Тұлға • 08 Қараша, 2024

Қағілез, қамқоршы Халекең еді...

473 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ойы орамды, сөзі өтімді, ісі әркезде де тындырымды, жүріс-тұрысы ширақ, жүзінен мейірім шуағы төгіліп тұратын асыл азаматтың аяқ-астынан болған қазасы оның етжақындарының ғана емес, айналасында үйіріліп жүретін дүйім жұртты, өзі жетекшілік жасайтын республикалық одақ мүшелерінің қабырғасын қайыстырып кетті... Елдің аузында «Чернобыльдың зардабы ғой...» деген сөз қалды.

Қағілез, қамқоршы Халекең еді...

Халел Төреғалиев – Кеңес одағының қасіретіне айналған Чернобыль АЭС-індегі апаттың зардабын жоюға қатысқан запастағы химик-офицердің бірі һәм бірегейі еді. Атом стансасы жарылған 1986 жылғы 26 сәуір күні Қазақстанда тө­тенше жағдайда жасақталған 27-химиялық қорғаныс полкінің құрамына шақырылған тұста жасы 33-те екен. Өзі коммунист, өзі запастағы аға лейтенант Халел Төреғалиев қатарластары секілді әскери комисариатта тілдей екі қағазға қол қойды: оның біріншісі – «Мен кеңес одағының патриот азаматы ретінде КОКП Орталық комитетінің, КСРО Жоғарғы кеңесі президиумының, КСРО Министрлер кеңесінің өзіме мін­деттеген тапсырмасын орын­дауға дайынмын...» болып келетін де, екіншісі – «Мен КСРО Қарулы күштерінің офицері ретінде мемлекеттік құпияны апатты жағдай түзелгенше құ­пия сақтауға ант етемін!» деген қағаз болатын. Өкінішке қарай, апат зардабы түзелмеді... Ан­тына адал офицер әріптестері секілді радиациялық сырқатқа ұшырап, ІІІ топтағы мүгедекке айналды.

Апатты аймақтан оралған еті тірі азамат қол қусырып отыра алмады. «Көрінбейтін ра­диа­циялық майданнан» зардап шеккен жауынгерлердің басын қосып, «Чернобыль ар­дагерлері одағы» респуб­ли­калық бірлестігін құрды. Бі­лікті қаржыгер-маман ел Тәуелсіздігінің елең-алаңында Қазақ КСР Жоғарғы кеңесі аппаратында қызмет етті. Одан көп жыл бойы Алматыдағы «Инсталком» металл құрыл­ғылары компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы қызметін атқарды. Бірақ, ол өзінің «чер­нобылдік» екенін әркез есте сақтады. Ионды сәулелерден өмірлік кесел тапқан өрімдей жастарға қатысты әлеуметтік мә­селелерді мемлекеттік тұр­ғыдан шешуге аянбай атсалысты. Өмірінің соңына дейін Чер­нобыль АЭС-індегі апаттан зардап шеккендердің мүддесі үшін күресті. Одақ төрағасының ерекше белсенділік танытқан бір қыры – «Ардагерлер туралы» заңының (2020 жылғы 6 мамыр №322- VI ҚРЗ) 6-бабына бұрынғы КСРО заңына сәйкес әрі еш өзгеріссіз отан­дық чернобылдіктерді ҰОС арда­герлерінің қатарына теңес­тірудегі тиянақты іс-қимыл әрекеті болды.

– Халел Мұхитұлының біздің «таудағы госпиталь» атанып кеткен, тозығы жеткен, жарамсыз ғимаратымызды соғыс ардагерлері үшін қайта қал­пына келтіру жолындағы ат­қарған күрескерлік қызметін еш ұмытпаймыз, – дейді Алма­тыдағы Соғыс ардагерлері мен мүгедектерін емдейтін рес­пуб­ли­калық-клиникалық гос­пи­тальдың бас директоры Гауһар Тазабекқызы Жұмасейітова. – Қазір министрлік бұл мәселеге айрықша назар аударып отыр. Әттең, қайраткер, қағілез, әр­дайым белсенді аяулы ардагер ағамыздан кенеттен көз жазып қалғанымыз өкінішті...

Халел Төреғалиевтің әскер­дегі және бейбіт өмірдегі көр­сеткен ерлігі мен қоғамдық белсенділігі «Ерлігі үшін» ме­далімен, І және ІІ дәрежелі «Ай­бын» орденімен аталып өтті. Бұл құрмет оның зардап шеккен қарулас-майдандастарының мүдделері үшін аянбай төккен терінің өтеуі деп түйіндегеніміз ләзім.

–Біздің Халекең Бело­рус­сияның Гомель қаласындағы Халықаралық радиациялық зардаптардан сауықтыру орта­лығымен тығыз байланыста болды, – дейді «Чернобыль ар­дагерлері одағының» белсенді мүшесі, ардагер-полковник Ға­лымбек Тоқтаубаев. – Сырқат меңдеген талай жанның сол орталықта емделуіне дә­не­керлік жасаған Халел Мұ­хитұлы «майдандастар» дегенде, күш-жігерін аямады, байырғы апат аймағындағы клиникаға емделу­шімен бірге сан рет сапарлап та барды...

Төраға Төреғалиевтің қа­засына еліміздің барлық өңірінен – Оралдан, Ақтөбеден, Та­раздан, Шымкенттен, Пав­лодар мен Семейден... Го­мель мен Минс­кіден, Мәскеуден қаруластар ұйымынан көңіл айтулар жетті. 

Халекеңнің қазасына орай, елдің аузында «Чер­нобыльдың зардабы ғой...» деген сөз қал­ды. Ол даусыз. 1986 жылы сүйекке сіңген «стронций-90» эле­ментінің «оянған» сәтінде, жартылай ыдыраған сәтінде ағза­дағы қан түйршіктерін қас пен көздің арасында «тас-талқан» етіп бұзатыны ақиқат.

 

Талғат СҮЙІНБАЙ,

ардагер журналист

 

Алматы