Аймақтар • 08 Қараша, 2024

Аудан басшысы уәдесіне қаншалықты берік?

79 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Атауы қайта жаңарған Алтай ауданы әуелден әлеуетті. Жерасты байлығы да жетерлік. Табиғаты әсем өңір өзен-көлден де кенде емес. Іргесіндегі толқыған телегей су қоймаға Бұқтырма мен Тұрғысын өзендері құяды. Еліміздегі алпауыт кәсіпорындардың да бірқатары – осы ауданның аумағында. Тізсек, Алтайда өндіріс ошақтары аз емес. Айтпағымыз, былтыр халық сайлаған аудан әкімі Ренат Құрманбаев жыл көлемінде өндірісі өрістеген өңірде қандай жұмыс атқарды? Ел сенімінен шыға алып жүр ме?

Аудан басшысы уәдесіне қаншалықты берік?

Былтырғы сайлау науқанын еске салсақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жүргізіп жатқан реформалары аясында алғаш рет аудандар мен облыстық маңызы бар қала әкімдерінің тікелей сайлауы өткен. Шығыс Қазақстан облысында Алтай және Глубокое аудандары басшыларын халық өздері сайлаған. Содан бері бір жыл уақыт өтті. Ауданда өзгеріс жасау үшін аз уақыт десек те, әкімдердің аяқ­а­лысын халық бақылап, бағ­дарлап отыр. Сайланған әкім де жауапкершілікті сезінеді. Себебі Алтай ауданы әкімін сайлау науқа­нында 34 607 адам дауыс беруге қа­тыс­са, Ренат Құрманбаев 28 232 дауыс жинап, аудан тізгінін ұстаған.

– Алтай ауданына әкім болып сайланғаныма бір жыл толды. Сайлау алды бағдарламасы кезеңінде мен ауданның барлық елді мекеніне барып қайттым, келелі мәселелермен таныс­тым. Тұрғындардан 140-тан аса өті­ніш жиналды. Оның 71-і бүгін­гі таңда шешімін тапса, 69 өтініште көрсетілген мәселелер қарас­тырылып жатыр. Мәселенің негіз­гілері, сапалы ауызсу мен ұялы байланыс және интернетпен қамтамасыз етуге қатысты болды. Көптеген сұрақ елді мекендердің жолдары мен көшелерін жөндеу, жайылымдық жер бөлу жөнінде түсті, – дейді Р.Құрманбаев.

а

Суретті түсірген – автор

Айтып өткендей, Алтай ауданы – ауыл шаруашылығына қолайлы әрі өндірістік өңір. Жаз маусымында саяхатшылар да сабылады. Әуелі ауыл шаруашылығы саласына тоқталып өтсек, ауданда 105-тен аса өнім түрін өндіретін 29 жергілікті азық-түлік өндіруші кәсіпкерлер бар. Оларға мемлекет тарапынан үнемі қолдау көрсетіліп отырған сияқты. Сондай-ақ әкімнің сайлауалды бағдарламасында көрсетілгендей, жер қатынастары саласында аудан­ның 19 елді мекенінің шекарасын, халықтың мал бағуы үшін жайылымдық жерлерді белгілеу жұмыстары қолға алынған-ды. Ал пайдаланылмай жатқан 4 932 гектар ауыл шаруашылық жер мем­лекетке қайтарылып, ауыл шаруа­­шы­лығы айналымына қайта тартылады.

Айта кетсек, осы жылы егіс­тік алаңдары 76,6 мың гектарды құрады. Оның 70 пайызы орылып, қамбаға төгілді. Егістік алқаптарына шығатын техникалар да жыл сайын жаңартылып отырады. Биыл 2,4 млрд теңгеге 33 жоғары технологиялық техника сатып алынған. Сонымен қатар шағын және орта бизнес те жоғары көрсеткіш көрсетіп тұр. Ірі кәсіпорындарды айтпағанда, «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында былтыр 30 млн теңге сомасына 5 несие берілген. Биыл 267,8 млн теңге сомасына 27 өтінім берілді. Иә, кәсіптің көзін тапқанға пайда көп. Алтай өңірінің тұрғындары туризм саласын да кәсіп көзіне айналдырған. Жуырда Бұқтырма су қоймасы жағалауында орналасқан демалыс орындарына түгендеу жүр­гізіліп, нәтижесінде 55 жеке кәсіп­кер салық есебіне тір­келді. 2024 жылдың бірінші жарты­жыл­дығында көрсетілген қызмет көлемі үш есеге өскен. Сөйтіп бюджеттің қазаны да толыс­қан.

