Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
2013 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің шешімімен өңірлерде Аналар кеңестері құрыла бастады. Кеңес құрамына өмірлік тәжірибесі бай, күні кеше педагог, дәрігер, қаржыгер, басқа да қызметтер атқарып, ұл-қыздарын тексіздіктен, жағымсыз қасиеттерден сақтап қалуды мақсат тұтқан, оларды ұлттық, отбасылық, әлемдік құндылықтармен сусындатып өсіргісі, тәрбиелегісі келген аналар кірді. 2014 жылғы 13-14 қарашада елордада ассамблея жанындағы Аналар кеңестерінің I Республикалық форумы өткен еді. Жер-жерде құрылып, өз бетінше жұмыс істеп жатқан кеңестердің қызметін бірыңғай форматқа келтіру, ұйым жұмысының бағытын айқындау бойынша ой-пікірлерді ортаға салып, бір арнаға тоғыстыру мәселесі сөз болған сол жиынды Республикалық аналар кеңесінің белсенді қызметі басталған күні, ұйым тарихының бастауы деп қарауға болады. Ал қазір бұл ұйымның айналасына 18 мыңнан аса ана жиналып, саналы қоғам құру бағытында еріктілер ретінде белсенді жұмыс атқарып жатыр.
Астанада республикалық іс-шара ретінде өткен алғашқы ірі жобаның бірі «Ақ орамал» акциясы аналар соғысқа қарсы деген мақсатта өтті. Акцияның негізіне ананың ақ жаулығының киелілігі алынды. Ананың тілегі жауластыру емес, достастыру екенін көрсетті.
Тағы бір бастама «Төркіндеу» салтына негізделді. Бұл ұлт ұясы Ұлытаудан бастау алды. Бұған әке-шешесі саяси қуғын-сүргін құрбаны болған шешен қызы Зулпа Чумакованың «Туған жерім Қостанайдың Құсмұрынын, әжелердің құрт-майы мен бауырсағын сағынамын, сол жаққа барып, халқымның алдында бір есеп бергім келеді» деген аңсар сөзі себеп болды. Сөйтіп, ассамблея мүшесі, меценат Бекзат Алтынбеков ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері З.Чумакованы туған ауылына төркіндетті. Елі қызының кім екенін таныды, жастар сол кісідей боламын деп мақсат құрды, үзілген жіп жалғанды, елге деген ықылас артты. Содан кейін бұл дәстүр жалғасып, жыл аралатып, 60-тан асқан бірнеше ақын, жазушы, ғалым, қоғам қайраткерін төркіндетіп, туған топырағына аунатып, апаларын бұрын атын ғана естіген жас толқынға таныстырдық.
Аталған кеңес мақсаты – қоғамдық мәселені шешуге септесу. Мемлекеттік тіл мәселесі көтерілгенде «Ана тілін бала ана әлдиінен бастап үйренеді» деген сөз жиі айтылады. Сондықтан біз бүгінгі қоғамға түсінікті, тартымды әндер іздеп «Әже әлдиі» байқауын, кітап оқуға бейімдеу үшін «Заманауи ертегі» байқауын ұйымдастырдық, сондай-ақ «Анаммен оқыған кітап», әкелер мен балалардың қарым-қатынасын жақындату мақсатында «Әкеме хат» жобаларын жүргізіп жүрміз. Нәтижесі де жоқ емес, бүгінде алимент төлемейтін әке өз міндетін орындай бастаған, отбасын тастап кетемін деген әкенің шешімінен бас тартуы, кітап оқуға бейімделген отбасылар, жаңа әндер, тағы басқа біраз оң өзгерістер байқалды.
Біздің жүрек тебірентер бір іс-шарамыз «Ұлттық домбыра» күнінде өтеді. Ұрпағымыз отаншылдықты дүниеге келген күнінен бойына сіңіруін көздеп, бүкіл аймақтағы перзентханаларда осы күні дүниеге келген нәрестелерге ассамблеяның атынан домбыра сыйға тартылады.
Ананың баласы үшін отқа да, суға да түсуге даяр екені сияқты Аналар кеңестері де төтенше жағдайларда ел тыныштығы үшін жанын шүберекке түйіп жұмысқа кірісіп кетеді. Арыстағы сын сағатта, Мақтааралды су алғанда, Екібастұз қыста жылусыз қалғанда, биыл 10 облыс су тасқынынан зардап шеккенде барлық өңірдегі Аналар кеңестерінің мүшелері алдыңғы қатарда жүрді.
Елдің көкейіндегіні дөп басып, билік назарын аударған жобамыз – «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт». Бұл жоба Мемлекет басшысының қолдауымен республика көлемінде іске асырылып жатыр. Жобаны таныстырғанда Аналар кеңесінің төрағасы Нәзипа Шанаи «Мақсат игі, бірақ қоғамдық ұйымның кейбір мәселелерде әлеуеті жетпей қалуы мүмкін. Сондықтан билікпен бірлесе атқарғанда ғана ортақ мақсат – ұлтты мәдениетті етіп тәрбиелеуге қол жеткіземіз», деді.
Маңғыстау облыстық аналар кеңесінің зерделеуіне сәйкес, әскердегі келеңсіз жағдайлардың бір ұшы жігіттердің алған несиелеріне барып тірелетіні анықталды. Аналар кеңесі бұл мәселенің Парламент Сенатында қорғаныс, құқық қорғау министрліктері өкілдерінің қатысуымен ашық қаралуына қол жеткізді. Нәтижесінде, мерзімді әскери қызметшілерге міндетін өткеру кезеңінде несиелерді төлеу мерзімін кейінге қалдыру туралы шешім шықты.
