Мирас • 09 Қараша, 2024

Адай жылқысы: патент иесі кім?

171 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Алматы зооветеринарлық институтын бітіріп, туған жерім Маңғыстау облысына келіп, қызметке ара­ласқаннан бастап алдыма қойған мақсатым – ата-баба­мыздан аманат-мұраға қалған Адай жылқысына асыл тұқым мәртебесін алу болды. Осы мақсатыма қол жеткізуді көз­деп ғылыммен айналысып, еліміздегі ғылыми-зерттеу инс­ти­туттарымен тығыз байланыс орнатып, жүйелі жұ­мыс жүргіздім. Бұл нәтижесіз болған жоқ, жылқымыздың өнім­дік ба­ғытына қарай сипаттамалары әзірленіп, жаңа мем­ле­кет­тік стандарты қабылданды. Бірнеше селекциялық жетіс­тік пен жаңа технологияны өндіріске енгізіп, патент алдым.

Адай жылқысы: патент иесі кім?

Бірақ біз, яғни жылқы­шы­лар, зоотехниктер, зооинже­нер­лер, ғалымдар қанша тырыс­қанымызбен Адай жылқысын дербес тұқым деп рәсімдей алмадық, ол тек «Қазақы жыл­қы­ның Адай тұқымдық тобы» деген атаумен жазылып, айтылып жүрді. 2022 жылы бір топ маман мен ғалым Маңғыстау облысынан сайланған Сенат депутаты Бекбол Орынбасаровпен Адай жыл­қы­сын дербес тұқым деп рәсімдеу мәселесін талқылаған едік. Соның нәтижесінде сенатор Мемлекет басшы­сына хат жолдаған болатын. Депутат­тың ұсынысы қолдау тауып, Қазақстан Президенті 2022 жылғы 7 қарашада Маңғыстау облысы жұртшылығы­мен кездесу кезінде ел үкіметі мен облыс әкіміне Адай жылқысын дара тұқым деп рәсімдеуді тапсырды.

Сол күні Президенттің өз қолынан «Парасат» орденін алдым. Әрине, көп жылғы еңбегімнің бағаланғанына қуандым. Мемлекет басшысының Адай жылқысы туралы шешімін естіп, халқымыздың талайғы арманы орындалатын болды ғой деп ерекше қуанышқа бөлендім.

Содан бастап, Президен­тіміздің тапсырмасын сапалы және мерзімінде, қаржы жұмсамай орындау жолдары тура­лы ұсынысымды дайындап, лауазымды да құзыретті де жауапты адамдармен кездесе бастадым. Бірақ менің берген ұсыныстарым ескерілмеді. Өйткені бұл маңыз­ды тапсырманың орындалуына Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндірісі ғылыми зерттеу институты белсенді түрде араласып, Адай жылқысын дербес тұқым ретінде тану рәсімін ұйымдастыруға «019» бюджеттік бағдарлама бойынша сомасы 50 миллион теңгелік инновациялық жобаға конкурс жариялады. Бұл байқауда сол инс­ти­туттың ғалымдары жеңіске жетті.

Бұл арада Үкімет те, облыс әкімі де кінәлі деп ойламаймын, олар қаржы бөлді. Бәрін бүлдірген аталған институт деп санаймын. Адай жылқысын апробациялайтын мемлекеттік комиссия Ақтау қаласына былтыр 12 желтоқсанда кешке ұшып келіп, 19 желтоқсан күні кері ұшып кетуін жоспарлап, ұйымдастырған осы институт екен. Комиссияның мақсатын анықтау кезінде түсініксіз жағдай болыпты. Сондықтан бекітілген құрамның екі мүшесі апробацияға қатысудан бас тартқан. Сосын бұл кезде боран соғып, жолдар жабылып жатқан кез еді. Маңғыстау жағдайында 5-6 селекциялық жетістікті 5-6 күнде бірден сынақтан өткізіп, апробациялау ешкімнің миына қонатын шаруа емес. Себебі жаздың жайма-шуақ уақытында қойдың өзінен 1 селекциялық жетістікті апробациялауға бару-келуімен кем дегенде 4-5 күн уақыт кететін.

Осындай күмәнді әрекет­терден кейін, былтыр желтоқсан айында Адай жылқысы ресми түрде жаңадан шыға­рылған асыл тұқымды мал ретінде тіркеліп, патент берілді, ал оның құрамдық бөлімдеріне ­5 патент берілді.

Адай жылқысы тұқымына берілген бас патентте:

 – «Асыл тұқымды «Адай» жылқысы» атаулы заңды тұлға­лар және жеке кәсіп­керлер бірлес­тігінің қауымдастығы;

 – «Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндірісі ғылыми зерттеу институты» атаулы жауапкершілігі шектелген серіктестігі;

 – Қазақстанның 20 азаматы;

 – Ресейдің 1 азаматы авторлар ретінде жазылған.

