Айтыс • Бүгін, 08:00

Айтыс арқауы – егемендік

33 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елімізде алғаш рет мектеп оқушылары арасында «Егемендігім – елдігім» атты республикалық «Қола домбыра» оқушылар айтысы өтті. Астана төріндегі Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің сахнасында өткен дүбірлі доданы Оқу-ағарту министрлігі Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағымен бірлесіп «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» аясында ұйымдастырған.

Айтыс арқауы – егемендік

Алғаш рет өткен дүбірлі додаға республикамыздың әр өңірінен 22 ақын қа­тысып, айтыстың алғашқы күні 11 жұп болып бақ сынасты. Ұлты­мыз­дың бірегей өнерін қолдау мақ­сатында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, Парламент Мәжілі­сінің депутаттары Аманжол Әлтай, Жанарбек Әшімжан, Л.Н.Гу­милев атындағы ЕҰУ ректоры Ерлан Сы­дықов арнайы келіп, жас өрен­дердің өнеріне сәттілік тіледі.

«Айтысқа жас ақындарды бала кезінен баулу мақсатында Жүрсін Ерман басқаратын Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халық­аралық одағы биылға арналған бағ­дарламасын бекіткен еді. Сол бағ­дарламада ұрпақ сабақтастығын ескере отырып, үш сатылы айтысты өткізуді қолға алғанбыз. Әуелгі бірінші саты – «Қола домбыра». Бұған Серікзат Дүйсенғазы же­текшілік етеді. Екінші саты – Ер­кебұлан Қайназаров жетекшілік ететін «Күміс домбыра» жобасы. Үшін­ші сатысы – қазіргі майталман ақындарымыз бақ сынайтын, жылда желтоқсан айында елорданың төрінде байрағын көтеретін «Алтын дом­быра» айтысы», деді салтанатты доданың шымылдығын ашқан Парламент Мәжілісінің депутаты Аманжол Әлтай.

Сөз сайысында айтыскер оқу­шылар жастарына сай әдемі әзілдесіп, қоғамдық мәселелерді де көтеріп, тақырыпты да тапқыр жырлай білді. Осылайша, қазылар алқасының ше­шімімен іріктелген 8 ақын келесі кезеңге өтті. Олардың арасынан соңғы сынға 5-сынып оқушысы, шымкенттік Ислам Әли Біржанұлы мен 11-сынып оқушысы, маңғыс­таулық Бейбіт Бай­жігіт суырылып шығып, сөз сайы­сын жандандыра түсті.

Айтыстың қорытындысында Шым­­­кент қаласынан келген Ислам Әли Біржанұлы топтан озып, тұң­ғыш «Қола домбыра» иегері атанды. Жүл­делі бірінші орынды маң­ғыс­тау­лық Бейбіт Байжігіт, екінші орынды ақ­төбелік Арай Нұрадин мен аста­налық Айғаным Мақсұтханова иел­ен­ді. Ал үздік үштікті Алматыдан кел­ген Ерасыл Сейітжанұлы мен Рауан Нұршабеков, қостанайлық Нұр­ислам Рогатов түйіндеді. Суырып­салма сөз сайысына қатысқан өзге ақын­дарға Қаныша Райысова, Есенқұл Жа­қыпбек, Нартай Бекежанов атын­дағы арнайы жүлде мен бағалы сый­лықтар берілді. Сонымен қатар ақын­дардың тәлімгер-ұстаздарына Оқу-ағар­ту министрінің Алғысхаты табысталды.

Тағы бір қуанарлық жайт, жас ай­тыскерлерді марапаттау салта­на­тында сөз алған Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мектеп оқушылары арасында өтетін бұл айтыстың ауқымын алдағы жылы кеңейте түсетінін айтса, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Ерлан Сы­дықов республикалық «Қола домбыра» оқушылар айтысының жыл сайынғы жеңімпазына ЕҰУ білім грантын тағайындайтынын жеткізді.

Соңғы жаңалықтар

Жыл камбэгі

Әлем • Бүгін, 09:35

Малсақ қауымның мұраты

Шаруашылық • Бүгін, 09:30

Қос ауылдың қуанышы

Аймақтар • Бүгін, 09:20

Жирен аң қашан келеді

Талбесік • Бүгін, 08:55

Рухани құлдыраудың ащы шындығы

Руханият • Бүгін, 08:48

Тарихтағы тың өріс

Руханият • Бүгін, 08:43