Аналар кеңесі ұлттық, отбасылық құндылықтарды дамыту, бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету, саналы ұрпақ өсіру мақсатында жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйымдармен ынтымақтастық меморандумын жасаған. Жандос Ақтаев басқаратын ESBOL QORY («Есірткісіз болашақ») – солардың бірі. Жандос жастардың, тіпті мектеп оқушыларының есірткі сатуы, тасымалдауы жиілегенін айтып, дабыл қақты. Біз «Жасыл сертификат» жобасын қолға алып, дәріханаларда құрамында есірткі бар дәрілерді сатуға тыйым салу бағытында күш біріктірдік. Нәтижесінде, бірнеше дәрі, тамшылар рецептісіз сатылмайтын тізімге енгізілді.
Биыл Аналар кеңесі вейпке тыйым салуды алға тартып, петиция жариялап, 20 мыңнан аса қол жинап, бұған депутаттар да назар аударып, соңында арнаулы заң қабылданды. Жастардың болашағына балта шабатын вейпті қолдануға, тасымалдауға, сатуға тыйым салатын заңның қабылдануы жолында осындай «тар жол, тайғақ кешуден» өткенімізді жұртшылық біле бермейді. Бұл нәтижеге жетуде серіктесіміз «Темекісіз Қазақстан» ұлттық коалициясының басшысы Жәмила Садықованың тәжірибесі көп көмектесті.
Ұлттық құндылықтарды насихаттап жүрген «Қазақ аналары – дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігімен бірлесіп, ағайын арасындағы татулық негізі әйелдер екенін көрсететін «Абысын-ажын» жобасын іске асырдық.
Ағарту саласындағы ынтымақтастық негізінде Аналар кеңесі жүргізіп жүрген «Қауіпсіздік сағаты» жобасы ата-аналармен кездесу арқылы балалардың айналасындағы қауіптің алдын алу шараларына бағытталған. Осы жоба аясында вейп пен синтетикалық, дәріханалық есірткіге қарсы басталған жұмыс қоғамымызды жайлап бара жатқан әлеуметтік бес кеселден сақтандыру мәселелерін қосып алды. Осылайша, дүниеге Аналар кеңесінің «Салауатты сана» жобасы келді. Сөйтіп, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия, бірнеше құзыретті министрлік пен Астана, Алматы, Шымкент қалалары және барлық облыс әкімдіктері жоба серіктестерінің қатарын көбейтті. Қазір республика көлемінде бірлескен жұмыс жүргізіліп жатыр.
Аналар кеңесінің Ұлттық ұланмен ынтымақтастық туралы меморандумы негізінде әскери бөлімдерге мамандарымыз барып, сарбаздар арасында арнайы кездесулер өткізе бастады. Көп ұзамай тәжірибелі психолог Резеда Баймұхаметованың барған бөлімдерінде оқыс оқиғалар күрт азайды. Қазір ағарту саласындағы ынтымақтастық негізінде мектептерде бозбаланың бойындағы жауапкершілік, отансүйгіштік сезімді дамыту, қиын сынақтарда «сынып» кетпеу тақырыптары бойынша тренингтер жүргізіліп келеді.
Құрылғанына 7 жыл толғанда қызметіне талдау жасаған сарапшылар Аналар кеңесі қоғамда орны бар ұйым ретінде қалыптасты деген тұжырымға келді. Жұмысымызға берілген бұл баға жас ұрпақты тәрбиелеуде ұлттық құндылықтарды басшылыққа алуда жол көрсетіп келе жатқан көшбасшы аналарды ұлықтау керектігі туралы ойға жетеледі. Осылайша, жыл сайын өнегелі бір анаға «Ел анасы» атағын беру туралы шешім қабылданды. Екінші атақтың атауы – «Аялы алақан». Бұл ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға мейірімін төккен аналарға берілетін болды. Сонымен, алғашқы «Ел анасы» арнайы белгісі мен атауы жазылған күміс білезік және атақты растайтын диплом Павлодар облыстық аналар кеңесінің төрағасы Бақытжамал Максиловаға табыс етілді. Бақытжамал Шаханқызы – ұрпақ тәрбиесінің бастауына мән беріп, құндылықтарды бала бойына сіңіруді мектептен бастап жүргізіп келе жатқан ана. «Аялы алақанның» иесі Ақтөбе облысынан табылды. Жанна Сейтжанқызы Дүйсенбина – облыстық білім басқармасына қарасты «Мейірім» жастарды әлеуметтік бейімдеу орталығының директоры. Былтыр аудандық аналар кеңесін ұзақ жыл басқарып, небір жаңашыл жобалары облыс, тіпті республика көлемінде танылған Атырау облысы Құрманғазы аудандық аналар кеңесінің төрағасы Балғаным Хасенқызы «Ел анасы» атанды. Қыста қазандығы жарылған Екібастұзда қамқорсыз ұл-қыздарды құшағына алып жылытқан Нағима Абдрахманова «Аялы алақан» құрметті атағының иегері болуы лайық деп танылды.
Осындай қызметі арқылы қазір Аналар кеңесі – қоғамда салмағы бар, ұсыныстарына билік құлақ түретін беделді ұйым.
Камал ӘЛПЕЙІСОВА,
ҚХА жанындағы Республикалық аналар кеңесі төрағасының орынбасары