– Мемлекет тарапынан шаруа­шы­лыққа көрсетіліп жатқан қол­дау аз емес. Айтайын дегенім, біз тұрып жатқан Бородино ауы­лы – күре жолдан 12 шақырым қашық­тықта. Сол 12 шақырым жолды жөндеу керек. Осы мәселе шешілсе, халыққа жақсы болар еді. Ал интернет желісі уақытымен ауыл-ауылдарға тартылып жатыр, – дейді «Бородино» ЖШС жетекшісі Қайрат Бөкежанов.

Иә, аудан экономикасы дамы­ған сайын халықтың әлеу­меттік мәселелері де шешімін таба бермек. Мысалы, аудан халқы көтерген ауызсу мәселесі рет-ретімен шешімін тауып келе жатқан көрінеді. Тұрғындарды сапалы ауызсумен қамтамасыз ету үшін 26 жобаны іске асыру қарастырылған. Оның ішінде 1 369,8 млн теңге ауылдық жерге, 859,8 млн теңге Алтай және Серебрянск қалаларына жұмсау көзделген. 2024 жылы Малеевск және Путинцево ауылдарында сумен жабдықтау жүйелерінің құры­лысы аяқталады. Бұл үшін республика және облыс бюджет­терінен қомақты қаржы бөлінген. Ал Алтай қаласының орталық және батыс бөліктерінің сумен жабдықтау жүйелерін қайта құру бойынша ірі инвестициялық жобаларды іске асыру жұмыстары жалғасып жатыр. Оған облыс бюджетінен 632,1 млн теңге қара­жат бөлінген.

Көгілдір бұғаз мекенінде, Октябрьский кентінде, Никольск ауылында сумен жаб­дық­тау жүйелерін жөндеу, Чапаево, Подорленок, Среди­горное ауылдарында суды зарарсыздандыру құрылғысын орнату, Полянское, Васильевка ауылдарында сумен жабдықтау нысандарын қоршау жұмыстары жүргізілді. Жаңа Бұқтырма кен­тінде, Березовка ауылында сумен жабдықтау нысандарын қоршау, Прибрежный кентінде су құрылғыларын жөндеу жұмыс­ы қолға алынған. Айта кетейік, Серебрянск қаласының сумен жабдықтау жүйелерін қайта жаңғырту жобасы әзірленіп, 2025 жылы республикалық бюджеттен қаржыландыру жоспарланды.

Бүгінгі таңда халық үшін ең маңыздысы – ауызсу, жол, интернет. Білім мен медицина өз алдына бөлек тақырып. Жол жөнінде аудан басшысы не дейді?

– Жолдар жылы» аясында жол-көлік инфрақұрылым са­ла­сындағы жұмыстарды жүр­гізуге ауданның 23 елді мекенін­де ұзындығы 44 км көшелер мен жолдарды жөндеді. Бұл үшін 1021,4 млн теңге жұмсалды. Облыс бюджетінен Прибрежный кентіне кіреберіс жолға орташа жөндеу жүргізілді. Бұл жерге 20 жылдан аса уақыт жөндеу жүргізілмеген, – дейді Алтай ауданы әкімі Ренат Тілеуханұлы.

Сондай-ақ Алтай қаласының Панфилов, Астана, Геологическая көшелеріне орташа және ағымдық жөндеу жүргізілген. Феклистовка, Тұрғысын, Андреевка, Полянское, Заводинка ауылдарында, Селез­невка стансасында, Ново-Крес­тьян­ка, Снегирево, Бородино ауыл­дарына кіреберіс жолдар, Зубовск кенті мен Малеевск ауылы арасындағы жолдар да аудан әкімдігі назарынан тыс қалған жоқ. 100 млн теңге сомасына Северное ауылындағы су өткізу құрылғысы, Соловьево ауылындағы Березовка өзені арқылы өтетін көпірді жөндеу жұмыстары аяқталды. Қазанда ғана 93 млн теңге сомасына бірқатар жолдар мен көпірлер ретке келтірілді. Абаттандыру жұмыстары да мықтап қолға алынған секілді. Біраз ауыл көшесі жарықтандырылыпты. 105 млн теңге сомасына 15 балалар және спорт алаңы орнатылған.

