Президенттің осы игі бастамасы өңірде облыстық шахмат федерациясынан тыс, жекелеген кәсіпкерлер тарапынан да қолдау тауып жатқаны қуантады. Мәселен, таяуда астатөк астығымен әйгілі Меңдіқара ауданына қарасты Харьков ауылында жылдам шахматтан Қазақстанның Еңбек ері Сайран Бұқановтың кубогі өтті. Сайран Балкенұлының өзі демеушілік еткен ашық турнирге астаналық Нұрлан Ыбыраев, қостанайлық Петр Костенко сынды халықаралық дәрежедегі кәсіби шахмат шеберлері де қатысты. Екеуі де – ФИДЕ гроссмейстері. Кубоктан үміткер 60 адамның үлкені – 85 жастағы Асхат Зәкіров ақсақал, ең кішісі – сегіз жастағы жас талапкер Аңсар Демесінов.
Аядай ауылдағы үлкен шахмат мерекесінің ашылу рәсіміне аудан әкімі, облыстық шахмат федерациясының өкілдері арнайы келіп, ауыл спортын дамытуға үзбей қолдау көрсетіп келе жатқан еңбек қаһарманына алғыс айтты. Сайран Балкенұлы өз сөзінде спортшыларға сәттілік тілей келіп, аталған спорттық іс-шараның ел өмірінде алатын маңызы зор екеніне тоқталды.
«Президент спортты дамыту мәселесін жиі айтып, көптеген тапсырма беріп жатыр. Спорт төменнен, осы біздің Харьков сияқты шағын ауылдардан басталуы керек. Қазір үлкен спортқа үлкен қаржы жұмсалып жатыр. Ал ауыл спорты, өкінішке қарай, көбіне көңілден таса қалып қояды. Бұл турнирдің басты мақсаты – қалталы азаматтарды, ірі кәсіпорын басшыларын ауыл спортын дамытуға үндеу. Мен бүгін өз атымнан шахмат кубогін өткізсем, ертең басқа бір кәсіпкер өз ауылында қазақ күресін, екіншісі бокстан жарыс ұйымдастырып жатса, нелері кетеді. Аудан басшылары осыған баса назар аударуы керек. Биыл Президент айтқандай, 200 мектепке шахмат сабағын енгізеді. Бара-бара барлық мектепте шахмат пәні оқытылып, жаттықтырушыға арнайы жүктеме беріледі. Кәсіпкерлер осы шаруаның ойдағыдай іске асуына атсалысып, жәрдемдесуі керек», деді кәнігі диқан.
Турнирдің жүлде қоры 2 млн теңгеден асады. Жарыс қорытындысында астаналық гроссмейстер Нұрлан Ыбыраев 500 мың теңге сыйақы тағайындалған бас жүлдені ұтып алып, кубок иегері атанды. 9 мүмкіндіктен 8 ұпай жинаған шахмат шебері Шыңғысхан Саржановтың да ойын мәнері ерекше екен. Алайда Шыңғысхан бір ғана ұпай айырмашылығымен екінші орынға тұрақтады. Үшінші орын – қостанайлық гроссмейстер Петр Костенконың еншісінде. Төртінші, бесінші орын алған Павел Дубровин мен Алмат Серғазиновқа да ақшалай сыйлық табыс етілді.
Әйелдер арасында өткен шахмат сайысында Сәуле Саркинаға қарсы қауқар танытар жан табылмады. 12 жасқа дейінгі балалар арасында Иман Нәбиев, Родион Филиппов, Әләзиз Смағұлов сынды жас шахматшылар жүлделі орындарды бөлісті. Ал 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасынан Жанәлі Ізбасар, Аян Өмірханов, Бағдат Тұқатовтар озып шықты. Сонымен қатар, озық ойын өрнегімен ерекшеленген үш талапкер Меңдіқара ауданының үздік шахматшысы сыйлығына ие болды.
«Сайран Балкенұлы өзге кәсіпкерлерге өнеге боларлық жол көрсетті. Турнир өте жоғарғы деңгейде ұйымдастырылды. Мұндай сыйлығы қомақты жарыстар облыс орталығының өзінде жиі бола бермейді. Қаншама адамды жарысты ұйымдастырушының өзі тамақтандырып, жақсы жағдай жасап қойған. Жарысқа қатысқан балалардың да талабы жақсы. Ең жоғарғы нәтиже көрсеткен Махаббат Есілова есімді қыз бала болашағынан үлкен үміт күттіреді. Сондай-ақ Қуаныш Байғазинов, Қуаныш Бұқанов, Медина Молдахметова тәрізді жас дарындар өзіндік ойын өрнегі бар екенін танытты», дейді облыстық шахмат федерациясының атқарушы директоры Павел Русанов.
Айтулы турнирден қарттар да қалыс қалмады. Ардагерлер арасында құрметті кубокті жеңіп алған Владимир Ещенкоға 200 мың теңге қаржылай сыйлық табыс етілді. Зейнеткер Валерий Николаев екінші орынды еншілесе, Валерий Пилиппенко үшінші орынды қанағат тұтты. Жүлдегерлердің бәрі ескерткіш медальдармен, қаржылай сыйлықтармен марапатталды.
Қостанай облысы,
Меңдіқара ауданы,
Харьков ауылы