17 Маусым, 2015

Қырық жыл бойы сақталған хат

551 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
УОС-ЦВнемесе майдангер атамның аманаты Көрнекті жазушы Зейін Шаш­киннің немере ағасы Дайырбай Шашкин Ұлы Отан соғысына 1942 жылы шақырылып, Волхов, Ленинград, 1 Украин майдандарында жаумен шайқасқан. 1943 жылы ауыр жараланып, госпитальға түседі. Соғыс жылдары майданнан үшбу хаттарды халық асыға күтетін. Бір хат қуаныш әкелсе, екіншісі қайғы бұлтын үйіретін. «Қара қағаз» деген атпен ел есінде қалған жансыз парақтағы ақпарат аядай ауылға лезде таралып үлгеретін. Сол кездерде «қара қағаз» келіп, кейін еліне аман-есен оралған майдангерлер де аз емес. Дәл осындай оқиға бүгін біз әңгіме еткелі отырған менің атам Дайырбай Шашкиннің де отбасында болады. Майдангердің жары Теміржан апамыз бен оның туған-туыстарын бұл суық хабар күйзелтіп жібереді. Өзегі қанша өртенсе де апамыз үмітін үзбейді. Оның жүрек түкпірінде жарына деген жарық сәуле өшпеді, өлді деуге сенбеді, сенгісі де келмеді. Сөйтіп жүргенде атамыз 1945 жылы қыркүйекте елге аман оралады. Ол оқиға былай болыпты. Қолым­да атам Дайырбай Шашкиннің Жеңістің 30 жылдығы қарсаңында Қазпотребсоюз мекемесінде мерекені өткізу жөнінде құрылған жергілікті комитеттің төрағасына жазған өтініші тұр. Қырық жыл бойы сақталған сарғайған қағаз бетіндегі жазулары маржандай екен. img103 «Менің соғыста болғанымды, небір қанды шайқастарға қатысқанымды Қызыл Тулы, Суворов орденді Павлов дивизиясының командирі мен саяси бөлімінің комиссары берген мақтау қағаздары дәлелдейді. Олардың көшірмелерін қоса жіберіп отырмын. 1942 жылы күз айларында неміс-фашист басқыншыларының әскерлері Ленинград қаласын қоршауға алғандығы өздеріңізге мәлім. Бұл кезде мен Волхов майданында бөлімше командирі едім. Басқыншыларды қалаға кіргізбеу үшін жан аямай шайқасып жаттық. 1943 жылғы 8 қаңтар күні Волхов, Ленинград майдандарының жауын­герлері мықты бекініс жасап алған неміс әскерлеріне қарсы шабуылға шықты. Он тәулік бойғы үздіксіз қантө­гістен соң неміс әскерлері бірін­ші бекіністен кері шегініп, екін­ші қорғаныс белдеуіне орнықты. Оған шабуыл 17 қаңтар күні басталып кетті. Жау бекінісінде орна­лас­қан доттар мен дзоттар бас көтер­тер емес. Қорған қалыңдығы 10 санти­метрлік шойын трубалар­мен қоршалғандықтан біздің әскерлер үш күн, үш түн бойы жау шебін бұза алмады. Ақырында ауыр артиллерияның көмегімен бекіністер тас-талқан етіліп, Ленинград қаласын қоршауға алған неміс әскерлері кері шегінді. Осы шайқас кезінде аяғымнан жараланып, майдан даласында қалып қойдым. Жауынгер достарым уралап алға жүгіріп бекіністерді алу үшін жау соңына түсті. Жан-жағым қалың қар. Айқайласам дауысым шықпайды. Аяғым жараланса да қолым аман. Шынтақпен таянып 100-150 метрдей жерге сүйретіліп барып құлаппын. Сол күні түнде көрші әскери бөлім­нің барлаушылары мені тауып алып санбатқа, одан далалық госпиталь­ға, содан кейін Калинин облысы, Боровичи қаласына жеткізіпті. Мұнда тез емделіп, майданға аттандым. Осы аралықта әскери бөлім коман­дирі мені өлдіге жорып отбасыма «қара қағаз» жолдаған болу керек. Сонымен, Ленинград қаласы қоршау­дан босатылып, немістер кейін шегініп, қауіп-қатер азайған кезде біздің майданға, мен қызмет еткен Қызыл Тулы Суворов орденді Павлов дивизиясының штабына Қазақстаннан журналистер келеді. Олардың мақсаты қазақстандық жауынгерлер туралы материал әзірлеу. Осы тұста дивизия командирі