Театр • 06 Қараша, 2024

«Almaty Puppet Festival»: сахналық диалог

93 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматыда өткен «Almaty Puppet Festival» халықаралық қуыршақ театрларының фестивалі барысында алматылық кішкентай балдырғандар заманауи қуыршақ театрларының үздік қойы­лымдарын тамашалады. Бұл ретте осынау өнер байқауына ұйытқы болып отырған, тарихы 1935 жылдан бастау алатын республикадағы тұңғыш Мемлекеттік қуыршақ театрын ерекше атап өтуге болады.

«Almaty Puppet Festival»: сахналық диалог

Осымен екінші рет ұйымдас­тырған өнер додасына Қытай, Польша, Болгария, Чехия, Түр­кия, Грузия, Әзербайжан, Ресей, Башқұртстан, Өз­бекстан және елі­мізден 15 үздік театр ұжы­мы мен 150-ден аса қуыршақ ше­бер­лері қатысты. Өнер мере­кесі аясында қойылымдар көрсетілімінен тыс фестиваль қатысушыларының арасында аталған саладағы ма­ман­дар­дың кәсіби деңгейін арттыру мақсатында үздік қуыр­шақ мамандарының жетек­шілігі­мен шеберлік сағаттар мен дәріс­тер өтті. Нәтижесінде, фести­валь аталған елдер байланысын ны­ғайтып, мәдени тұрғыдан Алматы беделін қалыптастырары сөзсіз.

Фестивальдың ең негізгі жүл­десі – «Үздік спектакль» аталымы бойынша Гран-при сыйлығы А­қ­төбе облыстық «Алақай» қуыр­шақ театрына табыс­талды. Аталған өнер ордасы бұл жүлдеге режиссер Ан­тон Зайцев сахналаған «Жомарт ағаш» спектаклімен лайық­ты деп танылды. Аталған қойылым көрер­мен­дер мен қазы­­лар алқасы­на өзі­нің терең ма­ғы­насы және астарлы ойымен, әртістерінің шебер­лігімен, режиссерлік ұтымды шешім­дер­мен өзгешеленді.

«Үздік режиссер» аталымы бо­йынша жүлдені Гүржіс­тан­нан келген Боржоми мем­ле­кеттік кәсіби қуыршақ театры
«Гудули ата мен кішкентай Уча» спектаклімен ие­ленді. Дмитрий Хвтисиашвили ерек­ше режис­серлік көзқара­сымен, ал әртіс­тер қуыршақтарға жоға­ры деңгейде жан бітіруімен таңдан­дырды.

«Үздік актерлік ансамбль» жүлдесіне Ресейдің «Скарабей» көлеңкелі балалар театры «Қыз­ғылт гүл» спектаклімен лайық деп танылды. Режиссер Сергей Черепанов біртұтас ансамбль құрып, ерекше шеберлігімен тәнті етті. Түркияның Анкара қала­сынан келген «Темпо» режис­сер Халюк Юдженің «Өзімшіл алыптың бағында» қойылымы үшін «Шеберлігі мен адалдығы үшін» аталымын иеленді. «Үздік қуыршақ жүргізуші» жүлде­сіне Гонконгтен келген (ҚХР) «Sky Bird» қуыршақ бірлестігі ие болды. Режиссер, актер, қуыршақ жүргізу шебері Чун Фей Ченгтің жетекшілігімен сахналанған «Қытай дәстүрі» спектаклі көрермендерді ерек­шелігімен таңдандырып, шығар­машы­лық шабыт сыйлады. Қытай мә­дениетінің бай және алуан түрлі қырларын ұтымды көрсетті. Ал, «Жаңашыл көзқарас» аталымын «Алты сезім» эксперименталды қойылымын ұсынған Башқұрт мемлекеттік қуыршақ театры еншіледі. Бұл қойылым қуыршақ өнеріндегі жаңашыл әрі креативті шешімдерімен қазылар алқасының назарын аударды.

 

Гүлім КӨПБАЙҚЫЗЫ,

Алматы мемлекеттік қуыршақ театры баспасөз қызметінің жетекшісі