Кино • 06 Қараша, 2024

Бусан фестивалі: «Әбілдің» әлемдік премьерасы

99 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Биыл 29-рет өткізіліп отырған бұл халықаралық кино бәйгенің ұлы аламанына әлемнің 63 елінен қатыс­қан 224 кинокартина Тынық мұхиты жағасындағы зәулім үйлері аспанмен таласқан көрікті шаһар – Бусан төрінде бас жүлде үшін бақ сынасты. Соның ішінде біздің «Әбіл» де бар – нақ саны 86 фильмнің әлемдік премьерасы осы Бусан фестивалінде өтті.

Бусан фестивалі: «Әбілдің» әлемдік премьерасы

Жеті ғимараттан тұратын атақты Бусан киноорталығының 28 кинотеатрында 10 күн бойы таңнан түннің бір уағына шейін үздіксіз көрсетілген бұл премьераларды 145 мың 238 көрермен тамашалаған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, осы күндері Бусан халықаралық фестивалінде фестиваль сарапшыларының жыл бойы алдын ала, аса жауапкершілікпен сара­лап, мұқият іріктеуінен соң, ашық көрсе­тілімге жолдама алған жалпы саны 278 фильм көрсетілген. Не деген зор еңбек десеңізші!

Арнайы шақырумен алыстан ат арылтып келген қадірлі қонақтар қарасы да аса мол көрінеді. Осындай киномейманның жалпы саны 6911 болса, оның 2176-сын Оңтүстік Кореяның киногерлері құраған. Кез келген жиынның сәні мен салтанаты сол жиынға қатысқан атағы Алатаудай тұлғалармен бағаланады ғой, әлем­дік кинофестивальдар де солай – дең­гейі дүниеге аты жайылған кинодүлдүлдермен өлшенеді. Мұндай сыйлы қонақтардан Бусан фестивалі де кенде болған жоқ. Мәселен, биылғы Бусан кино жиынына әлемдегі ең беделді кинофестивальдер – Канн, Венеция, Берлин үштігінің сұрапыл сұржекейлері, атақтылық алапасы алты құрлықтан асқан даңқты кинорежиссерлер: жапониялық Киёси Курасава, қытайлық Цзя Чжан Ке, португалиялық Мигель Гомес, ирандық Мохсен Махмальбаф пен Мохаммад Расу­лоф, т.б. толып жатқан тарланбоздар келді. Аттары аталған бұл режиссерлер Бусан фестивалі күндері жан-жақтан жиылған кино кәсібилер үшін арнаулы мастер клас­тар мен тағлымды жүздесулер өткізіп, жұртшылыққа өздері түсірген көркем фильмдерін көрсетумен болды. Арасында көрермен қауымның сауалдарына жауап беруге де уақыт тапты. Қысқасы, үнемі ашық алаңдарда жүрді.

Енді «Әбілге» келсек, фильмнің әлемдік премьерасы Бусан киноорталығында, қазан айының 5-і күні өтті, сосын 6-10 күндері тағы екі мәрте көрсетілді. Алғашқы және екінші премьерада, фильм көрсетіліп болған соң бізді сахнаға шақырып, көрерменге таныс­тырды, мұның соңы интеллектуалдық диалог деңгейіндегі сұрақ-жауапқа ұласты. Сауалды қоюшы көрермен, жауап беруші біз – фильмнің продюсері Юлия Ким, режиссері Елзат Ескендір, композиторы Ақмарал Мерген және басты рөлді сомдау­шы, осы жолдарды көз майын тауысып жазып отырған пақырыңыз.