менің фамилиямды атап, он тәулік бойы Ленинград қаласын қоршаудан босату үшін болған шайқастың соңғы күні ерлікпен қаза тапты дейді. Олар елге келгеннен кейін болған жағдайды баспасөз бетіне жариялайды. Сол кезде газеттің бір данасы Қарағанды қаласында тұратын Мейрам Ыбыраевтың қолына тиеді. Ол бұл газетті менің інім Зейін Шаш­кинге жібереді. Аумалы-төкпелі заман кезінде інім ол газетті жоғал­тып алады. Қандай газет, қай күні шыққанын інім есіне сақтай алмапты. Мен туралы жазылған сол басылымды осы уақытқа дейін іздеп таба алмадым. Газетке басылған материал мен жараланғаннан кейінгі 1943 жылдың қаңтар, ақпан, наурыз, сәуір, мамыр, яки жаз айларында «Социалистік Қазақстан» немесе Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газеттерінде жарияланған болуы керек. Бұл жөнінде 1969 жылы Қаскелең аудандық әскери комиссариатына өтініш жаздым. Олар Қарағанды облыстық газетінің редакциясына іздеп табуды тапсырып, хат жіберді. Олар 1943 жылғы газет архиві Алматыдағы орталық кітапханаға тапсырылған, сонда сақталады, деп жауап жіберіпті. Осыдан кейін мен сырқаттанып, әрі қарай іздете алмадым. Сіздерден сұрайтыным Жеңістің 30 жылдық мерекесіне дейін сол мақала шыққан газетті табуға көмек көрсетсеңіздер екен. Өтініш беруші Ұлы Отан соғысының ардагері, зейнеткер Д.А.Шашкин». «Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі» деген рас. Атамыз Дайыр­бай Шашкин Ұлы Отан соғы­сына басынан аяғына дейін қатысып, ерекше ерлік көрсетіп, Берлинге жетіп, елге жеңістен соң оралды. Оның «Ленинградты қорға­ғаны үшін», «Жауынгерлік ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін» сияқты медальдары соның бір айғағы іспетті. img105Атамыз білімді әрі өнерлі адам болатын. Ол кәдімгідей өлең жазатын, әдебиетке құмар еді. Белгілі ғалым Қаныш Сәтбаевпен бірге оқып, бірге өскен. Олар жастық шағын туған жері Баянауылда бірге өткіз­ген. Көркемөнерпаздар клубын алғашқы құрушылар. «Арқалық батыр­ды» қоюшы және сол пьесада басты рөлдерін ойнаған адамдар. Сонымен қатар, концерттер де ұйым­дас­тыр­ған. Өздері ән салып, дом­быра, скрипка, сырнай тартқан. Өлең, тақпақ, скетч, интермедиялар оқыған. Сол кездерде әйелдерін де концертке қатыстырған. Әсіресе, атамыздың жары, менің енем атақты әнші-композитор Жарылғапбердінің қарындасы Қозғанбайқызы Теміржан гармоньмен ән салған. Соғысқа дейінгі жылдары да Шаш­киндер әулеті көптеген қиын­шылықтарды бастан өткерген. Бұл жөнінде әсіресе, атамыздың немере інісі Зейін Шашкин туралы жазылған естеліктерде, атамыздың қызы Ма­киза апайдың бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбаттарында ашық та анық жазылған. Атамыздың ұрпақтары білім мен ғылым жолын қуып еліміздің өркендеуіне ат салысқан азаматтар. Олар: Сақа Дайырбайұлы Шашкин – тарих ғылымдарының кандидаты еді. Осыдан он жыл бұрын қайтыс болды. Сақаның ұлы Шыңғыс Шашкин бетке ұстар дәрігер-нейрохирург, Ұлттық нейрохирургия орталығы жоспарлау және даму департаментінің директоры, медицина ғылымдарының кандидаты. Ауыл молдасынан білім алып көз ашқан, қарапайым ғана еңбек адамының қырық жыл бойы сақтал­ған хатын қайта жария етудегі мақ­сатымыз, марқұм атамыз туралы осыдан жетпіс жыл бұрын жазылған материалды іздеп тауып, өзі болмаса да соңында қалған ұрпағына оқытып, ата аманатын орындау еді. Аманатқа қиянат жүрмесі анық. Сәуле Дайырбай келіні ШАШКИНА. Суреттерде: Д.Шашкин (оң жақта); қаруластар ортасында.