Аудан тұрғындары үшін маңызды мәселенің бірі – интернет желісі. Статистикалық дерекке көз салсақ, ауданның 47 елді мекенінің 29-ы ғана үшінші немесе төртінші деңгейлі жоғары сапалы мобильді кең жолақты интернетпен қамтамасыз етілген (3G,4G). Сондықтан 2024 жылдың соңына дейін 6 антенналы құрылғыны орнату және қосу жоспарланған. «Қолжетімді интернет» Ұлттық жобасын іске асыру аясында Өскемен – Алтай – Рахман қайнары республикалық автожолының бойында 8 антенналық бағанасын қою жұмыстарына құжаттама әзірленді. Ал құрылыс келесі жылға жоспарланған.

2024 жылы жоғары жылдам­дықты интернетпен қамтамасыз ету мақсатында аудандағы 22 мектеп «SpaceX» компаниясының Starlink технологиясы арқылы кең жолақты интернетке қосылып, интернет жылдамдығы 150 Мб/с дейін артты.

– Быково ауылында тұрып жатқаныма 15 жылдай болды. Біздің ауылымыз орталықтан 50 шақырым қашықтықта жатыр. Интернет істемейді. Былтыр аудан әкімі Ренат Тілеуханұлы халықпен кездескенде осы сұрақты тұрғындар көтерген. Әкім уәде еткендей, антенна құрылғысы орнатылып жатыр. Келесі жылы жабдығы құрылады. Сонымен, ауылда интернет мәселесі шешіледі, – дейді А.Колесниченко.

Қолға алынған жұмыстар Алтай ауданының барлық елді мекендерін жоғары сапалы мобильді кең жо­лақты интернетпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

– Халықтың жайлы өмір сүруі үшін тиісті жұмыстарды барын­ша атқарып жатырмыз. Интер­нет, жол, ауызсу секілді мәселелерден бөлек азаматтарды тұрғын үймен қамту да жолға қойылған. Былтыр «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасын іске асыру аясында 10 тұрғын үй сатып алынса, биыл жалпы ауданы 2 мың шаршы метр­ден асатын 25 жеке тұрғын үй салынып жатыр. Оның 15-і ауданның ауылдарында тұратын кезекте тұрғандарға арналған. Әлбетте, сапасын да бақылап отырмыз, – деді аудан әкімі Р.Құрманбаев.

Ауданда тұрғын үй құрылыс­та­рынан бөлек әлеуметтік нысандар да салынып жатыр. Оқу­шыларды жайлы білім беру ортасымен қамтамасыз ету үшін 2023 жылы Жаңа Бұқтыр­ма кентінде 200 орындық мектептің құры­лысы қолға алынған. Октябрь кентінде және Тұрғы­сын ауылында дәрігерлік амбула­то­рия­ның, Феклистовка ауылында медициналық пунктің құры­лыс қарқыны жақсы. Оған қаржы облыстық қазынадан қарас­тырылған. Сонымен қатар бір­қатар әлеуметтік нысан күрделі, ағымдық жөндеу жұмысынан өтті.

Айтқандай, Алтайдың қысы қатты. Апталап тұрып алатын аязымен қоса қалың түсетін қары бар. Аудан басшылығы табиғаттың тосын мінезіне де тыңғылықты дайындалған. Алтай, Серебрянск, Жаңа Бұқтарма және Октябрь елді мекендеріндегі жылыту көздері үшін 26,4 мың тонна көмір жеткізілген. Мамандардың сөзіне сенсек, қор жеткілікті. Болуы ықтимал көктемгі су тас­қынына да сақадай сай.

Жылу демекші, «Алтай қаласының Жылу-су орталығы» кәсіпорнында қазіргі таңда 14 жұмыс мамандықтары бойынша лауазымдарға 40 жұмысшы қажет. Орташа жалақы – 102 мыңнан 340 мың теңгеге дейін. Жалпы, Өңірлік жұмыспен қамту картасы аясында 1 934 жұмыс орны құрылды. Электрондық еңбек биржасында барлығы 200-ден аса бос жұмыс орны тіркелген.

Байқап отырсақ, жыл көлемін­де атқарылған шаруа аз емес. Біз де бірқатар ауылды аралап, халықпен тілдестік. Басым көпші­лік аудан әкімінің жұмысын қол­дап, қуаттап отыр. Әкімді ха­лық сайлауы керек деген пікірді де жиі естідік. Демек, енгізілген пилот­тық жоба жұрттың көңілі­нен шығып жатыр.

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Алтай ауданы