Көрермен деген тегі қызық халық қой, қарап отырмай төбеден түскендей тө­теден сауалдар қояды, арасында кейде қитұр­қы сұрағын араластырып, неше түрлі пікір білдіріп жатады. Осындай көлденең сауалдардың ішінде «Сіздерді орысқа қызмет еткендер басқарып, бақуатты тұ­рып келсе, бізді осы күнге дейін жапонға қыз­мет етіп, байығандар билеп отыр», – деген бір корей азаматының ашыныс­ты пікірі мені еріксіз қайран қалдырды әрі кәдуілгідей ойландырып қойды. Айтпақ­шы, бізге аудармашы ретінде бір орыс тіл­ді тәржімашыны дайындаған екен, Елзат екеуміз «Біз Ресей құрамындағы ел емеспіз, өз тілімізде сөйлейміз», деп қазақ тілді аудармашы талап еттік.  Осылай бола­рын күн ілгері сезгендей Париждегі про­дюсеріміз Юлия Ким Сеулде оқып жатқан түбі түркістандық Әсем Сейіткәрім есімді студент қарындасымызды алдырып үлгеріпті. Сөйтіп жұртшылықпен жүздесуіміз негізінен қазақ тілінде өтті, тіпті жиылғандарға домбырамен ән де салып бердім. Үшінші және қазылар алқасына арналған көрсетілімдерге біз қатыспайды екенбіз.

Бір қызығы, мұнда тегін кино көру деген атымен жоқ, тек билет сатып алып қана кіре аласың. Бірақ билет­тер күні бұрын сатылып кететіндіктен, қалаған киноңды көруге мүмкіншілік аз, тіпті жоқтың қасы. Мәселен, «Әбіл» фильмінің екі көрсетіліміне де билет болған жоқ әрі мұндай «жоқшылық» осында көрсетіліп жатқан барлық фильм­дерге ортақ «олқылық» екен. Билет жоқтықтан көргіміз келген фильм­дердің көбісіне тап бола алмай қой­дық. Дегенмен, Иран билігі режімін әшке­релеп кино түсіргені үшін өлім жазасына кесілген атақты парсы режиссері Мохаммад Расулофтің фильмін көрудің сәті түсті. Оның өзінде бұған фильм басталған соң да кинотеатр есігінің алдынан кетпей, тапжылмай тұрып алғандықтан ғана қол жеткіздік. Осыдан соң ғана, сірә табандылығымызға тәнті болды білем, есік көзіндегі билет тексеріп тұрғандар бізді әлдебір себеппен келмей қалғандардың орындарына отырғызды. Осындай жолмен бірнеше фильм көрудің сәті түсті.

Өстіп жүргенде фестивальдың жабылу салтанаты күні де келіп қалды. Кешке бізді арнайы көлікпен Бусан киноорталығында өтетін жабылу салтанатына алып барды. Бұл күні қатарымыз төртінші адаммен толықты. Ол – фестивальдың соңғы күніне келген белгілі журналист, еліміздің БАҚ саласының үздік менеджерлерінің бірі әрі «Әбіл» фильмінің продюссері Ерлан Бекқожин ағамыз еді. Төртеуміз алты мың көрерменнің ортасын қақ жарып өтетін атақты Бусан фестивалінің о шеті мен бұ шеті – әудемжер қызыл кілемінің үстін дүркін-дүркін соғылған шапалақ үні мен аспан астын дүрліктіре қиқуға басқан көңіл­ді жұрттың арасын көктей өтіп, аты-жөніміз жазылған орындарымызға жайғастық. 

Осы орайда айта кетпекпін, 29-рет өткізіліп жатқан Бусан халықаралық кинофестивалінің қызыл кілемі үстімен жүру құрметіне Қазақ елі киногерлері та­рапынан «Әбіл» көркем фильмінің шы­ғармашылық тобы – бізден басқа, тағы бір деректі фильм режиссері, бұл күнде Қатар мемлекетінде тұратын Али­на Мұстафина ие болды. Сондай-ақ, осынау фестивальға конкурстан тыс қатыс­қан «Солдат любви» фильмінің режис­сері Фархад Шәріпов те киногер жұбайымен Бусан қызыл кілемінің үстімен жүріп өтті.

