Digital • 09 Қараша, 2024

«Цифрлық көшпелілер» және жаһандық тартылыс орталығы

135 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Астанада әлемге әйгілі ғалым, геосаясаткер, футуролог Параг Ханнаның қатысуымен «Геосаяси шиеленіс және климат өзгерістері дәуіріндегі жаңа Жібек жолдары» тақырыбында public talk өтті. Іс-шараны Qalam.global мультимедиялық жобасы Халықаралық қатынастар жөніндегі қазақстандық кеңестің қолдауымен ұйымдастырды.

«Цифрлық көшпелілер» және жаһандық тартылыс орталығы

Кездесу барысында Параг Ханна әлемдік гео­саясат, демография және көші-қон мо­дельдерінің болашағы туралы көзқарасымен бөлісті. Оның айтуынша, қазіргі күні үш аймақтың, атап айтқанда, «Батыс Азия» мен Шығанақ елдері, Оңтүстік-Шығыс Азия және Орталық Азияның арасындағы қарым-қатынас динамикасы ерекше қызығушылық тудырады.

«Бұл – мүмкіндіктер аймақ­тары. Кейінгі жылдары оған кі­ретін мемлекеттердің ара­сын­дағы қарым-қатынас жыл­дам нығайып келеді. Бұл аймақ­ты жаңа Жібек жолы деп атасақ бо­лады, ал әлем халқының ба­сым бөлігі осы үшбұрыштың ішін­де өмір сүреді. Қазақстан ол үшбұрыштың жоғарғы бұры­шында тұр: өздеріңізді дәл осылай позициялауға кеңес берер едім», деп атап өтті ғалым.

Оның айтуынша, қазіргі әлем­де байқалып отырған үлкен көлемдегі миграция – жоғал­майтын үдеріс және бұрын-соң­ды болмаған деңгейде қажет құбылыс. Алдағы онжыл­дықтар­да адамдар әлемнің халқы тығыз орналасқан аймақтарынан жаппай қоныс аударады, ал жан ба­сы саны аз аумақтар, керісін­ше, кө­бейіп, жаңа өркениет ор­талықтарына айналуы мүмкін. Осы тұрғыда Ханна Орталық Азия­ның ерекше әлеуетін атап өтті. Ғалымның айтуынша, Қазақстан мен оның көршілері география тұрғысынан ерекше жерде тұрғаны арқылы ушығып келе жатқан геосаяси шиеленіске қарамастан, әлемдік державалар арасындағы көпір болып, байланыстар мен экономикалық алмасудың дамуына ықпал ете алады.

«Осындай ірі өркениет орта­лықтарының бірі атануға Қазақ­станның әлеуеті жететіні сөзсіз. Ел қазір аймақтағы таланттар үшін магнит болып отыр. Сәй­ке­сінше, Қазақстан бүкіл әлем бойынша жалпы саны 4,5 млрд адамды құрайтын жас талант­тар­ға арналған хаб ретінде өзін көрсете алады», деп мәлімдеді Параг Ханна.

Ғалымның пікірінше, Алматы қаласы қауіпсіз, қаржы тұрғысы­нан қолжетімді және климатқа қо­лайлы өмірлік орын іздеген түрлі елдегі «цифрлық көшпелілердің» жас буыны үшін жаһандық тартылыс орталықтарының біріне айналуы мүмкін. Қаланың климаты, инфрақұрылымы және тұр­ған жері өмір сапасы мен емін-ер­кін жүріп-тұру ортасындағы тепе-теңдікті бағалайтындар үшін ұнамды факторларға айналып келеді.

Ғаламдық өзгерістер мен тұ­рақты даму қажеттілігі тұрғы­сынан Қазақстан шетелдік ті­ке­лей инвестицияларды тарту, кли­маттық тұрақтылық, азық-тү­лік қауіпсіздігі және өнеркәсіп­­тік әлеует сияқты негізгі салаларда жоғары көрсеткіштерге ие. Де­генмен, сарапшының пікірін­­ше, елімізге позициямызды одан әрі нығайту үшін валюталық тұрақтылық пен инновациялар да­муға және әлеуметтік үдеріс пен жалпы тұрақтылықты ілге­рілетуге мән беру қажет. Инфра­құрылымға салынатын инвес­тициялар, ІЖӨ көрсеткіштерін жақ­сарту және экологиялық әрі технологиялық бағыттардағы өсуді қолдау Қазақстанға бәсеке­лестік артықшылықтарын күшей­туге және адами капиталды қоса алғандағы түрлі ресурсты көбі­рек тартуға көмектеседі.

Айта кетсек, Параг Ханна – әлем­ге әйгілі ғалым, футуролог, саясаттанушы, жаһандық өр­кениеттің болашағы туралы бірнеше бестселлердің авторы. Оның жұмыстары қазіргі заманғы үрдістерді терең талдауымен және алдағы онжылдықтарда әлемнің қандай болатыны туралы батыл болжамдарымен ерек­шеленеді. Ханна жаһандану, урбандалу және технологиялық даму саласындағы зерттеулерімен танымал.