17 Маусым, 2015

Инновациялық даму жолы

597 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
100-850Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттігі» АҚ төраға­сы­ның орынбасары Өміржан Тәшімов баспасөз мәслихатын өткізді. Онда мемлекеттің инновацияны қолдау шаралары сөз болды. Мемлекет басшысы халыққа бірінші кезекте индустриялы ел және инновациялық ұлт болып қалыптасу міндетін жүктегелі де төрт-бес жылдың жүзі өтті. Бұл мақсатқа жету үшін көптеген игі шаралар атқарылды. Арнайы агенттік құрылып, өнертапқыштарды жаңа өнер туындысын ойлап тауып, жасап шығаруға ынталандыру жұмыстары қолға алынды. Нәтижесінде, түрлі сала бойынша жаңа өнертапқыштар шығып, инновациялық еңбектерін ұсына бастады. Баспасөз мәслихатында осы бағытта атқарылған жұмыстар әңгіме өзегіне айналды. Қазіргі таңда Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агент­тік елді индустрияландыру бағдар­ламасының екінші бесжыл­ды­ғы­ның аясында инновациялық даму ісін барынша күшейтуді көздеп отыр екен. «Бүгінгі күнде агенттік алдына екі мақсатты нақты қойып отыр. Оның бірі – Мемлекет басшы­сының тапсырмасы бойынша дәстүрлі өндіріс орындарында ескір­ген технологиялардың санын мүм­кіндігінше азайта беру. Бұл негі­зінен, металлургия, геоло­гия, ауыл шаруа­шылығы саласын­дағы кәсіп­орындардың бұйым­дарына қатысты. Екінші кезекте индус­трияландырудың екінші бесжыл­дығының аясында жаңа салаларды дамыту шарасы тұр. Қазіргі таңда автоматтандыру мен инжиниринг, сондай-ақ жұмыс техникасын жетілдіру және жаңарту істері жөніндегі тапсырмалар орындалып жатыр», деді төраға орынбасары. Спикердің сөзіне қарағанда, саладағы грант бөлу және инноваторларды ынталандыру шаралары әбден пысықталып болған. Бұл істе оларға Инвестициялар және даму министрлігі мен «Бәй­терек» ұлттық басқарушы хол­дингі қолдау білдіріп отыр екен. Осыған орай инновацияны дамытып, қол­данысқа енгізуге қатысты тиісті заңға өзгертулер енгізіліп, бірқатар тұстары жетілдірілген көрінеді. «Саланы дамытуға арнап жасалған бағдарлама бойынша гранттарды қаржыландыру ісі жақсарып, инновациялық жобаларды жүзеге асыруға аударылатын ақша көлемі еселеп артты», деді Ө.Тәшімов. Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ, «Егемен Қазақстан».