Ұзамай жеңімпаздарды марапаттау рә­сімі басталды. Әлемдік премьерасы өз ал­дына, «Әбіл» – фестивальдың «Жаңа ағым» аталымы бойынша «Үздік фильм» жүл­десі үшін сынға түсіп жатқан еді. Көп ұза­май жүргізушілер «Үздік фильм» жеңім­паздарын хабарлады. Сөйтсек, фестиваль қорытындысында қазылар алқасының шешімімен екі көркем фильм үздік деп танылыпты. Олар: Оңтүстіккореялық режиссер Ли Ун Пактің «Таңғы теңізде шарқ ұрған шағалалар» және Мьянма мемлекеті мен Корея, Франция, Сингапур, Норвегия, Қатар елдері бірігіп түсірген режиссер Те Мау Найнгтің «Шыңғырған үнсіздік» көркем фильмдері. Ли Ун Пактің аталған фильмі бұл күнде Оңтүстік Кореяның ең ше­тін мәселесінің біріне айналған заң­сыз мигранттар жайында болса, Те Мау Найнг­тің фильмі ауылдан қалаға келген мьянмалық әйелдің ауыр тағдыры – түрлі қиындыққа тап болған сергелдең өмірі жайында екен және бұл киноның қазылар алқасы әркез аса мән беретін саяси сипаты да аса күшті көрінеді. Оның үстіне осынау фильмде әлемдегі өте өзекті тақырып – феминизм мәселесі де көтерілген деседі.

Жабылу салтанаты аяқталған соң ұйым­дастырушы тарап шартараптан жиылған жүздеген қонаққа қазақы ұғыммен айт­қанда, құстың сүтінен басқасының бәрі қойылған көл-көсір дастарқан жайып, тойтар­қар рәсімін жасады. Түннің бір уағына дейін созылған бұл дулы мейрамы­ның аяққы сәтінде отандық киногерлер: продюсер Ерлан Бекқожин, режиссерлер Фархад Шәріпов, Елзат Ескендір жұбайларымен, Алина Мұстафина өзінің деректі фильміне түсірген шешесімен және мен бар: «өзіміз өз болып, көйлегіміз бөз болып», арамызда әріптестік ортақ сөз болып, тамаша дәурен сүріп, ғажап хал кешіп отырған сәтіміз еді – қасымызға жылы жымиып Бусан фестивалі ұйымдастыру комитетінің белді мүшесінің бірі Пак Сан Ён ханым келді.

Сөйтсек Пак Сан Ён ханым бізге жай келмей, «Әбілдің» ақтық айқаста басынан кешкендерін баяндауға келіпті. Хош, Пак Сан Ён ханымның баяны бойынша, финал­дық кезеңге дәмелі үш жүйрік: «Таң­ғы теңізде шарқ ұрған шағалалар», «Шың­ғырған үнсіздік» және «Әбіл» фильмдері үшеуара қара үзіп шығып, мәреге жеткенше шың-шың үзеңгі қағысумен болыпты. Бірақ фестиваль ережесі қатаң, осы үшеудің екеуі ғана «Үздік фильм» атануы шарт. Бәйге екеу-ақ. Дағдарған қазылар екіұдай болысады. Ақыры «Таңғы теңізде шарқ ұрған шағаланың» бүгінгі кәріс қоғамының қызыл қаны шып-шып шығып тұрған шындығын әлемге тұңғыш рет көрсетіп тұрғандығы баса айтылып, бұл фильм­ге бермеске болмайды деген байламға келеді. Енді «Әбіл» мен «Шыңғырған үнсіз­дік» тайталасады. Әйтсе де, артында бес бір­дей мемлекет тұрған сұрауы күшті фильм емес пе, Мьянмо киносының мерейі үстем болады. Оны жақтаушылардың уәжі мықты – «Үнсіздік шыңғырысы» озбыр билікті айыптаған саяси фильм әрі бұл күндегі ең өзекті проблеманың бірі – феминизм мәселесін көтерген. Сөйтіп Те Мау Наингтің фильмінің қолына екі бірдей көзір ұстатылады. «Сонда, – дейді Пак Сан Ён ханым, – қазылар үш фильмді дауысқа салып кеп жібергенде, «Әбілге»  бір дауыс жетпей қалды».

Бас бәйге үшін жалғыз-ақ дауыстың жетпей қалғаны зор өкініш, шынында!

Айтпақшы, бір айта кетерлік жайт – Бусанның басқа фестивальдардан бір ерекшелігі, тек «Үздік фильм» жүлдесін ғана беретіндігі. Мәселен, басқа ірілі-ұсақты кинофестивальдарда «Үздік режиссер», «Үздік ер адам бейнесін сомдағаны үшін», «Үздік әйел бейнесін сомдағаны үшін», «Үздік сценарий», «Үздік операторлық жұмыс», «Үздік эпизодтық рөл», «Үздік музы­ка», т.б. толып жатқан жүлделер таратылады. Бусанда мұның бірі де жоқ, Режиссерлер тек «Үздік фильм» жүлдесі үшін ғана таласады. Ал актерге, сценарис­ке, операторға, т.б. түк те татырмастан жібереді. Бусан фестивалінің «фишкасы» осында дейді ұйымдастырушылар мақтанышпен.