Тұқым авторларының, оның құрамдық құраушы бірліктерінің тізімдерінде әлдеқашан мар­құм болып кеткен 6 кісі, тіпті өмірінде Маңғыстауға аяқ бас­па­ған адамдар және жылқыға қа­тысы жоқ тұлғалар бар. Бұл ті­зімге бұрынғы патенттелген селекциялық жетістіктердің авторлары, Адай жылқысы туралы монография жазған автор енбей қалған. Басты патентте марқұмдардан кейін бірінші болып менің аты-жөнімді тіркепті. Мұны «авторлыққа қарсы болып жүрген Күзембай өзі автор болып алыпты» деп, менің аузымды жапқылары келген ғой деп түсіну керек.

Аталған институттың бас директоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Айбын Төреханның биыл 1 ақпанда «Egemen Qazaqstan»-да «Адай жылқысы – халықтық селекцияның үздік жетістігі» атты мақаласы жарияланды. Ғалымдардың пікірінше, «мақаланың мәні тақырыпқа сай емес, онда мақала­ның ­авторы геномдық анализдер негізін­де «жаңа «Адай жылқысы» тұқымы шығарылды» деген шүбәлі нәтижені жарияланымның тақырыбын жамылып жұртшылықты алдаусыратпақшы болғандығы көрініп тұр» дейді. Біздіңше, профес­сордың бұл тұжырымы – ғылыми негізсіз. Олай дейтінім, менің «геномдық» мәселеден де аздап хабарым бар. Атап айтсам, сонау 1980 жылдары Мәскеудегі Жалпы генетика институтында тәжірибе алып, «маркерлік гендер» және олардың малдың өнімділігі мен өнім сапасын, шығу тегін анықтаудағы рөлі туралы біраз ғылыми-ізденіс жұмыстарын жүргізіп, диссертацияма енгізгенмін. Сон­дық­тан бұрын шығарылған жылқы тұқы­мының «геномдық» құрамын зерттеп, соның негізінде жаңа тұқым шығарылды деу дұрыс емес екенін білемін.

Қысқасы, Президент тапсырмасы дұрыс орындалмады деп есептеймін, өйткені ол Адай жылқысын дербес тұқым деп рәсімдеуді ғана тапсырды, жаңа тұқым шығар деген жоқ! Қаржыда жаңа тұқым шығаруға емес, бар тұқымды рәсімдеуге бөлінді, яғни қаражат басқа мақсатқа пайдаланылды. Оның үстіне, халықтық селекция әдісімен ықылым замандарда қалыптасқан Адай жылқысының авторы қылып осы кездегі ғалымдарды атап, бүкіл әлем жұртының алдында ұятқа қалдық. Бұл туралы фейсбукте, инстаграмда есімдері елімізге, шетелдерде белгілі ғалымдар пікірлерін жазып жатыр. Олар Адай жылқысын қазіргі тірі пенделер селекциялап дүниеге әкелген жоқ. Ол – ата-бабамыздың еңбегінің тарихи жемісі, мұрасы, халықтың меншігі екені және оған автор атануға ешкімнің құқының жоқтығын айтқан. Бұл ретте аталған институттың басшылығы мен қызметкерлері ғылымдағы әріптестерінің, қоғамның пікірін ескеріп, ақылға келіп, өздігінен қателіктерін түзетер деп ойлап едім. Міне, жылға жақындап қалды олардың тарапынан ешқандай іс-қимыл көрмедік.

Ал Адай жылқысы ел арасындағы жыл­қышылардың әупіріммен саны мен сапасын сақтап, жергілікті атбегілердің білімділігімен асылдығын жоғалтпай қазіргі заманға жетті. Яғни осы тұқымның авторы – қазақ ұлты, қазақ халқы! Бірақ аталған патенттерге қарасақ, олай емес. Өйткені жеме-жемге келгенде құжаттар сөйлейді ғой. Мысалы, егер біреу Адай жылқысы қазақтар бағзы заманда ха­лықтық селекциямен шығарған көне тұқым десе, қарсыластары «бұл тұқымды жекелеген адамдар 2023 жылы шығарған және оны шығаруға басқа ұлттардың, мемлекеттердің өкілдері де қатысқан» деген құжаттарды көрсетуі ғажап емес. Патент – жылқының паспорты, ал онда жазылған авторлар – сол тұқымды шығарған адамдар. Бұл – авторлардың рұқсатынсыз «Адай жылқысын» пайдалана алмайсың деген сөз. Яғни бұл – қазақ халқының мұрасы мен құқығы тек патентте көрсетілген жеке адамдарға өтіп кеткенін білдіреді. Сондықтан әділдігіне келсек те, Адай жылқысына берілген бас патентте «халықтық селекциямен шығарылған асыл тұқымды Адай жылқысы» деген ғана жазу болуы керек. Мұндай тәжірибе әлемнің көпте­ген елінде бар. Олар көнеден келе жат­қан асыл тұқымды малдарын халықтық сұрып­­таумен шығарылған деп рәсімдеп қойған. Осылай мәселені түпкілікті шешпесек, «дәндеген қарсақ құлағымен ін қазады» деген, ертең біреуі ұлтымыздың төрт түлігіне, біреуі жеті қазынасына ­автор болмасына кім кепіл?

