Аталған көрмеге Жамбыл облысы Жуалы ауданы Бауыржан Момышұлы аулының Әлихан Бөкейхан атындағы №15 тірек мектеп-лицейінде түсірілген фотосуреттер қойылған. Жиынға осы білім ошағының директоры Руслан Сайлаубаев та қатысты.
«Біздің мектепте 603 бала екі ауысымда білім алып жатыр. Тірек мектептер желісіне 2023 жылы кірген едік. Соған байланысты материалдық-техникалық базамыз толықтай жаңарып, оқушыларымыз облыстық және республикалық деңгейдегі роботтехника, ғылыми жобалар сайыстарында жүлде ала бастады. Материалдық база жақсарған соң, біз түрлі үйірмелер аштық. Айталық, телестудия, роботтехникасы, қолөнер шебері, драма өнері, домбыра, шахмат, арт студияға байланысты қылқалам шебері үйірмелері жұмыс істеп тұр. Осындай жұмыстардың арқасында ауылдағы мен қаладағы мектептердегі білім сапасының алшақтығы төмендеп келеді. Сол талаптарға сай болғандықтан бүгінгі көрмеге біздің тірек мектеп-лицей таңдалып отыр», деді Р.Сайлаубаев.
«Ауыл мектебі» фотокөрмесі – шалғайдағы білім беру мекемелерінің зияткерлік әлеуетін көпшілікке танытуға, сондай-ақ ауылдағы оқушылардың дамуына жаңа серпін беретін бірегей шығармашылық жоба. Креатив хаб директоры әрі жоба жетекшісі Тоғжан Құрманжанқызының айтуынша, бұл көшпелі көрме ендігі кезекте Түркістан қаласында, сосын Алматыда өтеді.
«Мақсатымыз – қала және ауыл жастарына мәдени-рухани құндылықтарды тең қолжетімді ету. Осы себептен де бізге Білім саласын тұрақты дамыту қорының ауыл мектептерін жандандыру жобасы өте қатты ұнады. Көрменің фотографтары – Әйгерім Бегімбет пен Сәбина Әбдімәлік. Олардың осыған дейін де әлеуметтік-ағартушылық бағыттағы көрмесін ұйымдастырғанбыз. Шығармашылық тобымызбен бірге осы жобаны үш ай зерттеп, зерделеп, жарыққа шығарып отырмыз. Жұмыс барысында ауылдағы білім берудің жаңа дәуірі басталғанын сезіндік. Қаланың озық мектептерінен қалыспайтын, кей тұста озатын мектептер бар екеніне көз жеткіздік. Сондықтан да біз бұл ізгі өзгерістердің өнер туындысына айналғанын, көпшілікке таралғанын қаладық», деді Тоғжан Құрманжанқызы.
Көрме барысында фотосуретшілер шығармашылық ойларын ортаға салып, жобаның бірнеше кейіпкерін таныстырды.
«Шынымды айтсам, мен өзім де ауылда ескі мектепте білім алдым. Біздің ауылда бірде-бір үйірме болған жоқ. Сабақтан кейін тек үй шаруасымен ғана айналыстық. Бізді дамытатын, өсіретін, шығармашылығымызды байытатын еш нәрсе болмады. Бұл жобаға шақырған кезде, әрине, қуандым. Өйткені мен бір жылдары Шымкенттегі Назарбаев зияткерлік мектебінде жұмыс істедім. Ол жақтағы мүмкіндіктерді, балаларға жасалған жағдайды, үйірмелерді, білім сапасын көзіммен көрдім. Содан соң мұндай игіліктер неге бір ғана мектепте болуы керек деген ойға қалдым. Осы көрмеге арқау болған Жуалы ауданындағы білім ошағына барғанда сол НЗМ-ның ауылдағы үлгісін көргендей болдым. Қараңыз, мектепте телестудия бар. Оқушылар өздері ауылдың жаңалықтарын жазады. Камераға өздері түсіреді, өздері монтаждайды, сосын өздері мектептерінде экраннан көрсетеді. Яғни осылай ауыл мектептерінде де жағдай жасауға болатынын паш еткім келді», деді Әйгерім Бегімбет.
Айта кетейік, осынау игілікті фотокөрме «ÓzgeEpic» креатив хабының бастамасымен және Білім саласын тұрақты дамыту қорының қолдауымен жүзеге асты.