Осындай екі-ақ бәйге бере тұра – Оңтүстік Корея билігі алып Азияның ең байырғы кино бәйгесі – Токио фестивалін ығыстыруға айналған. Токиодан кейін көкжиектен Шанхай фестивалі шаңытып көрінеді. «Бізден бағы жанбағандар Токио мен Шанхайға барады және жүлдегер болып жатады» деп сылқ-сылқ күледі Азия киногерлеріне «профессор» лақап аты­мен мәшһүр болған Хонг мырза. Біз мұны профессордың жеке пікірі дедік те қойдық. Өйткені халықаралық фестиваль өткізу­дің классикалық жолын ұстанған Шанхай фестивалі әзірге бұл ұстанымынан жаңылған емес. Осы тұрғыда өзін Бусанмен бәсекелес санайтын ол тап іргесіндегі тағы бір «жауы» Гонконг фестивалімен аймақтық үстемдікке таласумен келеді. Жасы жөнінен ол 1985 жылы алғаш ашылған Токио фести­валінің де алдында келеді. Ал 1993 жылғы Шанхай, 1995 жылы «туған» Бусан фестивальдарын 1976 жылы дүниеге келген Гонконг фестивалінің қасында бала дерсің. Дегенмен осылардың күллісінен жасы кіші болса да әзірге Бусан фестивалінің бәрінен бәсі мықты боп тұр. Себебі өткен ғасырдың екінші жартысынан бастап, Батыстың жасампаз идеялармен және өзінің ұлттық құндылықтарымен қаруланған кәріс­тің еркін ойлы халықшыл ерлері бар­лық тұрғыда (саяси-экономикалық, әлеу­мет­тік-мәдени) артта қалушылықпен, ымы­расыздықпен күресіп, зор қажыр-қайрат жұмсау арқасында жүзеге асырған саяси-экономикалық реформалардың нәтижесінде, Оңтүстік Корея республикасы Азияда алғашқылардың бірі болып демократиялық өрлеудің даңғыл жолына түсті. Осылайша, ширек ғасыр ішінде әлемдік ғылыми технология жетістіктерін жедел игерудің арқасында Азия жолбарысына айналған Оңтүстік Корея отандық киноиндустриясына да баса көңіл бөліп, мол қаражат салу арқылы әлемдік кино нарықта еркін ойнақ салуға көшкен.

Мұнда жүргенде тағы бір байқағанымыз – Веьтнам киносының беті қатты сияқты, сосын Индонезия. Бұл олардың Бусанда ұйымдастырған кино мерекелері – пати­ле­рінен көрінді. Айтпақшы, үш жыл бұрын Веьтнамда бір халықаралық фести­вальдың тұсауы кесіліпті. Веьтнам билігі ке­лешекте бұл фестивальды Азия құрлығы­ның алдыңғы қатарлы кино бәйгесіне айнал­дырмаққа ниетті екен. Сол жолда қажымай қам қы­лып, жұмыла жұмыстанып жатқан көрінеді. Шынында Бусанға келген делегациясының сән-салтанаты еріксіз ден қойдырады һәм көз тойдырады! Мұны мемлекеттік һәм ұлттық ортақ іс деп ұққан олар бұл шаруаға жан аямай кіріскен сыңайлы.

Осы тұста бір айта кетерлік жайт – Бусан фестивалінің 29 жылдық тарихында Қазақстан әлі күнге дейін бірде бір пати ұйымдастырып көрмепті. Бұл жа­йын осынау фестивальдың басы-қасында жүргендер маған астарлап жеткізгендей болды. Өз кезегінде мен бұл мәселе жөнінде еліміздің Кореядағы консулы Асқар Аслан мырзаға құлаққағыс қылдым. Асқар Аслан мырза жұбайы Айжан Қалыбаева ханыммен фестивальдың жабылу салтанатына келген еді. Бусандағы қазақ киносы кешін фестивальдың келесі жылғы отыз жылдық мерейтойы аясында өткізсеңіздер орынды болар еді дедім. Егер даңқты әншіміз Димаш Құдайбергенді бас өнерпаз ретінде алып барып, Бусан төрінде қазақ киносының мерекесін өткізер болса, біздің пати басқа мемлекеттердікінен артық болмаса, кем болмасы анық.

