30 Сәуір, 2015

Нұрсұлтан Назарбаев дауысын Нұрсұлтан Назарбаевқа берді

290 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
DSC01123 Семейлік сайлаушылар боз-ала таңнан сайлау учаскелеріне жарыса келді десек артық емес. Таңғы сағат 7-ден бастап қала ішіндегі барлық бағыттағы автобус, бағытты таксилер тұрғындарға тегін қызмет көрсеткендіктен сайлауға белсенділік ерекше болды. Азаматтардың маңызды науқанға қатысу белсенділігін арттыру мақсатында жолаушылар тасымалымен айналысатын кәсіпорындар басшылығы тегін тасымалдайық деген шешімге келген екен. Осылайша олар азаматтардың өз сайлау учаскелеріне еш кедергісіз жетуін қамтамасыз етіп, саяси науқанды ұйымдастыруға үлес қоспақ ниеттерін білдіріп, бұған жергілікті халық риза болды. Көтеріңкі көңіл күйде таңмен таласа сайлау учаскелеріне келгендердің ең алғашықысы №42 мектептің оқушысы, 18 жасқа енді толған Нұрсұлтан Назарбаев болды. Таңғы сағат 7.00-де №164 сайлау учаскесінде дауыс берген Нұрсұлтан Назарбаев бұл өзінің тұңғыш рет дауыс беруі екендігін айтып, қуанышымен бөлісті. – Отбасымызда барлығымыз сайлауға белсене қатысамыз деп кеше нақты шешім қабылдадық, – деді Нұрсұлтан Назарбаев, – анам Күләнда Төкенбаева екеуміз міне, осы себепті сағат таңғы жетіден алғашқы болып сайлау учаскемізге келіп дауыс бердік. Мұнда барлық жағдай жасалған, әуезді ән, үлкенді сыйлап, кішіге ізет көрсету сияқты әдептілікті барлығы сақтауға тырысып жатыр. Әркім өз таңдауын жасауда. Мен, әрине, өзімнің аты-жөнім Нұрсұлтан Назарбаев болғандықтан, бұл сайлаудың халық болашағы үшін маңызды екендігін толығымен ұқтым. Мектептегі ұстаздарым да, әсіресе, дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі Батыр Мырзабековті ерекше атап өтуіме болады, сайлаудың мән-мағынасын біз сияқты жастарға кеңінен түсіндірді. Сондықтан да міне, өздеріңіз байқасаңыз, сайлауға қатысушы 18-19 жастағы жастардың да қатары қалың. Мен өз дауысымды Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа бердім. – Әркім өз қалауынша дауыс беруде, – дейді сенімді өкіл, ардагер-ақсақал Сағындық Бейсенбаев, – №160 сайлау учаскесіне ең алғашқылардың бірі болып «Қазақстан барысы» Айбек Нұғымаров кіріп келгенде, дауыс берушілердің барлығы риза болып, қол соғып, қошеметтеді. Тек ел алдында жүрген танымал, беделді адамдар ғана емес, демалыс үйлерінде, емханаларда, қатынауы қиын елді мекендерде жатқан қарапайым еңбек адамдарын да осы сайлауға атсалысулары үшін ұйымдастыру шараларын тыңғылықты жүргіздік. Барлық мәселе жан-жақты қарастырылған. Сондай-ақ, ауру-сырқаулы, жүріп-тұруы қиын адамдар үшін көшпелі жәшіктер жұмыс істеуде. №160 сайлау учаскесіндегі бірнеше кабиналарда ешқандай іркіліс, кідіріс, бөгет жоқ. Сондай-ақ, біз болған №22 мектепте орналасқан №175 сайлау учаскесінде де сайлаушылардың қатары толастамады. Солардың бірі облыстық Абай атындағы әмбебап кітапхана қызметкері Шолпан Үбіғожақызы сайлауға белсене қатысушылардың бірі ретінде осындағы ұйымшылдыққа риза болды. Ал Семей қаласының әкімі Айбек Кәрімов Семейдегі №260 сайлау учаскесінде өзі қалаған кандидатқа дауыс берді. – Біз үшін Қазақстанның тұрақтылығы мен гүлденуі ең маңызды мәселе. Жылдан-жылға өркендеп келе жатқан еліміздің ертеңгі дамуын қамтамасыз ете алатын кандидатқа дауыс бердім, ол менің азаматтық парызым, – деп қала әкімі өз ойымен бөлісті. Раушан НҰҒМАНБЕКОВА. Семей