Фото: Видеодан алынған кадр
Бас прокуратураның хабарлауынша, күдікті 2023 жылдың тамыз айында Павлодар қаласында біреудің мүлкін зорлық-зомбылық арқылы иемдену мақсатында осы қылмысты жасау үшін танысымен қылмыстық келісімге келген. Жоспарларын жүзеге асыру үшін күдіктілер түнгі уақытты пайдаланып, мас күйінде бұрын таныс болған жәбірленушіні қараңғы жерге апарып, есінен танып қалғанша ұрып-соғып, 200 мың теңге мөлшердегі мүлкін жымқырған.
«Дене жарақаттары салдарынан жәбірленушінің денсаулығына ауырлығы орташа зиян келтірілген. Сыбайластардың бірі бұған дейін 5 жылға бас бостандығынан айырылған, ал екінші айыпталушы қашып кеткен, сол себепті ол халықаралық іздеуге жарияланған. Осы жылдың сәуір айында ол Ресей Федерациясының Түмен қаласының аумағында ұсталды, содан кейін Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының сұрауы бойынша Қазақстанға экстрадицияланды», делінген хабарламада.
Қазір таңда күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалған. Оған тағылған қылмысты жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.