Руханият • 06 Қараша, 2024

Сахна шеберлерінің мерекесі

292 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Төр қаланы думанға бөлеген «Театр аll» III халықаралық театр­ фестивалі өз мәресіне жетті. Астана қаласы әкімдігі және Мәдениет басқармасының қолдауымен биыл үшінші мәрте ұйымдастырылып жатқан дәстүрлі өнер мерекесі Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы-драматург Роза Мұқанованың драматургия­сына арналды.

Сахна шеберлерінің мерекесі

Еліміз­дің түкпір-түкпірінен жинал­ған белді ұжымдар мен Қыр­ғыз­стан, Әзер­байжаннан кел­ген әртістер жеті күн қата­рынан жанын сала өнер көрсетті. Ал олардың қарым-қабі­летін көзіқа­рақты көрер­менмен бірге Әлия Бөпе­жа­нова, Жаныш Құл­мам­бетов (Қырғыз Респуб­ликасы), Амангелді Мұқан, Анар Еркебай сынды белгілі театр мамандары бағалады.

«Түркі дү­ниесі мен мәдени кеңістігінде де Роза Мұқанова туын­­ды­ла­рының шоқтығы биік. «Мәң­гілік бала бейне», «Сарра», «Бопай ханым» деп жалғасып кете беретін көркемдік деңгейі жоғары қойы­­лымдардың барлығы да бүгінде руха­ни құн­ды­лығымызды дәріп­тейтін өмір­шең туындыларға айналды. Осы жолы жаңа есімдерді ашқы­мыз кел­ді, әсіресе режиссураның аяқ алы­­сына баға беруді мұрат тұттық. Кө­­рер­менге шынайы театр атмосфе­расын сыйлаған фестивальдың же­міс­ті де табысты бір аптасы еліміздің мә­дени кеңіс­тігін­де ерекше оқиғаға ай­нал­ды деп ойлаймын», деді жоба ұйым­­дастырушысы, Музы­калық жас көрер­мен театры­ның директоры Асхат Маемиров.

Фестивальдың ашылу салтанаты алдында әртістер мен қатысушылар қызыл кілеммен жүріп өтті. Ал Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлт­тық драма театры әкелген режиссер Болат Атабаевтың жиырма жылдан бері сахнадан түспей келе жатқан «Мәң­­гілік бала бейне» спектаклі көп­­ші­ліктің қошеметіне бөлен­ді. Жалпы, автордың да дра­­ма­тургияға сара жолы аталған қара шаңырақта театр кемеңгері марқұм Болат Ата­баев­­­тың ақ батасымен басталған бола­тын.

«Мен үшін жазу – мінәжат. Жазу ойды бұзбайды, жанды кірлетпейді. Жазу жалған сөйлетпейді. Осын­дай қасиет бар қаламда. Отызға да тол­маған шағымда «Мәңгі­лік бала бейне» деген пьесамды қара шаңырақ Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ драма театрының реформатор режис­сері марқұм Болат Атабаев сах­наға шы­ғарды. Ал ол уақытта М.Әуезов теат­рында тек қана классиктер қойы­­латын. Ұлылардың ұлағаты әрі жауап­­кершілік болар, сол сәттен бастап өмір бойы жазуға адал болу­ға ұм­­­тыл­­дым. Соның нәти­­же­сінде елі­міз­­дің режис­сер­лері ғана емес, бауыр­­­лас қырғыз елі мен әзер­бай­­жан­­дық суреткерлер де шығар­ма­шы­­­лы­­­ғыма қызығу­­шылық таны­тып, мерей­­­­тойыма тамаша қойы­­лым­­дарын алып келіп қуант­ты», деді Роза Мұқанова.

Биылғы фестивальға қонақ ретін­де қатысқан әкемтеатр ұжы­­мынан басқа, Астана төрінде алыс-жақын­нан келген А.Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театры «Мәңгілік бала бейне», Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры «Бопай ханым», Астана қаласы әкімдігінің Қуыршақ ­театры «Мәңгілік бала бейне», С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық драма театры «Ешкім де кінәлі емес», Түркістан музыкалық драма театры «Фариза», Қырғыз Республикасы Бішкек қаласы­нан келген Жамал Сейдак­ма­то­ва атын­дағы «Тунгуч» жас­тар теат­ры «Жесір» және әзербайжандық ­театр ұжымы «Шатыр астындағы Мен» қойылымдарын театр сыншылары мен көрермен сарабына ұсынды. Нәтижесінде, Түркіс­тан музыкалық драма театры­ның режиссері Фархад Молдағали қойған «Фариза» дра­масы «Үздік қойылым» деп танылды. «Үздік режиссура» аталымындағы жүлдені «Жесір» қойылымы үшін Жамал Сейдакматова атындағы «Тунгуч» жастар театрының режис­сері Арнис Кыдырмышев енші­лесе, «Үздік актерлік ансамбль» аталымындағы марапатты Астана қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен теат­ры Абзалбек Максим режиссурасында ұсынылған «Қыз жылаған» драмасы үшін алды. «Үздік ер адам бейнесі» жүлдесі – «Шатыр астындағы Мен» спектакліндегі Анти Шрек рөлі үшін Әзер­байжан Республикасы Газах мем­лекеттік драма театры­ның актері Хазар Гянджа­лиға, «Үздік әйел бейнесі» аталы­мындағы сыйлық – «Бопай ханым» тарихи драма­сындағы Бопай рөлі үшін  Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыка­лық драма театрының актрисасы Лейло Бекназар мен C.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театрының «Ешкім де кінәлі емес» спектакліндегі Асыл рөлі үшін Дина Заи­товаға табыс етілді. Сонымен қатар «Сахналық жаңа форма табудағы ізденістері үшін» «Мәңгілік бала бейне» спектаклі­мен (режиссері – Ә.Оспанбаева) А.Тоқпанов атындағы Жам­был облыстық қазақ драма театры марапатталды. Ал «Екінші пландағы үздік ер адам бейнесі» жүлдесін Астана қаласы әкімдігінің Қуыршақ театры ұсынған «Мәңгілік бала бейне» спектакліндегі Депутат рөлі үшін Дархан Мүслимов, «Екінші пландағы үздік әйел бейнесі» аталымын Х.Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының «Қаралы сұлу» спекта­­кліндегі Қыз­метші кемпір рөлі үшін Гүл­жиян Шынтемір және Астана қаласы әкімдігі Қуыр­­шақ театры­­­ның әртісі Айжан Садықова «Мәңгілік бала бейне» спектакліндегі Қатира рөлі үшін теңдей бөлісті.

«Фестивальдық қозғалыстар жалпы өнердің дамуына, бәсекелестік пен жаңа ізде­ніс­тер­дің дамуына өте қатты әсер етеді. Осылайша, талай ­театр әртістері танылып, үлкен шығар­­малар дүниеге келе­ді», деді Әлия Бөпежанова.

Жеті күн бойы көрерменін жарқын әсерге бөлеген өнер думаны осылайша өз мәресіне жетті. Еліміздің түкпір-түкпіріндегі өнер ұжым­дары мен бауырлас елдер театр­ларының басын бас қала төрін­де қосқан тамаша театр дума­нының әсері ұзақ уақыт бойы көрермен жадында жатталары сөзсіз.