Бұндай қауіп-қатерлерді жою үшін және Адай жылқысына байланысты орын алған келеңсіздіктерді бұдан былай болдырмау үшін, Астанадағы зооинженер әріптесіміз Болат Кенішбаев Әділет министрлігі жанынан басқа заңды және жеке тұлғалардан тәуелсіз деген ерекше мәртебесі бар «Қазақстанның ұлттық құндылықтары» атаулы респуб­ликалық мемлекеттік мекемені тез арада құру керек деген ұсынысын құзырлы органдарға жолдапты.

Онда, Болат Рақымұлы: «Қазақ халқы­ның барлық ұлттық құндылықтары осы мекеменің атына тіркеліп, осы мекемеге патенттер берілсін, осы мекеме ұлттық құндылықтар авторы болсын. Бұндай мекемені құруға, оны дамытуға көп қаржы кетпейді, ол келе-келе авторлық құқықты пайдаланудан түсетін ақша арқылы өзін-өзі қаржыландыратын ұйым болады. Осы мекеме арқылы қазақ халқының барлық ұлттық құндылығын жылдам патенттеп алуға жол ашылар еді. Жаңадан ашылатын мекеменің арқасында қазір басқа елдер иемденгісі келіп жүрген қымыз, саумал, шұбат, құрт, домбыра, қобыз, халықтық жыр-дастандар, ән-күйлер мен салт-дәстүрлер, ғылыми және шығармашылық туындыларға, «Жеті ата» ғылымына, «Шежіре» ғылымына, елімізде табылған «Алтын адамдар» мен тарихи жәдігерлерге, тағы басқа да заттар мен құбылыстарға қазақ ұлты мен халқы автор­ болады. Ұлттық құндылықтар – келер ұрпаққа ресми түрде мұра. Ал қазіргі кезде халқымыздың ұлттық құндылықтары талан-таражға түсіп жатыр. Оларға ие болып, атақ-даңққа бөленгісі келетіндердің қарасы өте көп. Ата-баба еңбегін иемдену арқылы абыройсыз даңқ жарысына түскендерді жоғарыда айтылған мекемені құру арқылы тоқтатуға болатынына сенімдімін», деп жазыпты.

Иә, мұндай мекеме құрылса, оның еліміздің ежелгі тарихын түгендеуге, жаңа тарихын жасауға, жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеуге ықпалы зор болар еді. Ұрпақ үшін айтсақ, қазақтың жабайы жылқыны дүниеде алғаш қолға үйреткенін әлем ғылымы дәлелдеді. Халқымыз ежелден жабайы жылқыны қолға үйреткеннен соң көптеген асыл тұқымын халықтық сұрыптау әдісімен шығарған. Қазіргі жер жүзіндегі асыл тұқымды жылқылардың барлығы сол байырғы дала жылқылары тұқымын дамыту арқылы сұрыпталып шығарылған деп есептеледі. Сол асыл тұқымды жыл­қы түрлерінен қазіргі Адай жылқы­сы­ның, Найман жылқысының, Жабы жылқысының тұқымы ғана сақталып қалған. Бұл жылқылар кеңес заманындағы ғылымдағы теріс саясаттың кесірінен ресми түрде асыл тұқымды жылқылар қатарына енбеді. Аталған тұқымдардың ішіндегі «Адай жылқысы халықаралық аренада өзін жақсы танытты деуге толық негіз бар. Бұл қазақ халқы мен мемлекетіміздің бағзыдан келе жатқан асыл тұқымды жыл­қылары бар екенін де дәлелдеді. Сондықтан Адай жылқысын біз селекциялап дүниеге әкелдік» деу – ата-баба аманатына қиянат жасаумен бір есеп. 

 

Күзембай ЕРҒАЛИЕВ,

зооинженер, ауыл шаруашылығы ғылымдарының ­кандидаты