Көрмеге қаламгердің ғылыми-танымдық, этнографиялық еңбектері, өлең жинақтары, сатиралық мұрасы, фотосуреттері, көзі тірісінде пайдаланған тұрмыстық бұйымдары қойылған.
Көрменің ашылу рәсіміне мәдениет саласының қызметкерлері, өңір зиялылары, студенттер мен оқушылар, жазушының туыстары қатысты. Іс-шара барысында ақын Серікбай Оспанов, Жазушылар одағының облыстық өкілі Жанұзақ Аязбекұлы сынды Сейіт Кенжеахметұлының көзін көрген кісілер қаламгердің өмірі мен шығармашылығы туралы тағылымды әңгіме айтты. Студенттер жазушының сатиралық шығармаларын оқыды.
«Бұл іс-шара Ыбырай Алтынсариннің мемориалдық музейінде өтіп жатқаны кездейсоқ емес. Өйткені ұлы ағартушы мен Сейіт Кенжеахметұлының арасында рухани сабақтастық бар. Сейіт ағамыз қазақ әдебиеті мен мәдениетіне өлшеусіз еңбек сіңірді. Қаламгер Ыбырай жайында зерттеу мақалалар, көптеген еңбек жазды. Өкінішке қарай, Ыбырай Алтынсарин энциклопедиясын аяқтай алмай кетті. Ол кісі қазақ халқының рухани байлығын, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, мәдениеті мен өнерін, тұрмысы мен тіршілігін терең талдап, жеріне жеткізе зерттеп жазып шықты. «Қазақ халқының салт-дәстүрі», «Жеті қазына», «Ұлттық әдет-ғұрыптың бізге беймәлім 220 түрі» деп аталатын ғылыми-танымдық, этнографиялық еңбектері жұрттың қолына түспейтін қымбат қазынаға айналды, мектеп оқушыларының ұлттық-танымдық оқулықтарының қатарына қосылды. Қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жарық көрген «Қазақ халқының салт-дәстүрлері», «Қазақтың дарқан дастарқаны», «Қазақстан халқының тұрмысы мен мәдениеті» атты көлемді еңбектері әлемнің 37 еліне тарады. Сейіт Кенжеахметұлының ұлттық салт-сана, дәстүрімізді дәріптеп, ел жадын жаңғыртып, жандандыруға қосқан еселі еңбегін халқымыз ешқашан ұмытпақ емес», дейді облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Мэлс Бейбітұлы.
Қостанай облысы