Қоғам • 11 Қараша, 2024

Бедеулік мәселесін көтерген Конгресс рекордтық көрсеткішке қол жеткізді

83 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматыда көкейкесті сипатқа ие болған оқиғаның бірі – Қазақстан репродуктивті медицинасы XVI Халықаралық конгресі өтті, деп хабарлайды Egemen.kz

Бедеулік мәселесін көтерген Конгресс рекордтық көрсеткішке қол жеткізді

Кезекті конгресс қатысушылар саны жағынан рекордық көрсеткішке жетті, дейді сарапшылар. 23 елден келген  700-ден астам делегат конференция залынан табылып, 5 мыңнан астам адам онлайн-режимде қатысты. 19 елдің сарапшылары баяндама жасап, осы саланың белді мамандары Қазақстандағы әріптестерімен бірге бедеулікті емдеу әдістері мен қолжетімділігін талқылап, озық тәжірибелер мен соңғы ғылыми жетістіктерді ортаға салды.

Конгресс жұмысына еліміздің жетекші ғылыми және клиникалық орталықтарының басшылары, акушер-гинеколог дәрігерлер, ЭҚҰ орталықтарының өкілдері, бедеулікті емдейтін андрологтар, эндокринологтар, эмбриологтар, хирургтар, генетиктер мен молекулалық биологтар – Қазақстан, Грузия, Ресей, Беларусь, Өзбекстан, Қырғызстанның, АҚШ, Сербия, Израиль, Италия, Германия, Түркия мен Румынияның жетекші мамандары қатысты.

Іс-шараны Қазақстан Репродуктивті медицина қауымдастығы Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен ұйымдастырды. Қазақстан Репродуктивті медицина қауымдастығы (КАРМ) 2008 жылы 2 қазанда ТМД мен Еуропа елдеріндегі қауымдастықтарының үлгісімен құрылған еді. Акушер-гинекологтар, андрологтар, эмбриологтар, генетиктер, психологтар мен бедеулік мәселесімен айналысатын мамандарды біріктіріп отырған КАРМ – Адам репродукциясы жөніндегі Еуропалық консорциумның қауымдастырылған мүшесі.

Биылғы Конгресс аясында ҚРТ эмбриологиясының өзекті мәселелері, акушерлік және гинекология бойынша Қазақстан, Израиль, Португалия, Италия, Ресей, Беларусь, Жапония, Грузия және Үндістан мамандарының қатысуымен шеберлік сыныптары өткізілді.

Белең алып тұрған бедеулік  мәселесін шешу еліміздегі демографиялық жағдайын дұрыстап, түрлі себептермен бала сүйе алмай жүрген жұптардың келешегіне игі ықпал етеді.

Ал заманауи диагностика әдістері бедеуліктің негізгі себептерін нақты анықтап, тиімді емдом жүргізуге жол ашып отыр. Бедеуліктің шамамен 40%-ы ерлердің репродуктивтік жүйесінің патологиясымен байланысты болса, 30%-ында аралас бедеулік (ерлер және әйелдер бедеулігі) байқалады.

КАРМ президенті, ҚР ҰҒА академигі, медицина ғылымдарының докторы Вячеслав Локшиннің айтуынша, ерлер мен әйелдердің репродуктивтік денсаулық мәселесі бұрынғыдан да өзекті бола түскен. Профессор В.Локшин Қазақстанда бедеулік пен репродуктивтік жүйенің басқа да кеселдері жиілеп, төмендемей отырғанын айтады.

«Алғашқы жылдары түсік жасату саны айтарлықтай төмендегенімен, қазіргі таңда бұл көрсеткіш тұрақты және көпшілік контрацепцияны аса тиісті қолдана бермейді. Сондықтан бедеулік деңгейі 16-17% деңгейінде сақталып тұр. Ерлер бедеулігі, әйелдер бедеулігінің себептері арасында жыныстық жолмен берілетін инфекциялардан болатын қабыну аурулары, түсіктер мен басқа да факторлар бар», дейді Вячеслав Локшин.

Профессор репродуктивтік жүйенің бұзылуын болдырмау мәселелерінің маңыздылығын атап өтті. Жыныстық әдепті сақтау, ерте диагноз қою, отбасын дұрыс жоспарлау, антивирус гормонын тексеру қажеттігін алға тартып отыр.