Президент Н.Ә.Назарбаев «Мәдени мұра» бағдарламасын іске асыру жөніндегі мәжілісте сөйлеген сөзінде «Мәдениет әлеуметтік фактор болғандықтан, қоғамды алға жетелейтін қозғаушы күш болып табылады. Мәдениет дамыса, қоғам да алға жылжиды», деп атап көрсетті. Мұның өзі мәдениеттің мәңгілік екендігін және оның үнемі даму үстінде көркейетіндігін білдіреді. Бұл орайда елімізде елеулі қадамдар жасалып жатыр.
Мәдениет және спорт министрлігі әзірлеген Мәдени саясат тұжырымдамасы Елбасының 2014 жылғы 4 қарашадағы Жарлығымен бекітілді. Бұл оқиға еліміздің мәдени саласына үлкен серпіліс әкеліп, жаңа ағымға қозғау салды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2013 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында айрықша басымдық берілген «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы осы Тұжырымдаманың әзірленуінің негізіне, ал, «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы жаңа мәдени саясаттың стратегиялық басымдығына айналды. Сондай-ақ, ол Елбасының «Қазақстан жолы-2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ», «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауларында көрсетілген міндеттермен өзектес өрбиді.
Мәдениет ұлттық идеологияның берік құралы, сондықтан Тұғырнаманың отандық мәдениетті дамытудағы маңызы зор. Қуатты құжаттың басты мақсаты – көп ұлтты мемлекеттің мәдени кеңістігін дамыту, бәсекеге қабілетті мәдени ділін қалыптастыру, заманауи мәдени кластерлер құру болып табылады.
Осыған байланысты, Ш.Құсайынов атындағы қазақ музыкалық драма театрында облыстың аудандары мен қалаларының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдері басшыларының, музейлер мен кітапханалардың, мәдениет үйлері қызметкерлерінің, шығармашылық интеллигенция өкілдерінің қатысуымен пікірталас түрінде Қазақстан Республикасының Мәдени саясат тұғырнамасы талқыланды.
Ақмола облысы әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов мәжілістегі кіріспе сөзінде: «Ұзақ мерзімді Мәдени саясат тұғырнамасы біздің елде алғаш рет әзірленіп отыр. Онда белгіленген міндеттер мәдениет ұйымдарын экономикалық тұрғыдан табысты деңгейге шығаруға және көптеген жобаларды іске асыруға мүмкіндік береді. Бүгінгі күні мәдениет пен мәдени әлеуетті дамыту әлем халқы мен мемлекеттерінің маңызды даму басымдықтарының қатарына кіреді. Мәдениеттің даму деңгейі, ұлттық және әлемдік мәдени мұраны сақтап қалу мен байытуды, сапалы мәдени құндылықтардың жасалуын, таратылуы мен қолданылуын, жемісті мәдени алмасу мен тұлғаның рухани-шығармашылық тұрғыдан өзін-өзі көрсетуін қамтамасыз ететін, тиімді жұмыс істейтін мәдени институттар инфрақұрылымы мен тетіктерінің болуы табыстың аса маңызды негіздері саналады. Ақмола облысы тарихи-мәдени мұраға өте бай. Өлкеміз Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Біржан сал сияқты атақты тумалармен белгілі. Бүгінгі қалыптасқан игі үрдістер де рухани құндылықтарды жетілдіруде өзіндік орын алатындығы сөзсіз», – деп атап көрсетті.
Қойылған міндеттердің салмақтылығына екпін түсіре баяндама жасаған облыстық мәдениет басқармасының басшысы Сәуле Бөрібаева өңір барлық меншік түрі бойынша мәдениет нысандарының саны бойынша үшінші орынды иеленетіндігін мүмкіндіктің молдығымен байланыстырды. Ақмола облысы елеулі кадрлық, шығармашылық әлеуетке, көркем табиғатқа, бай тарихи-мәдени, музыкалық мұраға, жетілдірілген инфрақұрылымға ие өлке. Бізде барлық этностардың мәдениетін, тілі мен дәстүрлерін дамытуға мүмкіндік жасалған.
Мәдениет мекемелерінің әлеуетіне қатысты пікірлерін сабақтай келіп Сәуле Бөкейханқызы қазіргі таңда облыста екі театр, филармония, 150 мыңнан астам құнды жәдігерге ие 11 музей, 278 клуб, 382 кітапхана, басқа да мекемелер жұмыс істейтіндігін атап өтті. «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында 1594 тарихи және мәдени ескерткіш мемлекеттік қорғау тізіміне алынған. Өңірдің 10 ауданында ғалым-археологтар танымдық зерттеулер жүргізуде. Мәселен, Зеренді ауданында ғана айрықша назардағы 150 нысан барлығы айтылды. Сондай-ақ, соңғы жылдары жетпістен астам жаңа мемориалдық кешендер салынып отыр. Бүгінгі күні ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне қатысушылар назарына 6 туристік маршрут ұсыну жөнінде жұмыстар жүріп жатқаны белгілі болды.
Тұғырнаманың қабылдануы міндеттердің еселенгендігін білдіреді. Бұл орайда өзекті мәселелер бой көрсетті. Мәселен, ауылдық жерлерде мәдениет ошақтары әлі де тапшы, саланың материалдық-техникалық тұрғыдан қамтамасыз етілуінде шешілмеген жағдайлар баршылық. Олар кезең-кезеңімен жөнделеді дегеннің өзінде, бұл азаматтардың рухани құндылықтардан шектелуіне негіз бола алмайды. Қолжетімділік аясын кеңіту үшін ведомство басшысы жергілікті басшылардың мемлекеттік-жекеменшіктік әріптестік қозғалысын жандандыруға шақырып, жұмыстың көшпелі әдісін қолдануға ұсыныс жасады. Бұған қоса, облыстың бетке ұстар кәсіби театрларымен, филармониямен, айтулы өнер ұжымдарымен, білім ошақтарымен келісімшарттар жасау мәселесі де көңілге қонымды деп білдік. Ал, кадр жетіспеушілігін қолданыстағы «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының баяндылығымен шешуге болар еді. Сондай-ақ, басқарманың Тұғырнама талаптарын іске асыруда арнайы сарапшылар кеңесін, инновациялық қор құрып отырғаны мақұлданды.
Осы ретте, биылғы Қазақ хандығының 550 жылдығы, Жеңістің 70, Қазақстан халқы Ассамблеясының және Ата Заңымыздың 20 жылдығы, Кеңес Одағының Батыры, академик, жазушы Мәлік Ғабдуллин мен әйгілі қаламгер Ілияс Есенберлиннің 100 жылдықтарына арналған шаралар бұқаралық, жалпыхалықтық сипат алып, тұрақтылық пен этносаралық үйлесімділіктің жаршысына, қоғамдық бірлік пен тұтастықтың қазақстандық моделіне айналуы қажеттігі туралы пікірлер әр жүрекке шуақ шашқандай болды. Басқарма аталған оқиғалар тізбесіне қатысты тақырыптық көрмелер ұйымдастырғаны да атап өтуге тұрарлық. Дәл осы тұста «Алға, Қазақстан!» әнінің авторы Құмарбек Қалқатаевтың сөз сөйлеуі мәжіліс мәнін аша түскендей болды.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан».
Ақмола облысы.
Суретті түсірген
Төлеген Қосшығұлов.