындар анық түсінді.
ТАРАЗ