Қоғам • 06 Қараша, 2024

Жалдамалы баспана – құтты қоныс: Алматыда тағы 920 отбасы пәтер кілтін алды

61 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қарашаның бірінші дүйсенбісінде кезегі келген 920 алматылық жаңа пәтердің кілтіне қол жеткізіп, қоныстой жасады. Осылайша, оңтүстік шаһарда жалға берілетін пәтер берудің екінші кезеңі басталып, осыншама отбасы уақытша болса да, өз баспаналарына кіріп, қуанышқа бөленді.

Жалдамалы баспана – құтты қоныс: Алматыда тағы 920 отбасы пәтер кілтін алды

Жалдамалы пәтерлерді жетім балалар, ардагерлер, I, II топтағы мүгедектер, жалғызілікті, көпбалалы отбасылардың мүшелері, зейнеткерлер мен мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналар алды. Алматының коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы басшысының орынбасары Ғалымжан Әбдішүкірұлы қоныстой жасап жатқан тұрғындардың қуанышына ортақтасып, жаңа тұрғындарға техникалық мәселелерді егжей-тегжей түсіндірді.

Жалдамалы пәтерге кірген Зульфира Халиулова: «Жаңа үйден пәтер алғаныма қуаныштымын. Баспананы 2013 жылдан бері күттім. Бұған дейін жекеменшік секторда үй жалдап тұратынмын. Үй алуға мүмкіндік беретін қолданыстағы мемлекеттік бағдарламаларға өте ризамын», дейді.

Биылғы жылдың алғашқы алты айын­да Алматының Наурызбай, Медеу аудандарында 1080 отбасы жалдамалы тұрғын үй алды. Қарашаның алғашқы дүйсенбісінде берілген 2000 пәтердің 400-і жетім балаларға, 250-і ерекше күтімді қажет ететін жандарды бағып-күтіп, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған адамдарға, 1350-і ардагерлерге, көпбалалы, жалғызілікті отбасыларға бұйырды. Оған қоса биыл жұмыс істейтін алматылық жастарға 2100 жалдамалы пәтер берілгенін атап өту керек. Жұмыс істейтін жастарға арналған сатып алу құқығынсыз жалдамалы тұрғын үй бағдарламасы жастарды қолдауға, жеке баспана сатып алуға ынталандыруға бағытталған.

Жұмыс істейтін жастарға арналған жалдау шартында ай сайынғы төлем мөлшері 7-ден 15 мың теңгеге дейін белгіленген, сатып алу құқығы мен жалдау мерзімін ұзарту мүмкіндігі қарастырылмаған. Бұған қоса, жұмыс істейтін жастарға арналған жалдамалы тұрғын үйді жалдаушылар үш жыл ішінде кейіннен екінші деңгейлі банктерден ипотека арқылы баспана сатып алуға депозитке қаражат жинауға міндетті.

Сонымен Алматыда мұқтаж азаматтар тұрғын үймен қалай қамтамасыз етіледі деген сауалға кеңірек тоқталатын болсақ, жыл басынан бері қалада 2 726 кезекте тұрған азамат коммуналдық тұрғын үймен қамтамасыз етілген. 2024 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша тұрғын үй кезегінде 43 448 адам тұр. Олардың ішінде: 2 330 – жетім бала, 7 546 – көпбалалы отбасы, 18 468 – халықтың әлеуметтік осал топтары (ХӘОТ), 15 104 – бюджеттік ұйым қызметкері. Қараша айында бұл тізім 920 адамға кеміді.

Биылғы 8 айда 2 726 азамат тұрғын үймен қамтамасыз етілді, оның ішінде: 1 080 – кезекте тұрғандарға арналған ком­му­налдық тұрғын үй қорынан жалдамалы тұрғын үй, 1 348 – жұмыс істейтін жастарға сатып алу құқығынсыз жалдамалы тұрғын үй, 226 – 2% және 5% жеңіл­де­тілген несие бағдарламалары, 72 – «Алматы жастары» бағдарламасы арқылы тұр­ғын үй алғандар. Сонымен қатар 169,3 млн теңгеге 148 тұрғын үй сертификаты бе­рілді.

Сондай-ақ қазан айының соңына қарай Алматыда Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асқан «Наурыз» жаңа тұрғын үй бағдарламасы аясында тұрғын үй сертификатын алуға өтініш қабылдау басталды. Осыған орай Алматы қаласы мәслихатының шешімімен бастапқы жарнаның бір бөлігін жабуға тұрғын үй сертификатын беруге қаражат бөлінді. Сертификат мөлшері 1,5 млн теңгеге дейін, ол өтеусіз әрі қайтарымсыз беріледі. Жаңа ережеге сәйкес сертификат алуға отбасының орташа табысын растау қажет, ол отбасының әрбір мүшесіне осы қаржы жылына белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 еселенген көрсеткішінен (134 561,7 теңге) аспауға тиіс. Бұған дейін тұрғын үй сертификаты тек «Бақытты отба­сы», «Шаңырақ» бағдарламалары аясында берілетін, ал жаңа өзгеріс тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды қолдау мүмкіндігін кеңейтті.

 

АЛМАТЫ