Өнер • 12 Қараша, 2024

Суретші сөйлеген күн

46 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақ ұлттық өнер универ­ситетінде Мемлекеттік сый­лық­тың лауреаты, суретші Сем­бі­ғали Смағұловтың «Күр­делі көпфигуралы композиция тұтастығын құру тәсілі» ат­ты шеберлік сағаты өтті. Суретшінің шығармашылық дәрі­сіне студенттер мен қылқалам шебер­лері қатысты.

Суретші сөйлеген күн

Шеберлік сағатында автор бірнеше картинасын таныс­тырды. Сондай-ақ ортада Бозоқ қалашығына арналған компози­ция­сымен жұмыс істеді. Әр детальдің орнын көрсетіп, салыну техникасымен бөлісті. Толық композицияда көріне бер­мейтін суретшілік айла-тәсілдерін айтты.

«Мұндай шеберлік сағаттарын ұйым­дастыру осы саладағы мамандарға, бо­лашақ суретшілерге өте пайдалы. Бейнелеу өнеріндегі ең бірінші құндылық – композиция. Яғни үйлестіру, бір элемент пен бір элементті ұйқастыру. Композиторлар бір нота мен бір нотаны үйлестіріп, таңғажайып туынды шығарып жатады. Сол сияқты бейнелеу өнерінде де композициялардың өзара үндесіп, түрлі детальдар ішінара жымдасып тұрса ғана нағыз көркем картина туады. Біз кәсіби мамандарды дайындап жатқаннан кейін қаншама жылдық тәжірибеммен бөлісу, суретшілік сырларымды ашып, образ жасаудағы құпияларыммен бөлісуді ұстаздық парыз санаймын. Өнер адамдарының мақ­сатының бірі – ұлтқа қызмет. Абай­дың «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» дегеніндей, бұл ше­берлік сағаты шәкірттеріме жасаған есебім мен тәжірибем. Студенттер шығармашылық көңіл күйден шыға алмай, үлкен толқыныспен тарап жатыр», дейді Сембіғали Смағұлов.

Айта кетейік, суретші биылдыққа мұндай шеберлік сағаттарын үшінші рет өткізіп отыр. Бұған дейін Атырауда, Астанада Л.Н.Гумилев университетінде болып, шығармашылық дәріс оқыған.

Шеберлік сағатының соңында қатысу­шылар түрлі сұрақтар қойып, пікір алмас­тырды. Композициядағы әр сызық­тың, әр нүктенің мән-маңызын, басқа детальдармен байланысын талқылады.

«Ал мынау ортада жұмыс істеген композицияны Бозоқ қаласына арнадым. Жалпы, бұл қалашықтың тарихи маңызы зор. Сол заманның кескін-келбетіне бойлап, композициялық үйлесімде беру өзіме қызық болды. Көп уақыттан бері толғанып жүрмін. Бұл жұмысым жарыққа шыққан жоқ, бүгін арнайы елдің алдына ұсынып отырмын. Адам ешқашан толық кемелденбейді ғой. Дегенмен алпыстың асуына келіп жатқан тұста қаншама жылдық тәжірибемнің есебі сынды болды», дейді суретші.