Мәселен, біз көрген Бусан фестивалі жыл бойы үздіксіз жұмыс істейтін көрінеді. Соның дәлеліндей мұнда жүзден аса кино маман тұрақты штатта – айлық жалақы алып, алаңсыз қызмет етіп отыр. Ал фестиваль кезінде бұл цифр әлденеше рет еселенеді екен. Мысалы, биылғы фестивальдың өз деңгейінде өтуіне 700-дей волонтёр атсалысқан. Ғажап емес пе! Бір сөзбен айтқанда, Оңтүстік Кореяның ұлттық мәдениет пен өнерге қамқор әділетті билігі мен киноөндіріс ісін дамыту мен өркендетудің кілтін тапқан қажырлы һәм қайраткер киногерлері жаңа замандық киноиндустрияны мейлінше меңгеру арқылы еңбекқор кәріс халқын, оның шынайы демократия мен дамудың даңғыл жолына түскен ұлттық мемлекетін небәрі отыз жыл ішінде дүние жүзіне танытып үлгерген. Бұл күнде әлемде кәрістің тарихи сериалдары мен «Кальмармен ойнау», «Паразиттер», т.б. фильмдерін көрмеген пенде баласы некен-саяқ. Ал соңғы он-он бес жыл көлемінде Канн, басқа да «А» класындағы жоғары дәрежелі халықаралық фестивальдардың бас бейгесін жеңіп алудан алдарына жан салмай келе жатқан Оңтүстік Кореяның Ким Ку Дук (марқұм), Пан Чхан Ук, Пон Жу Хон, Ким Жу Ун, На Хон Жин, Ли Чхан Дон сынды кәрістің ұлттық кинорежиссерлерін білмейтін жер бетінде еш ел жоқ десе де болады.

Осылайша Бусанда ең алдыңғы үштікке ілігіп, 278 жүйріктің ішінен мәреге еркін келген «Әбіл» сол жерде-ақ, жан-жақтан жиылған халықаралық кино өкілдерінің «тала­пайына» түсті. Мәселен, тап осы жерден «Әбіл» Германияның Мюнхен халықаралық фестиваліне, одан кейін Швецияның бас фестивалі – Гётеборг халықаралық кинофестиваліне, тағы басқа бірнеше фестивальға шақырту алды. Сөйтіп бір фестивальға қатысамыз деп бірнеше кино бәйгеге шақырту алып, олжалы қайттық.

«Әбіл» үшін бәйге жаңа басталды және мұның жеңісті һәм жемісті болары сөзсіз.Соның алғашқы нышанындай «Әбіл» фильмі дәл осы күндері «Hong Kong Asian Film Festival»-іне қатысуда. Гонконгта өтіп жатқан осынау фестивальдың «New Talant Award» конкурстық бағдарламасында бақ сынайтын ол қараша айының 8, 9, 16 күндері дәл Бусандағыдай тура үш дүркін көрсетілмек. Қазір үйде отырып жердің түбіндегіні білетін заман – билеттердің үш көрсетілімге де қарқынды сатылып жатқанын онлайн бақылау арқылы көруге болады. Міне, осылай ұлы мұхит жағасындағы Бусан шаһарынан шығып, бір шетімен бір шеті алты айшылық – Тынық мұхитын көктей өтіп, Үнді мұхитының Гонконг аралына келіп жеткен біздің «Әбіл» осында өтіп жатқан бәйгеге түсуге бел байлапты. Одан кейін Атлант мұхиты жағалауы елдеріне қарай желкен кермек. Жолдасың Қыдыр болсын, «Әбіл!»

 

Ерлан Төлеутай,

Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ «Қазақанимация» ШБ редакторы

 

Алматы – Бусан – Алматы