Білім • 06 Қараша, 2024

Сабаққа смартфонсыз кіреді

265 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Екінші тоқсаннан бастап елордадағы бірқатар мектепте жаңа жоба қолға алынды. Оқушылар сабақ басталмас бұрын арнайы жәшіктерге ұялы телефонын қалдыруы қажет. Осылайша, білім алушылардың назары әлеуметтік желіде емес, оқуда болып, білім сапасы арта түседі.

Сабаққа смартфонсыз кіреді

Қазір балалардың бей­­не ойындарға әуес­­­тігі ата-аналар­дың уайы­мына айналды. «Әлеуметтік желі жет­кіншектің мінез-құлқына, таным-түсінігіне, ментальді һәм физикалық сау­лығына те­ріс әсер етіп жатыр», деп шыр-пыр болады әке-шеше. Ұстаздар қауымы да сабақ барысында оқушылардың жанары жылтырақты іздеп тұра­тынын жасырмайды. «Ғала­мат жетістік ретінде жарнамаланып жатқанымен, бейне ойындар түгілі, ютубтағы мультфильм­дер де ақыл қоспайды, қиялды байытпайды, сөздік қорын дамытпайды, сыни ойлауға баулымайды», дейді психолог мамандар. Әлбетте интернеттің игілігін жоққа шығармаймыз, дегенмен ғаламтордың берері қанша болса, алары да сонша. Ендеше, оқушының интернетте отыратын уақытын шектеуде тұрған ешбір сөкеттік жоқ. Осы мақсатта Астанадағы бірнеше білім ошағы «Смартфонсыз мектеп» жобасын бастады.

Кейбір мектептер бұл тә­жі­ри­бені әлдеқашан қолға алған. Мәселен, Ғафу Қайыр­бе­ков атындағы №2 мектеп-гим­на­зияның оқушылары был­тырдан бастап сабақты смартфонсыз-ақ өтіп жүр. Қазір осы жүйені қолдаушы ата-аналар көбейген. Демек оң нәтиже бар деген сөз.

«Сабақтың сапасын қай­тіп арттырамыз деп іздене бас­та­ғанда сыртқы кедергілерді анық­тадық. Сөйтіп, оқушының мек­тепке телефон алып келуі оқу үлгеріміне басты бөгет екеніне көзіміз жетті. Тіпті бір сыныпқа тәжірибе жүргізіп көр­дік. Телефонсыз келген күні оқушылардың назары жинақ­талып, оқуға ынтасы арт­қаны анық аңғарылды. Смарт­фондарды қоңырау уақы­тын­да да бермейміз. Тек сабақ аяқ­талған соң ғана қайтарылады. Бұл бастама алғашқыда бас­тауыш, кейін орта буын оқу­шы­ларына қол­данылды. Енді жоғары сынып­та­ғы­лар да смартфондарын ерікті түр­де тапсырады. Осы бастаманы ата-аналар­мен ақылдасқанда, олар­дың пікірі екіге жарылды. Бірінші тарап сөзсіз қолдайтынын білдірсе, екін­ші жақ бала­ла­рының қауіп­сіз­дігіне алаң­дайтынын ашық айт­ты. Бірақ біз әрбір мектепте «Face ID» жүйесі барын, сол арқы­лы әр оқу­шының мектепке қай уақыт­та кіріп, қашан шық­қанын көру­ге болатынын түсіндірдік. Осы­­дан соң көп­те­ген ата-ана бұл жо­ба­­ға сенім білдірді», дейді Ғ.Қайыр­беков атындағы №2 мектеп-гим­назия директоры Сырым Нұғманов.

Ал психолог Лимана Қой­шиева­ның айтуынша, бала­ларды смартфоннан мектепте ғана емес, үйде де барынша алыстатқан жөн. Себебі жасөспірімдердің арасында цифрлы аутизм атты дерт тарап жатыр. Былтыр 5,5 мыңнан астам балада аутизмнің бұл түрі тіркелген.

«Шыны керек, қазір оқу­шылар эссе, шығарма жазғанда да телефоннан толық көші­ріп алады. Соның салдарынан сыни ойлаудан қалады. Негізі бала ұйқыдан оянғаннан бас­тап, сағат 8:00-ден 9:00-ге дейін оның ағзасы толыққанды оянып, оқуға дайын тұрады. Ал мидың жұмысы сағат 9:00-ден 12:00-ге дейін өте жақсы дәрежеде, 100 пайыз мағлұматты сіңіруге қабілетті. Осы аралықта ол теле­фонды шектеп, оқуға толық­­қанды кірісетін болса, білім сіңім­ді болады», дейді психолог.

Білім басқармасының мәлі­метінше, «Смартфонсыз мектеп» биыл қарқын алға­ны­мен, төрт жылдан бері іске асып келеді.

«Басын ашып айтатын дүние, бұл жоба оқушылар арасында ерікті түрде өтеді. Яғни міндетті емес. 2024 жыл­дың екінші тоқсанында жоба жаңартылып, қолдау білдіретін мектептер саны 10 пайызға артты. Сонда қаладағы 110 мем­­­лекеттік мектептің 80 па­йызы бүгінгі таңда осы жобаны қолдап отыр деген сөз. Негізгі мақсат – білім сапасын арттырып, оқушылардың ойлау қабілеті мен психологиялық денсаулығына оң әсер ету. Төрт жыл бұрынғы тәжірибеге сүйен­сек, балалар алғашқы кезде ұялы телефондарын арнайы жәшіктерге салуға дағды­лан­баған еді. Уақыт өткен сайын олар жанындағы достарына қарап, бұл бастамаға үйрене бас­тады. «Смартфонсыз мектеп» жоба­сында оқушылардың ұялы теле­фондары арнайы кілті бар жеке сөрелер мен мұғалімнің үсте­лінің алдындағы ағаштан жа­салған қораптарда тұрады. Бұл қораптарды оқу­шы­лар техно­логия пәнінде өзде­рі қолдан жасағанын да айта кеткеніміз жөн», дейді қалалық білім басқармасының баспасөз хатшысы Аяжан Амантайқызы.

Ұстаздардың сөзінше, смартфонан ажырау – балалар­дың оқу үлгерімін айтарлықтай жақсартқан.

«Біз бұл жобаны бастамас бұрын әуелі ата-аналармен ақылдастық. Оқушылардың өздерінен сауалнама алдық. Нәтижесінде, сабақты смартфонсыз өту тиімді екеніне көз жеткіздік. Қазір тіпті кейбір оқушылар мектепке телефон әкелмейді. Өйткені сабақ барысында бәрібір қолданбайды. Өздерінің ғана білімдеріне жүгінеді. Байқағаным, бұрын балалар үзіліс кезінде телефонға телміріп, бір-бірімен аса көп сөйлес­пейтін. Ал қазір сынып­тағы достарымен қарым-қа­ты­­настары жақсара түскені анық аңғарылады. Өйткені әлеуметтік желі алыстағы адам­ды жақындатқанымен, жақын­дағы адамды алыстататыны жа­­сы­рын емес», дейді Талғат Бигел­­динов атындағы №1 мек­теп-лицейінің 9 «Б» сынып же­тек­шісі Бағдад Жақсы­лық­қызы.

Әрине, мектептердің бәрі бірдей смартфоннан бас тарт­ты деуге келмейді. Бірақ «Смарт­фонсыз мектеп» жобасына қо­сы­­лу­шылардың қатары күн са­йын көбейіп жатқаны қуантады.